АРМАН БЕРІКҚАЛИҰЛЫ: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ КӘСІПКЕРЛЕР ДЕ ҮЛЕС ҚОСУЫ ТИІС
АРМАН БЕРІКҚАЛИҰЛЫ: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ КӘСІПКЕРЛЕР ДЕ ҮЛЕС ҚОСУЫ ТИІС
Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы көршілес болғасын тараптар арасында алыс-беріс пен барыс-келіс жыл өткен сайын артып келеді. Екі ел арасындағы алтын көпір болып отырған сауда-саттық жүйесі ежелгі Жібек жолының бір бөлігін қайта жаңғыртқандай. Оған дәлел өткен 2017 жылғы сауда айналымы 18 миллиард долларға жетті. Жоспар бойынша 2020 жылы бұл көрсеткіш 40 миллиард доллар болуы тиіс. Соңғы жылдары Қазақстан кәсіпкерлері Қытайдан тікелей тауар алдыруға дендеп кірісіп келеді. Олардың арасында өз өнімдерін сол мемлекетке біртіндеп шығарып жатқандар да бар. Осы орайда Қытай өндіріс орындарына барып, тәжірибесі мен көрген-түйгенін бөлісіп жүрген жандар жетерлік. Қазақ азаматтарына Жібек жолын жаңғырту курсын оқытып, қазақ-қытай сауда айналымының құпияларымен бөлісіп жүрген Арман Берікқалиұлымен қазақ өндірісінің болашағы жайлы аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Арман мырза, біршама уақыттан бері жұртқа қазақ-қытай арасындағы сауда-саттықтың қыр-сырын үйретіп жүрсіз. Сондықтан да әңгімемізді Қытай өндіріс орындарынан бастасақ. Көршіміздің қазіргі өндіріс қуаттылығы қай деңгейде?
– Қытайдың 9 миллион халқы бар бір ғана Сиань қаласында 400-ден астам кәсіпорын бар. Жалпы, Қытайда соңғы 50 жылда 370 мың жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындар салыныпты. Осыдан-ақ олардың өндірісінің қаншалықты қуаттылығын байқауға болады. Әріптестерімізбен бірге іссапарға жиі шығамыз. Қытайды зерттеу үшін 4-5 қаласына барып қайттық. Қалалар түгелімен өндіріс ошақтарына толы. Екі қаланың арасында бос жатқан жер жоқ. Шамамен жергілікті халықтың 60-70 пайызы сол мекемелерде жұмыс істейді. Бір айта кетерлігі, әр аймақ белгілі бір өнімді шығарады. 100 өндіріс орны қатар орналасса да бәсекелестік деген жоқ. Ол сұраныстың жоғарылығымен түсіндіріледі. Өйткені дүниежүзінің 90 пайызына тауар экспорттайтын бірден-бір ел дәл осы Қытай халық республикасы екен. Біз ел экономикасының негізгі күші ауыр өнеркәсіп деп ойлауымыз мүмкін. Шын мәнінде елдегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі жалпы өнімнің төрттен бір пайызын құрайды. Оның ішінде тоқыма және тамақ өнеркәсібі жетекші болып табылады. Қытайлықтар қол күшін өте жоғары бағалайды. АҚШ небәрі 24 сағатта 100 қабаттық бір тұрғын үй салса, қытай дәл сондай 10 үйді тұрғызады екен. Соның бәрін көзбен көргесін ерекше шабыт аласың, елге келіп қытайдан үйренемін, сауда жасаймын, өндіріс ашамын деген жандарға жол нұсқап жүрміз. Сондағы түпкі мақсат ‒ жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын Қазақ-станды әлемдік сауда ошағына айналдыру. Біздің табиғат сыйға тартқан қазба байлықтарымыз да, мыңдап, тіпті, жүз мыңдап өндіріс ошақтарын саламыз десек жеріміз де жетеді. Ендігі бар қалғаны ерінбей еңбек ету ғана.
– Сөзіңіз орынды, әрине. Дегенмен материалдық құндылықтар алға шыққан заманда қаржы мәселесін шетке ысырып кете алмаймыз. Ашып айтыңызшы, бұл саудада кім ұтып, кім ұтылып жатыр?
– Қытай тауарын елге алып келу арқылы, өз қаржымызды сыртқа жіберіп жатырмыз дейтін азаматтар мен азаматшалар көп. Сондықтан әріректен бастасам деймін. Осыдан бірнеше жыл бұрын қосымша табыс табу үшін кәсіп ашқым келді. Содан саудамен айналысайын десем де, қызмет көрсетейін десем де, өндіріс ашайын десем де Қытай еліне бір айналып соғып отырдым. Қажетті заманауи технологиялардың бәрі сол жақтан келетін болғасын бармаймын десең де барасың, көрмеймін десең де көреді екенсің. Қазір күллі әлемде қытай тауарының билігі жүріп тұр. Бір белгілісі қытай тауарлары аса қымбат емес. Оны қымбаттатып жатқан ортадағы делдалдар. Бір ғана мысал айтайын, осы жазда байқаған болсаңыз қала көшелерінде электронды самокаттар көп жүрді. Қазақстан нарығындағы белгілі сауда дүкендерінде 150 мың теңгеден басталды. Ал біз оның зауыттан Алматыға дейін келу бағасы 70 мың теңге екенін білеміз. Ал бөлшектеп сатып әкеліп, өзіңіз құрастырсаңыз 40-50 мың теңге ғана жұмсайсыз. Өз басым делдалдардың талайын көрдім. Көбісі шетелдіктер. Шын мәнінде ұтып жатқан солар. Кез келген адам барып, қалаған тауарын сатып ала алады. Көбі жолын білмейді. Біз соны үйретіп жатырмыз. Елбасымыз келер 2019 жылды «Жастар жылы» дегені қуантты. Себебі кәсіпке қызығып, онымен айналысып жүрген жастар саны күн санап артуда. Болашақта үлкен өндіріс орындарын ашатын осындай жастарға қолдау көрсеткеніміз дұрыс. Заман өзгерді, көз ашылды, көрінгенге жем болу біздің қазаққа жарамайды. Ал саудаға келсең асыл дініміз исламда «Ырыс-берекенің оннан тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап сатуда» деген хадис те бар. Сатқан адам да, сатып алған да пайдасын көргені дұрыс. Ешбірі де ұтылмауы керек. Бұл – сауданың заңы.
‒ Екі ел арасында жүрсіз. Бір сөзіңізде отандық брендтерді шет мемлекеттерге шығаруды ойлап жүргеніңізді айттыңыз. Бір ғана Қытайды алайықшы. Қазақстанның қандай тауарларына ол жақта сұраныс көп?
‒ Қазақстан мен Қытай арасында мемлекеттік бағдарламалар өте жақсы жолға қойылған. Мәселен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» атты идеясы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық сауда-транзиттік автожолы бір-бірімен сабақтасып жатыр. Мемлекет деңгейінде жасалып жатқан шаруаларды емес, өз көзіммен көргендерімді баяндасам деймін. Мәселен, қытайлықтар Қазақстаннан келетін ауыл шаруашылығы өнімдерін жаппай талап алып кетеді. Әрине, оның себебі, экологиялық табиғи таза өнім деп бағалайды. Сондықтан да біз өзіміздің ауылшаруашылық өнімдерімізді дер кезінде брендке айналдыруымыз керек. Азық-түлік өнімдерінің ішінде ет, май, сүтке деген сұраныс жоғары. Сол жаққа біздің ет өнімдерін алып барып, онан шұжық жасау ойымызда бар. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
‒ Осы орайда бірнеше сұрақ туындап отыр. Қазақстанның кез келген азаматы Қытайға барып бизнес аша ала ма? Өз тауарларын экспортқа шығаруға жол ашық па? Қазақстанда жасалған деген бренд қашан көбейеді?
‒ Гуанжоуда африкалықтар ғана тұратын бір ауданда болдым, Шанхайда да сондай. Шанхайда қандай ұлтты көрмейсің?! Бәрі бар. Сол секілді қазақтар да Қытайдың қай қаласына барса да тәртіп сақшылары болсын, тағы басқасы да қолының ұшын тигізбейді. Мемлекеттің ішкі саясаты сондай. Қайта келсін, көрсін, тұрсын дейді. Менің бір таңқалғаным, жыл сайын екі рет дүниежүзілік «Кантон» көрмесі өтеді. Дүниежүзінің кәсіпкерлері жиналады, қазақтар аз. Жүрегіңе ауыр тиеді, ол көрмеде Қазақстанның өнімдері жоқ. Біздің мақсат сондай халықаралық көрмелерге өнім шығару болып отыр. Жоғарыда айтып өткен көрмеге қытай азаматтары кіру үшін төл валютамызға шаққанда 25 мың теңге төлейді. Ал шетелдік кәсіпкерлер үшін 5 мың теңге. Ел саясатының өзі шетелдіктер келсе, инвестор болса, тауар алса екен деп айқайлап тұрғандай. Шанхайда, Гуанжоуда мен танитын қазақ жігіттер бар. Олар өз кәсіптерін қазір мейрамхана бизнесінен бастап кетті. Жаман емес. Болашағы бар азаматтар. Қытайда кәсіпкерлерге қиянат жасау жоқтың қасы. Оларды ел алақанында ұстайды. Біздің елде де «Атамекен» кәсіпкелер палатасы бар. Олар да қарқынды жұмыстар атқарып жатыр. Тағы бір айта кететін жайт, «үкіметтен не алам» деп емес, «не берем» деп кәсіп ашу керек. Кеңестік кезеңнің санамызға құйып бергені «үкімет өлтірмейді», «үкімет жұмыс тауып беру керек», «үкімет тамақпен қамтамасыз етеді». Осылардан арылсақ бәрі тамаша болады деп ойлаймын.
Бренд мәселесіне келсек, жоғарыда да айтып кеткенімдей батылдық керек бізге. Қытай тауарлары сапасыз, зиянды деген сөздер санамызға сіңіп кеткені соншалық қытайдікі десе қорқа қараймыз. Қытайда жасалған деген сөз қаншалықты танымал болса, соншалықты қорқынышты деп ойлаймыз. «Аш құлақтан тыныш құлақ» деп түріктің тауарын алайын, Ресейдің өнімін тұтынайын дейміз ғой енді. Ал ел айтатын сол сапалы тауарлардың көбі Қытай зауыттарында өндіріліп, тапсырыс беруші елдің маркасы жапсырылады. Тіпті, әлемдегі техниканың 50 пайыздан астамы Қытайдан шығады.
‒ Қытайдан шыққан өнімдердің сапасыздығын көз көріп жүр. Сіз басқалай айтып отырсыз? Мұның сыры неде? Қытаймен сауда-саттық жүргізуде не тиімді, не тиімсіз?
‒ Қытай тауарының сапасыз болуына өзіміз кінәліміз. Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста, ел экономикасы біршама қиын кезеңді басынан өткерді емес пе? Сол кезде сырттан келген қымбат, сапалы тауарларды сатып алуға ақшасы жетпеген жұрт арзан тауар іздеді. Осылайша арзан тауарларға өзіміз жол салып бердік. Онан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, сапасыз тауарлар шекарадан сан мыңдап өтуде. Ал қытайдың өзінде сапалы тауарлар өте көп. Бағасы 5-10 теңгеге қымбат, бірақ сапалы тауарларға жаңа жол салу бүгінгі сіз бен біздің қолымызда.
Қытаймен сауда-саттық жүргізер болсаңыз, тамақ өнеркәсібін айналып өткен жөн шығар. Өйткені жергілікті халықтың басқа ел тағамдарына аңсары ауып тұруының астарында үлкен дүние жатыр. Түрлі фильмдерде бақа-шаяндарды жей беретіндігін көрсетеді ғой. Жалпы айтқанда бұлар өзі жанкешті халық.
Тиімді тұстарын сөз етер болсақ ‒ өте көп. Солардың бірі әзірге бөлшектеп техникаларды Қазақстанға алып келіп, құрастырып, шет мемлекеттерге сату керек. Әйтпесе бізге дәл солай сататын елдер табылады. Әзірге үйрену керек. Әріп танымай мектепке барған баланы мұғалім ғалым етіп шығармай ма?! Былай қарасақ «ұстаздан шәкірт озады» деген бар. Сол үшін үлгі ала отырып, олардан озып кетуге болады деп ойлаймын.
‒ Жалпы, кез келген кәсіпте қандай да бір идеология болады деп жатады, бұған қаншалықты келісесіз? Сіздің ойыңызша бизнеске ұлттық идеология мен тіл араласқаны дұрыс па?
‒ Бұл енді қатып қалған қағида деу қисынсыз. Жоққа шығаруға да болмайды. Кәсіпте мыңдап идеология болуы мүмкін. Соның бірі материалдық қажеттілік. Өзімізге келсек бізге бір кәсіпкер бір кәсіпкерді дайындап шығарғаны маңызды. Өйткені елдегі өндіріс ошақтарының саны артқан сайын, экономикамыз да шарықтай береді. Қазіргі таңда қазақ тілді кәсіпкерлер қазақ тілінің статусын жоғарылату үшін тер төгуде. Біз өткізетін тренингтердің бәрі 100 пайыз қазақ тілінде өтеді. Онда ұлттық мінез де бар, ұлттық мүдде де бар, қазақы менталитет те көрініс береді. Не орыс, не ағылшын қазақтың жанын ұғып, оған өзін ұқтыра алмайды. Өйткені менің өзім осы жолды таңдағанда қазақ тілді жол сілтеушіге мұқтаж болдым. Бір ғана «Made in QAZAQSTAN» деген сөзді алып қарасақ ұлттық идеология рең береді. Қазақ-станда жасалған өнімдердің көбі ел ішінде бағаланбай жатады. Тұтынушы қымбат деп сын таққанымен, сауда дүкендерінен барып алған шетелдік бренд киімдері болсын, тағысын-тағы біздің тауардан едәуір қымбатқа түседі. Содан кейін халық иә қымбат, иә арзан тауарды алып, орта бағадағы Қазақстанда жасалған өнімдер шетте қалып жатады. Бұл да бір түйіні көп түйіткіл.
Тіл жайына кәсіпкерлер де үн қосқаны дұрыс деп ойлаймын. Мемлекеттің қалыптасып, аяғына нық тұруында тілдің алар рөлі үлкен. Кәсіпті қазақша сөйлеткен кезде ғана, елдің тілі де қазақша сөйлейді деп ойлаймын. Соңғы 4-5 жылдың ішінде қазақ тіліндегі отандық бизнес кітаптар шыға бастады. Яғни қазақ тілді бизнес кеңістік қалыптасып жатыр деген сөз. Егер осы қарқынды ұстап тұрсақ болашақта бізден де Илон Маск, Марк Цукерберг, Стив Джобс секілді дарындар шығатынына сенімдімін.
‒ Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН