Қалың жұртты қашанғы алдай бермек?!

Қалың жұртты қашанғы алдай бермек?!

Қалың жұртты қашанғы алдай бермек?!
ашық дереккөзі
2015 жылы 14 мамырда Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберов «Париев» ЖШС директорының орынбасары Н.Дүйсенбековпен ымыраласып, жер үстімен болат құбырлар жүргіземіз деп, әр үйге кіргізу үшін 380 мың теңгеге хаттама жасасады. Осы хаттаманың негізінде облыстық «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-нан техникалық-шарт алады. Өткен жылғы 14 маусымдағы Шу ауданындағы сот отырысында 380 мың теңгелік хаттаманы әкімнің орынбасары Т.Ахмедов «черновой вариант» деп, сотты да, бізді де алдады. Жердің астымен құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргіземіз, қымбатқа түседі, деп сол 14 мамырда екінші хаттама жасайды да, бағаны 420000 теңгеге көтеріп жібереді. Ресми құжатпен анықталғандай, полиэтилен құбырлар Қарағанды қаласында жасалынатын болат құбырлардан екі еседей арзан және сондай көлемде аз жұмсалады екен. Ауылдағы 4200 үйді – артық қойылған 40 мың теңгеге көбейтсек, 16 млн теңгеге 20 мыңнан асатын халықтың қалтасын жұқарту жоспарының ойластырылғаны анық байқалады. Елімізде жоқ аспандаған бағаны арзандату үшін 2016 жылдың 2 маусымында сол кездегі облыс әкімі К.Көкірекбаевқа жолдаған өтінішімізден қайыр болмаған соң, республикалық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамедке жазған хатымның арқасында Шу қаласы мен Төле би ауылы аралық 8,7 шақырымдық магистралды газ құбырын мемлекетке сатып алуға 251145000 теңге бөлдіргенімізге қарамастан менменсіген мердігер 508000 теңгені 2017 жылдың 31 наурызы мен 1 мамыр аралығына – 1 айға ғана 60 мың теңгеге арзандатып, 448 мың теңгеден қайтадан 475 мың теңгеге қымбаттатып жіберді. 11 шақырым қашықтықтағы Белбасар ауылы мен Бірлікүстем ауылы арасындағы магистралды құбырға 33 миллион теңге жұмсалса, 8,7 шақырымдық жұмыстарға 8 есеге жуық артық қаржы қарастырылғандықтан аудандық прокуратура мен тағы басқа құзырлы орындарға жазбаша берілгенімен немқұрайлылықпен тексерілмеді. Облыстың әкімі А.Мырзахметовтың қолдауымен қолжетімді бағамен басқа мердігер компаниясын қабылдамақшы болғанымызда Е.Даберовке сүйенген «Париев» ЖШС-і қасақана ешкім тапсырыс бермесе де, ауылдың түкпір-түкпіріндегі көшелерді түгел қазып тастап, кедергі келтірді. Өйткені газдандыруға келмекші болған «Еркебұлан и К» ЖШС-і көшелер бойындағы жер асты құрылыс-монтаж жұмыстары үшін әр үй басына 248000 теңгеден белгілеп, үйге кіргізу құны 120 мың теңгеден, барлығы 368 мың теңгеге жалпы ауыл бойынша сметалық-қаржылық-жобамен 1 миллиард 029 миллион теңгені қажет етсе, «Париев» ЖШС-і көше бойындағы жұмыстарына 355 мың теңгеден тағайындап, үйге кіргізу құны 120 мың теңгемен 475 мың теңгеге қымбаттатып, жалпы ауыл бойынша әр үйге 475 мың (келісім-шарт қулығымен қосымша төленетін 40 мың теңгемен қоса 515 мың теңге!) теңгемен барлығы 1 миллиард 491 миллион теңгеге көтеріп, 462 миллион теңгені асырып жіберген. Сөйтіп, әр үй басына 107 мың теңгеден артық белгілеп, келісім-шарт қулығымен сыртқары шығарылған 40 мың теңгемен 147 мың теңгеден халықтың қалтасын қағып отыр. Пеш, т.б. қосымша шығындармен 800-900 мың теңгеге, кей үйлер 1 млн теңгеге дейін шарықтауда. Осы жылдың 11 ақпанында «Париев» ЖШС-нің технологиялық талаптарды сақтамай, қалай болса солай құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуі кесірінен «Жандос» дүкенінің алдында орын алған жарылыстан кейін, олар үнсіз қалып, керісінше ауыл халқына жаны ашиды деген әкім Е. Даберов жан-жақты тексертудің орнына оқыс оқиғаны жылы жауып қоя салуларына жағдай тудырды. Облыс әкімі А.Мырзахметов аймақ бойынша газдандыру бағасын 82756 теңге деп бекіттіргенде де, Даберов пен аудандық газеттің редакторы Н.Қадырбеков «Шу өңірінде» бірінен соң бірі мақала жариялап, ол бағаны алып-қашпа қауесет деп, жоққа шығаруға жанталасты. Осыған қарағанда аудан орталығында тұратын 20000 нан аса халықтың тағдырынан да жалғыз ғана «Париев» ЖШС-нің атақ-абыройы мен беделінің қадірлі болғаны ма?! Нақтылы деректі құжаттар мен аудио-бейне-таспалардың негізінде жазылғандықтан, келтірілген ақиқатты шындықтарды дәлелдей аламын.  

Мәкен Уақтегі

 Шу ауданының Құрметті азаматы,

Төле би ауылы