Жаңалықтар

Жастар жылы: Жақсы жаңалық күткен жұрт

ашық дереккөзі

Жастар жылы: Жақсы жаңалық күткен жұрт

Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы жарияланған жолдауы жастарды бір серпілтіп, бойына жігер сыйлағандай. Cебебі еліміздің болашағы – жастарға айрықша көңіл бөліп, Жастар жылын қабылдауға ұсыныс білдіруі қоғамның ауызбірлігін еселеп арттырды. Елбасының үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды көздейтіні бекер емес. Ол мұны кезекті жолдауында да ашып айтты. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауда Елбасы 2019 жыл елімізде Жастар жылы деп аталатынына екпін түсірді. Ал «Жастар жылы» не атқарылуы тиіс? Қандай түйткілге басымдық берген абзал? Жастар жылы кейбір айтулы даталар сияқты ұрандатып, желеулетіп өткізетін жыл емес. Түрлі форумдар мен конференция, флешмоб мерекелерінің берері қаншалықты? «Жастар жылы дегенді қалай түсінеміз, оның мақсаты не, не жасалуы керек, жастардың бүгінгі бетпе-бет келіп отырған мәселесі қандай?» деген сұрақтар бойынша терең зерттеу жүргізіп, оны саралап, нақты істелу керек жұмыстардың тізімін жасауымыз керек. Дәлірегінде, қоғамның маңызды бөлігін құрайтын жастарға кең мүмкіндік берілуі тиіс. Сондықтан да нақты ұсыныстар қабылданып, жастардың жан-жақты көмекке ие болуын қамтамасыз еткен жөн. Әсіресе, жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендетуге байланысты іс-шаралар қолға алынып, нақты нәтижеге қол жеткізуін қадағаласақ құба-құп. Бүгінде 35 жасқа дейінгі жастардың көбінің басында не баспанасы, не тұрақты жұмысы жоқ. Ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген кейбір жастардың тауы шағылып, түрлі қылмыстық әрекеттерге бой алдырып жататыны да жасырын емес. Көшедегі ұрлық-қарлық, кісі тонау оқиғалары да ара-тұра жұмыссыз жастардың қолымен жасалуда. Олардың бос сенделіп жүрмеуі үшін мемлекет тиімді бағдарлама қабылдап, соның аясында жұмыс істеген абзал. Мәселен, жас мамандардың, жас отбасылардың баспаналы болуын тездететін тетіктерді қайта қарап, жеңілдік қарастырылса, артықтық етпейді. Себебі демографиялық ахуалға серпін беретін де – жастар. Жас отбасылар өз баспанасына ие болмайынша бала туу санын тежей беретіні айтпаса да түсінікті. Бұл жөнінде жастардың пікірі қандай? «Жас Отан» жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілестің айтуынша, Елбасының жастарға деген қамқорлығы ерек. «Жастарға әлеуметтік қолдау көрсету әрбір жас буынға серпіліс берді. Олардың білім алып, білікті маман атануына жағдай жасау мәселесі де сөз болды. Білімді ұрпақтың негізі – мектепте қаланады. Сондықтан барлық білім ұяларында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу бағдарламасын енгізу керектігі бекер айтылған жоқ. Сол кезде ғана жастар ғылымға бет бұрып, өзідігінен салалық ғылымды дамытуға қызығады», – дейді ол. Ал «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амандық Нұржан болса, бұл жолдауда жастарға ерекше тоқталып, жастар саясатын дамытуға екпін түсіргеніне бек қуанышты. «Жастар мәселесі күн тәртібіне шыққаны дұрыс болды. Әсіресе, ауылды жердегі жастар екі қолға бір күрек таба алмай сенделіп жүр. Егер осы жыл аясында арнайы бағдарлама қабылданса, сондай-ақ, ол негізінен жұмыспен қамтуға, баспаналы болуға жол ашса, қанекей? Демек, Елбасы бізге сенім артып отыр, ал біз осы үдеден шығуымыз керек», – деді ол. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі жастар креативті пікірге ие. Шыны керек, қазір жастар арасында соңғы инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жобалар ұсынып жүргендері баршылық. Түрлі жаңа технологияның игіліктерін біліп, көріп жүрген де солар. Инновациялық жобаларды халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатыстырып, арнайы грант ұтып алған жастар көп. Ал оны ғылыми тұрғыда жүзеге асыруға қаржылық қолдау қажет. Демек, мемлекет тарапынан озық идеяларға, ұтымды жобаларға арнайы қаржы қарастырылып, жүзеге асуына мұрындық болған жөн. Онсыз білімді жастар шетел асып, басқа елдің атынан шығуы әбден мүмкін. Сол себептен ғылымды дамытамыз десек, әуелі инновациялық жобаларды мақұлдау қажет. Талантты, талапты жастар ауылда да жүр. Ауыл жастары қала жастарына қарағанда көп мүмкіндіктен қалыс қалуда. Елбасы мұны да қаперге салды. Ол ауыл жастарына кәсіп ашып, іс бастауға көмек қолын созу керектігін ескертті. Қазір мемлекет ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қаржыны еселеп құюда. Айталық, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы, «Агроөнеркәсіпті дамыту» бағдарламасы бойынша жастар үшін арнайы пункт енгізілсе деген ұсыныс бар. Мәселен, ауылшаруашылығы саласының жандануына атсалысып жатқан жастар жетерлік. Олар жалға жер алып, жұмыс істейін десе түрлі кедергіге тап болады. Мұны жеңілдетіп, салықтық үстемелерден босату жағын тиісті министрліктер мен жауапты әкімдіктер ескерсе жөн. Ниет бар, бірақ қолдау аз. Бүгінгі жастар – ертеңгі кәсіби білікті маман, болашақ отбасының тірегі. Әрбір жас қоғамда өз орнына ие болу үшін кез келген қоғамдық мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Себебі патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды. Мәселен, жастардың өзі бәзбір ұйымдардың қолшоқпарына айналудан сақ болғаны жөн. Әсіресе, кейбір ұлттық мәселеге келгенде салмақты пікір, ұтымды ой білдіріп, өзіндік менін жоғалтпағаны абзал. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде жергілікті әкімдіктер мерекелер кезінде жастарды тек флэшмоб сынды көңіл көтеретін ойын-сауықтық мерекелерге ғана пайдаланып жүр. Елбасының «бес бастамасы» аясында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жайы көтерілген болатын. Осы бастаманың нәтижесінде Алматы, Астана, Атырау, т.б. ірі қалаларда студенттік жатақханалар бой көтеріп, алғашқылары пайдалануға берілді. Алайда бұл студенттік баспанаға мұқтаж 101 мыңнан аса студенттің мәселесін шеше ала ма? Ал пәтерден пәтер жалдап жүрген 24 мың алматылық және 17 мың астаналық студенттің мұңын кім тыңдайды? Осы іске жауапты Бақытжан Жұмағұлов алдағы уақытта студент жастардың жатақханаға мұқтаж болмайтынын жеткізген-ді. Себебі жыл сайын жаңа оқу жылы кезінде шарқ ұрып, жатақхана іздеп кететін жастар көп. Шәкіртақысы баспана жалдап тұруға жетпесе де, бірлесіп күнелтіп тұруға мәжбүр болып келді. Осы мәселені ескерген Елбасы 2020 жылға дейін 75 мың орын болатын жатақхана салуға тапсырма берген еді. Әрине, бұл мәселені 4 жылда шешу оңай емес. Бірақ білім және ғылым министрлігі берген мәліметте биыл 140 мыңдай түлек мектеп тәмамдаған. Одан бөлек 9 сыныпты бітіріп, арнайы колледждерге түскен студенттер бар. Ал қалаға ауылдан келіп, білім алатын жастар саны – 41 пайыз. Сондай-ақ, соңғы жылдары жастар арасына ауыз сала бастаған түрлі дерт көп. Оған шалдықпас үшін салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуға ден қойылса. Бұқаралық спортты дамыту үшін спорт нысандарын тегін, тіпті, болмаса қолжетімді бағамен пайдалануға беру мәселесін қолға алған жөн. Қазір өткізіліп жатқан спорттық шаралар аз емес. Елімізде қысқы Азиада, Универсиада ойындары өз деңгейінде өтті. Оларға арналып арнайы спорт нысандары бой көтерді. Міне, соларды халықтың игілігіне беру керек. Онсыз балалардың, жасөспірімдердің, жастардың спортқа көңіл бөліп, тұрақты айналысуы құрғақ сөз болмақ. Тағы бір мәселе – жас мамандарға шалғайдағы елді мекендерде жұмыс істеу үшін тиісті жағдай жасау. Жыл сайын қаншама маман оқу орнын бітіріп, қолына дипломын алады. Алайда солардың ішінде ауылын, туған жерін көркейтуге, өсіруге үлес қосатындары сирек. Сондай жастың бірі «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып, ауыл мектебінде жемісті еңбек етіп жүрген Абзал Ескендірдің ісіне сүйсінбеген адам кемде-кем. Жапонияның Осака қаласында ядролық физика мамандығы бойынша магистрлік білім алған ол ауыл мектебін, ауыл балаларын ғылымға баулуға күш салуда. Бүгінде «Жыл мұғалімі» атағына ие болған жас ұстаз: «Оқушының әрбір жетістігін көріп, ұстаздық салада бекер жүрмегенімді сезінемін. Себебі бала – таза бұлақ. Бұлақтың көзін ашу – бізге жүктелген міндет. Баланың бәрі талантты, білім алуға құштар. Алайда олармен жұмыс істеп, білім мен ғылымға деген қызығушылығын ашып, арттыру керек. Құдайға шүкір, қазір оқушыларым түрлі байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болуда. Мұның өзі ұстаз үшін абырой» екенін айтады. Міне, дәл Абзал сияқты жастар әр өңірге, әр ауданға, әр ауылға қажет. «Болашақ» бағдарламасы арқылы білімін жетілдіріп, тіл меңгерген талай жас қалаға, ақшасы көп жұмысқа орналасады. Тіпті, кейбірінде «ауылымды дамытуға септігім тисе екен» деген ой болмауы да мүмкін. Алайда «Елдің болашағы – жастар» десек, Жастар жылы аясында Абзал сияқты жас мамандарды ел алдында дәріптеуден тайсалмау керек. Сонымен, Жастар жылына бөлінген қаржы ырду-дырду көңіл көтеретін дүниеге емес, нақты іс-шараларға бағытталуы қажет. Ол үшін атқарылатын мәселелер тізбегі жасалса құба-құп. Екіншіден, жастардың әлеуметтік мәселесін шешуді көздеу керек. Қазір отбасы арасындағы кикілжің де, ажырасу дерегінің көбейіп кетуі де жас отбасылардың жылдап пәтер жалдауынан туындайды. Мамандар жастар арасында отбасыны сақтап қалуға байланысты жиі әңгіме өрбітуді құп көреді. Бәлкім, ажырасудың алдын алу үшін медиациялық орталықтардың жұмысын ізгілендіру керек болар. Медиация институты несие үшін ажырасып жатқан жастардың мәселесін шешудің жолын ұсынса, төменгі пайызбен несие алып, алдыңғы несиені жабатындай жолдарын қарастырса, жас отбасыларға психологиялық көмек беруді ұйымдастырса абзал болар. Мұндай көмек беретін орталықтарды қаржыландыру мәселесі де шешілуі тиіс. Жастар үшін ең басты түйткіл – білім алу және жұмыспен қамтылу, одан кейін баспаналы болу. Егер осы үш мәселе шешімін тапса, жас маман тиянақты, сапалы жұмыс істей алады. Қазақта «Жас келсе – іске» деген сөз бар. Ақылды технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығады. Ендеше, Жастар жылы – жастарға арналуы керек. 2019 жыл жалаң сөз, жаттанды дүниеге құрылмай, жастардың нақты түйткілдерін шешетін жыл болғай! P.S. 5 қарашада Ресейдің Свердлов облысы жастар саясаты аймақтық департаментінің жетекшісі, олимпиада чемпионы Ольга Глацких студенттер мен оқушылармен өткен кездесуде: «Қазір кейінгі буын, жастар жағы мемлекет олар үшін бәрін жасауы тиіс деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Сіздерді мемлекет емес, өмірге әкелген ата-анаң қамтамасыз етуі тиіс. Себебі мемлекет оларға бала ту деген жоқ. Бәрі өз құқығын біледі, бірақ міндеттеріне келгенде ұмытып қалады...» деп алып Ресейді аямай шулатты. Ол іле-шала қызметінен қуылды. Кез келген өркениетті мемлекет өз жастарының алдында қашаннан қарыздар. Өйткені барша мемлекеттің болашағы – бүгінгі жастардың қолында. Бірақ бір өкініштісі, Ольга Глацких секілді ойлайтын керітартпа жандар Қазақстанда аз ба?!