КӨҢІЛДІ КҮПТІ ЕТКЕН КОНГРЕС САЙЛАУЫ

КӨҢІЛДІ КҮПТІ ЕТКЕН КОНГРЕС САЙЛАУЫ

КӨҢІЛДІ КҮПТІ ЕТКЕН КОНГРЕС САЙЛАУЫ
ашық дереккөзі
Осы сейсенбіде АҚШ тарих беттеріне тағы бір рет өшпес атын қалдырды: Мемлекет тарихындағы ең қымбат сайлау өтті. Құны 5 миллиард долларға бағаланған Конгрес сайлауында америкалықтар төменгі палатаның құрамын түгелдей жаңартып, жаңа губернаторларды таңдайды. Нақтырақ айтсақ, өкілдер палатасында 435 депутат толығымен және 36 штат губернаторы қайта сайланады. 4 қараша күні The Washington Post газеті мен ABC News телеарнасы ұлттық сауалнаманы жариялады. Сайлаушылардың 50 пайызы Өкілдер палатасында демократтардың басым болуын, 43 пайызы республикашылардың үстем түсуін қалайтыны белгілі болған. Тағы бір айта кетерлігі, үгіт-насихаттың жақсы жолға қойылғанынан ба, дауыс берушілер сайлау учаскелеріне таң атпай барып, кезекке тұрған. Нәтижесінде рекордтық көрсеткіш орын алып, алдын-ала дауыс бергендер саны 28 миллионнан асты. Сарапшылар бұл саяси науқанды «Дональд Трамп әкімшілігіне қатысты референдум» деп дабыл қағуда. Өйткені қазір республикашылдар Конгрестің екі палатасында да басымдыққа ие. Егер осы аралық сайлауда демократтар жеңіске жетсе, Трампқа өз саясатын жүзеге асыру қиындайды. Бірақ Трамп та «оңай шағылатын жаңғақ» емес. Ол әзірге жабық саясат ұстанып отыр. АҚШ-қа ағылып келе жатқан мигранттарды қабылдаудан бас тартып, түрлі әдістерді ойлап табуда. Мәселен, Гондурастан шыққан мигранттар көшін «демократтардың кесірі» деді. «Демократтардың мақсаты – биылдан қалдырмай шекараны ашу. Олар мигранттарды іш тартып, елге шақырып отыр. Бұл дұрыс па? Заңсыз мигранттар елімізді басып алып, азаматтардың мазасын қашырады. Біз бұған жол бере алмаймыз. Суреттерді көрген шығарсыздар? Олар мигранттар көп емес дейді, алайда көпірден мыңдаған адамның өтіп жатқанын көзбен көріп отырмыз ғой. Сондықтан біз шекараға қоршау тұрғызып жатырмыз. Оған еш уайымдамаңыздар», ‒ дейді Трамп. Екі партияның жақтастары бір-бірін саяси қарсыластар сияқты емес, жау ретінде танып отыр. Ал Обама болса, сабырға салып, көп ашылып ешнәрсе айта қойған жоқ. Бар болғаны: «Кейбіреулер ауыз толтырып айтар жетістіктерді өзінен-өзі болатын құбылыс ретінде қабылдайды. Кейбіреулер жаһанға жар салады. Біз адамдарды нәсілі мен тегіне қарап бағаламаушы едік. Бүгінде біздің азаматтар бұған да еш кепілдік жоқ екеніне көз жеткізді. Адамдар арасындағы теңдік үшін үнемі күресу қажет. Сыни пікір айтудың қажеті жоқ, дауыс беру арқылы дұрыс таңдау жасау маңызды», ‒ деп өзін қарапайым етіп көрсетті. Сайлаудың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша, демократтар 23 мандат артық жинады. Осылайша олар Конгресстің төменгі палатасын бақылауға алуға жақын. Бір айта кетерлігі, демократтар соңғы сегіз жылда алғаш рет басымдық байқатып отыр. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердің де сайлауға әсері орасан болған. Facebook 115 парақшаны сайлауға кері ықпал тигізген деген күдікпен жауып тастады. Мұндай белсенді парақшалар Instagram әлеуметтік желісінде де байқалған. Олар да жабылды. Сайлау алдында АҚШ билігі «шетелдік ойыншылардың, әсіресе, саяси процестер мен кандидаттар туралы өтірік ақпарат таратып, қоғамдық көңіл-күйге ықпал ету және алауыздық тудыруда Ресей тарапынан қауіп барын» мәлімдеген еді. Қазір Вашингтон Ресейдің 2016 жылғы президент сайлауына араласқан-араласпағанын зерттеуде. ​Шілде айында арнайы прокурор Роберт Мюллер Ресейдің 12 азаматын айыптап, олар АҚШ Демократиялық партиясының серверін бұзған, басқа да кибершабуылдар жасаған деп хабарлады. Сондықтан да аралық сайлаудың әділ өтуі маңызды. Сарапшылар: «Егер демократтар жеңіске жетсе, ең бірінші Трампқа қатысты тергеуді бастайды. Бұл тек саясат төңірегіндегі мәселе ғана емес. Оның бизнесі мен қаржысына да қатысты болмақ»,  ‒ дейді. Егер Конгресс Трамптың жақтастарына өтетін болса, Ресей мен Иранға және т.б елдерге бағытталған санкциялар күшейе түсуі мүмкін.