Тұрғын үйің қауіпсіз бе?

Тұрғын үйің қауіпсіз бе?

Тұрғын үйің қауіпсіз бе?
ашық дереккөзі
Францияның Марсель қаласында 6 қабатты екі үй қатарынан опырылып түсті. Үйлердің астынан 5 адамның мәйіті табылды. Құтқару-іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Болжам бойынша қирандылардың астында әлі де бірнеше адам болуы мүмкін. Жапсарлас салынған екі үй дүйсенбі күні аяқ астынан опырылып түскен. Оның бірі апатты жағдайда еді. Сол себепті үйдің тұрғындары әлдеқашан басқа жерге көшірілген. Төтенше жағдайдың себептері әлі анықталуда. Қазіргі таңда 200 полицей мен құтқарушы қиранды астында 8 адам болуы мүмкін деген болжаммен, мәйіттерді іздестіруде. Тіпті, қауіптің алдын алып, құтқарушылар құлаған екі үйге қатарлас орналасқан үшінші үйдің жартысын сүріп құлатқан. Марсельдің қақ ортасында орын алған жағдай кез келген елдің, кез келген қаласында қайталанбасына кім кепіл? Қайта, француздар апатты үйді дер кезінде біліп, тұрғындарының барлығын болмаса да, көпшілігін көшіріп үлгеріпті. Ескі үй опырылса, уақыты жеткен ғой дейміз. Ал бізде жаңа салынған кейбір үйлердің қабырғалары бір айдан кейін-ақ қақ айырылып, шатыры ұшып, терезесінен аңқылдап жел соғып, төбесінен су ағатыны таңсық па екен?! Өз көзіне өзі сенер-сенбесін білмей, жас баладай алданған күй кешкен сол пәтер тұрғынының жан күйзелісін айтып та жеткізе алмаспыз. Ескі үйлер тым ескі болса, жаңа үйлердің түрі осындай болса жұрт не істемек? ҚР Инновациялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің ресми мәліметі бойынша 2018 жылдың басында Қазақстан бойынша 1383 аппатты жағдайдағы көп пәтерлі тұрғын үй бар екен. Бірақ күмәнді көрсеткіш. Себебі бір ғана Алматының өзінде 1000-ға жуық апатты үй тіркелген. Оның жартысы тек алдағы жылдары сүріледі деп жоспарлануда. Ал Астанада 2018 жылы 150 апатты пәтер сүрілуі керек-ті. Оралда 42 апатты және 200-ге жуық ескі үй, Ақтөбеде 230-ға жуық, Шымкентте 25, Семейде 26 апатты үй тіркелген. Жай ғана алты қаладан мысал келтіргенімізде жоғарыда комитет келтірген ресми деректен асып түсті. Сондықтан әр оқиғадан сабақ алып, «қолды мезгілінен кеш сермеп» қалмау үшін елдегі тұрғын үй мәселесіне дұрыс көңіл бөлсек, игі.