Айыр қалпақ заңмен қорғалмақ

Айыр қалпақ заңмен қорғалмақ

Айыр қалпақ заңмен қорғалмақ
ашық дереккөзі
Қырғызстанда қырғыз ұлтының ақ қалпағына нұқсан келтіргендерге айыппұл салу қарастырылуда. Жоғарғы Кеңеш депутаттары арнайы заң жобасын дайындады. 2018 жылдың 30 қазанында Қырғыз Республикасының «Заң бұзушылықтар туралы» Кодексіне енгізілетін өзгерістер қоғамдық талқылауға ұсынылды. Жоғарғы кеңестің депутаты Экмат Байпакбаев аталған заң жобасының жазылуына бастамашы болып, ел алғысын арқалаған. Бұл бастама «Ұлттық бас киім Ақ қалпаққа мәдениет символы мәртебесін беру туралы» заң жобасын дайындау барысында қолға алынды. Аталмыш құжат талаптарына сәйкес, бұдан былай қырғыздардың ақ қалпағын қорлағандарға арнайы заң нормасына сәйкес айыппұл салынады. «Ұлттық бас киім Ақ қалпаққа мәдениет символы мәртебесін беру туралы» заң жобасы қырғыз халқының ұлттық мұрасының маңызды элементтерінің бірі ‒ ақ қалпақтың имиджін оңалтуға, оны қорғаудың құқықтық базасын бекітуге, дамыту мен қолдауға, насихаттауға бағытталған. Заң жобасы сонымен қатар Қырғыз Республикасы мен Қырғызстан халқын олардың тарихи мұрасы мен ақ қалпақты киіп жүру мәдениеті арқылы барынша танытуға бағытталған. Заң жобасында Қырғызстанның Заңбұзушылықтар туралы кодексіне 65,2 бабы енгізіледі. Оған сәйкес, ақ қалпақты қорлағандарға 1 дәрежеде (жеке тұлғалар үшін 10 есептік көрсеткіш, заңды тұлғаларға 50 есептік көрсеткіш) айыппұл салынады. Аталмыш заң талаптарының бұзылуын анықтау жергілікті өзін-өзі атқарушы органдардың құзырына беріледі. Заң жобасы Қырғызстан Конституциясының нормаларына сәйкес келеді және оның құқықтық, гендерлік, экологиялық, экономикалық, сыбайлас жемқорлық бағыттары бойынша ешқандай салдары болмайды.