Әбілқайыр хан және дала элитасы
Әбілқайыр хан және дала элитасы
Біріккен қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілқайыр хан 1730 жылғы сәуірдің соңында жоңғар қонтайшысы Галдан Церенмен бейбіт келісімшарт жасады. Солайша «Ақтабан шұбырынды» қасіретінен бері өрши түскен қантөгісті азаттық күресінің шырқау шыңына айналған Аңырақай шайқасын қорытындылап, 1723–1730 жылдарғы Отан соғысына жеңісті нүкте қойды. Бұл жеңіс қазақ халқының жауынгерлік рухын нығайтты, халықтың этностық бірлігін, тұтастық сезімін және өз еліне деген сүйіспеншілігін, жүздер, ру-тайпалар арасындағы ауызбіршіліктің маңызын арттырды.
Көшпенді хандықтар ішіндегі аса қуатты жоңғар әміршісі Галдан Церенді жеңген атағы Әбілқайыр баһадүрді саяси тұрғыда қазақтың аға ханы мәртебесінде таныта түсті.
Қадірлі батыр-ханының есімін жеңісті шайқастар жүргізген тау, өзен, аңғарға берген (Арқада «Қалмаққырылған» деген жерде «Әбілқайыр өзені», Шу мен Талас өзендерінің арасында «Әбілқайыр даласы» бар. Сонда «Қалмақ қырылған» деген екі жер атауы сақталған. Қаратау қойнауында «Әбілқайыр бұлағы» бар. «Үлкен Орда қонған», «Кіші Орда қонған» деген жер атаулары – азаттық соғысын басқарған аға хан, кіші хан ставкаларының тұрған орнын көрсетеді. Ал Балқаштың оңтүстігіндегі әйгілі Аңырақай шайқасы өткен өңірде, Ілеге тақауырақта – Хантау, одан Шуға қарай созылып жатқан «Әбілқайыр жалы» деген тау атауы сақталған. Көрші елдерде де ол үлкен құрметке бөленді. Орта Азия хандықтарының билеушілері онымен туыстық қарым-қатынасқа жетуге ұмтылды.
Алайда бұл тұжырымның тарихшылар арасында: «Аңырақай шайқасынан кейін қазақ билеушілердің арасында жік туды» деген мағынада көптен қалыптасқан, тіпті ресми «Қазақстан тарихының» үшінші томы таңбалап қойған элита ішінде «жоғарғы билік үшін күрес» жүргені жайындағы пікірге қайшы екені түсінікті. Ресми тарих: «Тәукенің ұлы, қайтыс болған аға хан Болаттың орнына Орта жүзден – Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр үміттенді. Көпшіліктің таңдауы Әбілмәмбетке түсті. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін елеусіз қалдырды деп тауып, шайқас алаңынан кетіп қалды, сол арқылы қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етудің ортақ ісіне оңдырмай соққы берді», – деп хабарлайды. Еліміздің ең басты тарих кітабының күні кеше – 2010 жылы жарық көрген академиялық басылымының тап осындай ескірген мағлұматты шегелеп таратуы өкінішті-ақ. Өйткені содан бір мүшел ілгеріде, өткен ғасырдың соңғы жылдарында, жекелеген тарихшылар (айталық, И. Ерофеева) сенімді дереккөздерді айналымға тарту арқылы ондай байламның қате екенін дәлелдеген болатын. Болат ханның «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінің бастапқы жылдарының бірінде дүниеден өткенін, оның ешқашан аға хан болмағанын, аға хан мәртебесі 1715 жылы Қайыпқа, 1719 жылы Әбілқайырға тигенін, Аңырақай шайқасынан кейін ешқандай да аға хан (ұлы хан) сайлауы өткізілмегенін дәлелдеген зерттеулерін жария еткен еді. «Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін елеусіз қалдырғандықтан» емес, күн тәртібіндегі жағдайға байланысты, соғыс аяқталып, тиісті бітім жасалғаннан соң, өздеріне қарасты ру-тайпалар мекендейтін аумақтарда қиындықтарды реттеу үшін кеткен болатын. Демек, «шайқас алаңынан» кетіп қалды деу де, «сол арқылы қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етудің ортақ ісіне оңдырмай соққы берді» деп тұжырымдау да нақты тарихи шындыққа сәйкес келмейді.
Бас қолбасшы Әбілқайыр хан оңтүстікте белгілі бір мақсатта, белгілі бір мөлшерде әскери күш қалдырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Цин ұлы династиясының хроникасы» деген атпен жарияланған қытай құжаттары жинағында қазақ ханы Әбілқайыр (Абуэрхайли) қазақ жігіттерінің 70 мыңдық әскерін өз бұйрығымен інісі Бұлқайырға (Буэрхайли) басқартып, жоңғарларға қарсы жорыққа шықты делінетін ақпарат келтірілген. Сондай-ақ, олардың Шу-Талас жерінде тұратын ойраттардың мың шаңырағын түгел басып алғаны және Жоңғарияның өзге көші-қондарынан 2–3 мың ат айдап әкеткені айтылған. Бұл оқиға император Юнчжен басқарған мерзімнің 9-шы жылындағы 2-ші айда орын алды деп көрсетілген. Оны біздің тарихшылар 1731 жылғы наурыз бен сәуір айларының бастапқы күндеріне сәйкеседі деп белгілеп жүр. Император Канси 1722 жылы қайтыс болды, артынша таққа Юнчжен отырды. Демек, император Юнчженнің билікті қолға алған уақыты 1722 жыл, ал оның империяны басқарған мерзімінің тоғызыншы (тоғыз емес!) жылы 1730 жылға, яғни жоңғарларға қарсы Отан соғысын тамамдаған Аңырақай шайқасы болған жылға тура келеді. Демек Юнчжен жылнамасының 9-шы жылындағы 2-ші айда, яғни 1730 жылғы 8 наурыз бен 6 сәуірдің арасында бас қолбасшы Әбілқайыр хан, алдыңғы тарауда айтқанымыздай, әскерін Шу-Талас аймағынан Аңырақай өңіріне ауыстырып, жоңғар күштерімен шешуші шайқасқа шығуға әзірленді және оны сәтті жүргізіп, сол сәуірдің соңына қарай Галдан Цереннің күйеубаласы, тәжірибелі әскербасы Лацзан Церен басқарған жоңғар жасақтарын біржола жеңді де, мамыр айында қонтайшының өзімен келіссөз жүргізіп, бітімге келген.
Жоғарыда аталған Цин боғдыханы Юнчженнің жылнамасында «Галдан Цереннің інісі Лобуцзян-Шуну (Лаузан Шоно) қазақ ханы Әбілқайырдың қызын әйелдікке алды, қазір, ыңғайы, қазақ жерінде тұрады» деген мәлімет бар. Біз мұның ақиқаты қандай екенін айта алмаймыз, дегенмен, Әбілқайыр ханның бәйбішесі қызымен Түркістандағы ордасынан 1723 жылы тұтқындалып, Жоңғарияға әкетілгенін еске алсақ, Лаузан Шоно хан қызын алуы ықтимал деп пайымдаймыз. Аталмыш қытай дереккөзінде одан әрі: «Лаузан Шоно мұрагер ретінде әкесінің тағына отыру мәселесін шешу үшін 1-ші айда өз жаушыларын Галдан Церенге жіберді» деген хабар айтылады. Бұл оқиға, шамасы, Цеван Рабдан дүниеден көшкен 1727 жылды меңзесе керек. Алдыңғы тарауда айтқанымыздай, Галдан Церен әкесі Цеван Рабданның кенеттен болған өлімін өзінің өгей шешесі, Лаузан Шононың туған анасы Сетержабтан көреді де, оны балаларымен, сондай-ақ, сол тұста Қалмақиядан (бәлкім, қытай жылнамасында айтылғандай мақсатпен Лаузан Шонодан) келген елшілердің кейбірін өлтіреді. Сондықтан боғдыхан сарайының шежіресінде одан әрі айтылғандай, «Галдан Церен оның анасын, сондай-ақ бірге туған інісі мен қарындасын өлтіргендіктен», Лаузан Шоно «Галдан Цереннен өш алуды қатты тілеп жүр. Оған әскери шабуыл жасағысы келеді». Бұндай ахуалдың Әбілқайыр ханның ойраттармен де, қалмақтармен де бітім жасауына жанама түрде болса да әсер етуі мүмкіндігін мойындаймыз. (Тек Лаузан Шоно «қазақ жерінде тұрады» дегені жаңсақ, ол Қалмақ хандығында тұрған. Қонтайшы Галдан Церен өзінің тағына бәсекелес дұшпанын ұстап беруді қалмақ ханы Церен Дондуктан талап еткен болатын).
Аңырақай шайқасынан кейін жасалған бейбіт келісімшарт екі жаққа да тиімді еді. Галдан Церен қазақтармен бітімге келу арқылы цин-қытай жағындағы шекарасына әскери күштерін топтастыруға мүмкіндік алды. Император Юнчжен ойраттармен соғысты қайта жаңғырту жайында 1729 жылы шешім қабылдаған болатын. Қазақтармен 1730 жылы бітімге келіп, қолын күшейтуге мүмкіндік алған қонтайшы сол жылдың өзінде қытай әскерін Баркөл маңында тас-талқан етіп, енді Алтайда соғысуға әзірлік жүргізе бастады. Ал жоңғармен соғысты одан әрі созбай, бітім жасауды мақұл көрген Әбілқайыр хан солтүстік-батыс шекараға жаңа шабуылдарымен қайтадан қауіп-қатер төндіріп тұрғандар көршілермен – орыс мемлекетіне қарасты казактар қауымымен, қалмақ және башқұрт елдерімен ара-қатынасты ретке келтіруге аттанған еді. Ол орыс империясымен шекарадағы мазасыздықты басуға күш салды.
1730 жылғы мамыр айында Әбілқайыр ханның Торғай өлкесіндегі жазғы ордасына Кіші жүз бен Орта жүздің бас адамдары бас қосты. Бұл мәжілісте орыс шекарасына тақау көшіп-қонып жүрген жұртқа қырғидай тиіп жүрген Жайық және Сібір орыс казактарының, Еділ қалмақтарының шапқыншылық қылықтары, қалмақтармен арадағы қатынас, жоңғарды жеңуге байланысты, қазіргі сәтте біршама реттеліп, тыншығанмен, түбі бір түркі болса да, желкелеріндегі отаршыл әкімдерінің астыртын айдап салуына көніп, қазақ ауылдарына тұтқиылдан жортуылдатып, айрықша маза кетіріп жүрген башқұрттар жайы талқыға түсті. Осынау мәжіліске дейін Әбілқайыр ханға башқұрт елінің құрметті адамы тархан Алдар Есенгелдин (Исекеев) жолығып қайтқан. Бұл содан жиырма шақты жыл бұрын Әбілқайыр баһадүрді башқұрт тағына шақыруды ұйымдастырған, онымен бірге орысқа қарсы иық тіресе күрескен әскери-басшы тұлға болатын. Бұл қос үзеңгілес баһадүр әредік кездесіп, әрдайым достық пейілмен жылы сұқбаттасып отыратын. Осынау көзқарастары ертеден жарасқан екі ел ағаларының сұқбаттары әрдайым өзара түсіністік рәуіште өтетін. Ендеше осынау қарулас һәм пікірлес қос әміршінің қарамағындағы адамдар неліктен өзара шабуылға шыға беруін доғармайды? Мұнда қандай сыр бар? Әрине, екеуара өткен кеңестің бүге-шігесін білмегенмен, шамалауға болады: олар сол мәселені түбегейлі шешудегі кедергілерді сараптап, оларды жою жолдарын ақылға салысты...
(Кезінде империяға қарсы тұрған башқұрт жетекшісін өз жағына ұтымды тарта алған патша әкімшілігінің ұсынуымен оған аталған тархан айырым-белгісі берілген. Жалпы, тархан атағы Алтын Орда хандары дәуірінде шіркеу адамдарына олардың өз шаруаларын шешуге ерікті екендіктерін көрсету үшін беріліп тұрған. Кейін оны орыс князьдері де жекелеген адамдарға алым-салықтан босатылатынын, даулы мәселелерде ешкімге бағынбай, тек ұлы князьдің өз құзырына келуге хақылы екендігін білдіру үшін беріп жүрді. Бір-екі мәрте тархандық беру мүлдем жойылып тасталды да, бодан ұлттардың беделді адамдарын империяға сенімді ете түсу үшін қайта енгізілді. Башқұрт көтерілісшісі Алдарды тархан мәртебесіне көтеру арқылы патша әкімшілігі оны өзіне тәуелді етті. Қазақтар арасында да тархан болғандар бар).
Сол жылғы мамырда ханның жазғы ордасына жиналған Кіші және Орта жүз сұлтандары, батырлары мен белгілі адамдарының құрылтайында орыс патшасының үкіметімен оның қоластындағы қалмақ, башқұрт және орыс казактарының қазақ еліне шабуылдарын доғартуды көздейтін бітім жасау жөнінде шешім қабылданған...
***
Ордасында өткен мәжіліске қатысушы билер, батырлар, бас адамдар мен сұлтандардың терістіктегі алып көршімен бітім жасасу жайындағы ұжымдық шешімін жүзеге асыру үшін Әбілқайыр хан орыс патшайымына арнайы хат жазды. Оны апарып тапсыру міндеттелген елшілеріне жолдағы орыс әкіміне көрсету үшін де хат берді, сосын олармен оңаша ұзақ кеңесіп, дипломатиялық сапар барысында қол жеткізулері тиіс мәселелерді пысықтады... Ұзамай құрамында он бір адам бар Әбілқайыр хан елшілігінің керуені орыс империясының астанасын бетке ұстап, император әйел Анна Иоанновнаға ханның хатын тапсыру үшін арнайы сапарға шыққан. Жолшыбай тоқтаған орыс қалаларындағы патша әкімшіліктері Санкт-Петербургті бетке ұстаған қазақ елшілігінің алға қойған мақсаты жайында олардан сұрап білген мағлұматтарын жоғарыға жолдап отырған. Солардан мынандай ақпарат мәлім. 1720 жылғы 20 шілдеде елшілік Уфаға келген. Сол жерде, Уфаның әскери кеңсесінде, «Құтлұмбет би, Сейтқұл батыр, Тоқтамыс мырза» ауызша әңгімеде үш бөлікке жүйеленген мынандай мәлімет берген: Бірінші. «Көшпенді қазақ халқы 40 мың шаңырақ болады, олардың басты адамы Әбілқайыр хан, елшілікті сол жіберген. Одан басқа тағы екі ханы бар – Барақ және Әбілмәмет. Ұлы және Кіші тауларда, Сыр, Сарысу және Торғай өзендері бойларында, Қарақұм даласында және сол жақтардағы басқа жерлерде көшіп-қонып жүреді. Сол жақтарда қазақ қалалары бар: басты қаласы Ташкент, ондағы қожа Жолбарыс хан, екінші қала Түркістан, оның иеленушісі Сәмеке хан, үшінші қала Сайрам, ондағы иеленуші Күшік хан. Осы қалаларға қарайтын қыстақтардың саны аз емес. Барлық көшпенділердің де, қалалықтардың да хандары – мұрагерлікті ұстанады. Олардың, қазақтардың, заңы – мұсылмандық». Екінші. Осыған дейін осы қазақ хандары қонтайшымен және Еділ қалмақтарымен, сондай-ақ, башқұрттармен соғысқан. Қазір олар қонтайшымен де, қалмақтармен де татуласты, ал башқұрттар олармен, қазақтармен, императордың ұлылығының ерік-жігері білдірілмейінше татуласар емес. Ал қазақ хандары өзге халықтардың шабуылдарынан даңқты Ресей империясының протекциясы арқылы қорғануға мүдделі, сондықтан олар мұны Әбілқайыр ханға тапсырды. Содан оның елшілері барлық хандардың келісімімен белгілі бір шартты патшайымға жеткізу үшін жіберіліп отыр. Үшінші. Егер «ұлы мәртебелі императрица қазақ хандарын бодандыққа қабылдауға кеңшілік етіп нұсқау берсе», сөйтіп башқұрттардың және өзге де ресейлік бодандардың олардан олжалаған бенделерін қазақ хандарына қайтарса деген ұсыныстарын айтпақ. Сонда олар, қазақ хандары, өздеріндегі олжаланған ресейлік бодандарды қайтаруға және қызмет етіп, ясак (бұлғын, түлкі, құндыз, сусар және басқа да аң терілері түрінде алынатын алым-салық – Б.Қ.) төлеп жүрген башқұрттар тәрізді «адал қызмет етуге» және ясак беруге уәде етеді. Ал егер оларға әлдебір дұшпандар шабуыл жасаса, оларды, «қазақ хандарын ұлы мәртебелінің бодандарындай» есептесе дейді. Мәтіннен байқалып тұрғандай, елшілер башқұрттармен тіл табысу (тұтқындармен алмасу, екінші қайтып өзара шабуыл жасаспау) жайында, башқұрттар империя қарамағындағы ел болғандықтан, императрицадан арнайы нұсқау беруін сұрамақ. Мұндай тыныштыққа жағдай туғызылған және патшайым сыртқы дұшпандардан қорғануға септескен жағдайда, қазақтар да башқұрттар тәрізді ясак беріп тұруға әзір. Әбілқайыр ханның елшілері Ресей астанасына сапарының мақсатын осындай ауқымда ғана түсіндіруге хақылы болған. Мәтіндегі біз тырнақшаға алған жалыныштылық күй танытатын сөйлемдер орыс әкімшіліктеріндегі қызметшілердің патшалық империя аталғалы бері астамшылық дерті үдей түскен пиғылдарына сәйкес өз жандарынан қосқан ұғымдарды білдіреді. Уфадан Санкт-Петербургке жолданған ақпаратта «Ал оларға жол көрсетіп келе жатқан башқұрттар әскери кеңсеге қазақтардың Уфадан алты аптада, ал олардан, башқұрттардан, бір айда атпен жүргенде жетуге болатын жерде көшіп-қонып жүргенін айтқан» деген хабар бар. Орыстардан осындай қашықтықта өмір сүріп жатқан халықтың оларға басыбайлы бодан болуға бейілдігін білдіруі қисынсыз екені дәлел тілемесе керек. Бөтен тектілердің тілдеріндегі құжаттарды орысшалағанда өз пиғылдарын тұжырымдап қоюды орыс әкімдері қалмақтармен жасаған келісімшарттарында көрсеткен (басқы тарауда айтқанымыздай, 17-ші ғасырда жасалған құжат бойынша қалмақтар орыстармен әскери одақ құрдық деп санаса, орыстар оларды бодандығымызға алдық, қалмақ жасақтары орыс әскері құрамында болады деп санаған). Аймағынан өтіп бара жатқан қазақ елшілігі жайында іле-шала Басқарушы Сенатқа жіберген Уфа воеводасының баянхатында мынандай қызық дерек айтылған. Сол 1730 жылғы 28 маусымда кеңсеге Уфа үйезі Ноғай жолындағы (жол – сөзбе-сөз алғанда, іс жүзінде мәтіндегі орысша «дорога» деген сөз аймақ, өңір, облыс ұғымын береді, башқұрт елінде Алтын Орда дәуірінде «даруга» деп қолданылған аумақтық-әкімшілік бірлік ұғымын білдіретін атау – Б.Қ.) Кубелек, Табын болыстарының башқұрттары Қарабай Тұрымбетов пен Лықай Сейітов Қазақ Ордасының қазағы Биатшы Төлеевті жолдастарымен алып келген. Ол Әбілқайыр хан иелігінен екен, Уфа үйезіндегі Ноғай жолына (яғни Ноғай аймағына, облысына) құдды әскерлер жайын білуге келген көрінеді. Олардың иесі Әбілқайыр мен Сәмеке хандар және олардың қазақтары бүгінде оның императорлық ұлылығы протекциясында «қызмет етіп», «бодан болғысы» келетін сияқты. Сөйтіп, олардың қожалары шапшаңдатып өздерінен ұлы мәртебеліге елшілер жібергілері келеді екен. Бұл жайында Басқарушы Сенатқа 8 шілдеде хабарланған. Демек, бұл хабар Сыртқы істер алқасына да мәлімделсе керек... Баянхатта одан әрі: «Ал Қазақ ордасынан 20 шілдеде Әбілқайыр ханның елшілері ретінде келген қазақтар өздерінде ұлы мәртебелі императрицаға арналған хат бар екенін айтқан. Екінші хат Уфа провинциясының воеводасы атына жазылған. Оны берген елшілер Құтлұмбет Қоштаев пен оның алты жолдасы. Олардың қастарында бес адам қосшы боп жүр. Осы баянхатпен қазақ ханының воеводаға жазған хаты орыс тіліне тәржімаланып қоса жіберілді» делінген. Елшілер Уфадағы мемлекеттік қызмет атқаратын адамдармен бірге, күзетпен 1730 жылғы тамыздың басында Санкт-Петербург (Питербурх) қаласына, Басқарушы Сенатқа жөнелтіледі. Олар 28 тамызда Мәскеуге, одан қыркүйектің аяғына қарай империя астанасына жетеді. Сыртқы істер алқасына қазақ елшілерін алып келген башқұрттар 29 қыркүйекте жоғарыда айтылған мәліметтерді қайталап, өздерінің тұрғын-жайларының төрт жолда (яғни төрт облыста), атап айтқанда Ноғай жолы (облысы), Сібір жолы (облысы), Осы жолы (облысы), Қазан жолында (облысы) жерлерінде екенін, қазақ ордаларынан қашықта тұратындықтан олармен соғыс жағдайында еместігін айтады. «Ұлы мәртебелі патшайымның аса мейірімді пәрменімен қазақ халқы бодандыққа қабылданса», онда башқұрттар да тыныштықта өмір сүрер еді, қазақтар оларға шабуыл жасап, тұрмыстарын күйзелтуге түсірмес еді, башқұрттан алған тұтқындарын қайтарар еді. Башқұрттарға келер пайда осы. Ал осындай қазақ сынды ұлы халықтың «өз еркімен бодандыққа келуі» ұлы мәртебелінің даңқын арттыра түсер еді. Бұл жерде де орыс әкімшілігі ниетін көрсететін, бұрмаланып тықпаланған сөздерді тырнақшаға алып көрсетіп отырмыз. Сыртқы істер алқасында 1730 жылғы 21 қазанда қазақ елшілерінің Әбілқайыр ханның орыс патшайымына хат жазу себебін түсіндірген сөздері рәсімделді. Хаттама іс жүзінде олардың 20 шілдеде Уфада берген хабарламасын қайталаған, тек қазақ қалаларындағы үйлер санын: «...бас қала Ташкент, онда қырық мың тұрғын үй бар, екінші қала Түркістан, ондағы тұрғынжай отыз екі мың үй, үшінші қала Сайрам, ондағы тұрғын үйлер саны отыз екі мың немесе одан да көп...» деп қосып келтірген. Және олардағы хандардың бәрі Әбілқайырға бағынатынын атап көрсеткен. Осы хаттаманың, сонымен бірге, әрине, Әбілқайыр ханның императрицаға жазған хатының орысшаланған нұсқасының көшірмесі аса маңызды тапсырмамен қазақ еліне аттандырылмақ тілмәш және мәмілегер Тевкелевке беріледі. Бәлкім, солардың империя ыңғайында жасалған мәтіні мен аудармасына осынау дипломаттың өзінің тікелей қатысы болған да шығар... Құтлұ-Мұхаммед (Мәмед) Тевкелев жастайынан Ресейдің шетелдермен байланыс жасап тұратын орталық үкіметтік мекемесі Посолдық приказ тілмәші болған. Мұнда, жалпы, оның әкесі Мамеш, немере ағалары Рамазан мен Мұртаза да тілмәштық қызмет атқаратын. Орталық басқару мекемелерін реформалау кезінде І Петр Посолдық приказды 1720 жылы мүлдем жойып, орнына Сыртқы істер алқасын құрды. Ал Құтлұ-Мұхаммед ағаларының көмегімен сол Сыртқы істер алқасына қызметке алынды. Патша құзырындағы мемлекеттік чиновник лауазымы оны одан әрі өсуге, баюға, биік әлеуметтік мәртебеге жетуге ұмтылта түседі. Ол І Петрдің қатерлі бастамаларының бәріне қатысады. Тілмашы ретінде 1711 жылы Прут жорығына қатысып, түрік армиясы орыс армиясын жойып жіберудің аз-ақ алдында қалғанын көреді. Патша тапсырмасымен 1717 жылы Үндістанға жол ашқысы келген князь Бекович-Черкасскийлің Орта Азия экспедициясында болады. Экспедицияға қатысушыларды Хиуа ханының әскері қырып жібергенде, әйтеуір, ғайыптан аман қалады. Сосын қайтадан патша жанынан табылады. 1722 жылы І Петрмен бірге оның тілмәші ретінде Парсы жорығына шығады. Бұл жорықтың да оң нәтиже бермеуі І Петрдің назарын Қазақ Ордасына бұрады. Тевкелевтің жазбаларына қарағанда, І Петр қазақ жері арқылы шығысқа жол ашу үшін «миллион сом шығындасақ та қазақ ханынан орыстың қорғауында болғымыз келеді деген бір жапырақ қағазды қолға түсіру керек» деген жоспарын сол сапарынан кейін іле-шала айтқан екен. Алайда тағдыр оның жоспарын өзіне орындатуға жазбады (1725 жылы қайтыс болды). Оны жүзеге асыруға І Петрдің аманатын көкірегіне мықтап байлаған мансапқор тілмәш Мәмед (Алексей Иванович) Тевкелев Әбілқайыр ханның Ресей боданы болып табылатын башқұртпен қарым-қатынасты бейбіт сипатқа түсіру үшін Анна Иоанновна патшайымға бітім жасау жайында елшілік жіберуіне орай құлшына кірісті...***
Мән-мағынасы бұрмаланған тағдыршешті бетбұрыстың негізгі құжаты Әбілқайыр ханның орыс императрицасына жазған хаты екені белгілі. Күні бүгінге дейін көпшілік арасындағы пікір бойынша, ол жеке басының қамы үшін Ресейге қарамағындағы халқымен бодан болуға өзі сұранған, яғни сатқын делінеді. Әбілқайыр ханның бізге орыс тілі арқылы мәлім болған «сатқындық хатын» үстіміздегі ғасырдың басында тарихшы Амантай Исин түпнұсқадан оқып, қайта тәржімәлады. Нәтижесінде ғылыми айналымда жүрген тарихи хаттың орысша нұсқасындағы бірқатар сөздердің түпнұсқада жоқ екенін, біразының мағынасы өзгертіліп берілгенін анықтады. Оның себебін тарихшы «дала билеушілері жазған хаттардың ресми аудармаларында... басы артық, бағынышты сөздерді қосып жіберу – Мәскеу мемлекеті кеңсе қызметі қалыптастырып, Ресей империясы үдетіп жіберген әдет» болғандықтан, содан және «кеңес заманындағы ұлы халықты аға тұтқан құлшыныстан» көреді. Сол замандағы шығыс әміршілері қолданған араб, парсы сөздері аралас түркі-қазақ тілінде жазған хатындағы «хан сөздері ұстамды, белгілі бір тұстарында асқақ. Кішіреюі де, өзге мемлекет иесімен тең сезінуі де, құрмет көрсетуі, сыпайы сөз саптауы, мүдделі ісі де үйлесімді, салмақты өлшеммен жеткізілген. Бұл хаттан артық жалбарыну, Ресей патшалығына ашық мойынсұну, құлдана сөйлеу деген байқалмайды». Енді А. Исин зерттеу мақаласында келтірген түпнұсқалық мәтінге көз жүгіртейік: «Ұлұғларың аууа марһаматы биік, дәулеті артық, йер йүзіне билеген ақна ұлұғ падша хазыретлерің хұзырына бенделік етеміз. Күнден күн, айдан айға, йылдан йылға дәулет сәлемет зияда олар анша тасығай. Біз ғарызбанде хазыретіңізге бұ дәрге. Сіз ұлұғ хазыретнің Орал ештегі башқұрт халайықы бірле арада еллігіміз йоқ ерді. Емді ел-хал, Сіз дәулеті ұлұғ падша хазыретіңе саясыда панаһ олып, сатиғ мунқаз олмақ үчін тоғай йолы Орал ештегі бендеңіз Алдарбайға елші қосып йібердім. Ол Алдарбай Сіз ұлұғ падшаның хазіретіге елші тілегені үчін біз, Әбілхайыр хан, қырық сан қазақ Орта йүз, Кіші йүз барша рағайат қарашаларым бірле баш салдым. Йарлық: Сізнің-дүр ол қулларыңыз Орал ештегі бірле ел қылып Ірішу[і]ңні тілейміз. Сізнің йарлығыңыз бірле ел болғаймыз. Сейітқұл йіберген елші баш Құтлымет йолдашлары бірле». Империяның Сыртқы істер алқасындағы аудармашылар – бәлкім, тәржімә жасауға Құтлұмұхаммед (Мәмед, Алексей Иванович) Тевкелевтің тікелей қатысы да болған шығар – қазақ ханының хатын патшайымға ұсыну үшін мәтінді орыс тілінде мынандай нұсқаға түсірген екен: «Величайшей, благородной, богатой и умной обладательнице многих земель, ее величеству государыне императрице ежедневно, ежемесячно и ежегодно желаем божией милостью благополучного государствования. Наше заявление Вашему величеству состоит в том, что с подданным Вам башкирским народом, который находится за Уралом, у нас близких отношений не было. Желая быть совершенно подвластным Вашему величеству, я посылаю своего посланника вместе с Вашим подданным Алдарбаем. Этот Алдарбай требовал посланника от нас к Вашему величеству, и поэтому мы, Абулхаир-хан с подвластным мне многочисленным казахским народом Среднего и Малого жузов, все преклоняемся перед Вами, являемся Вашими слугами и все вместе в простым народом желаем Вашего покровительства и ожидаем Вашей помощи, чтобы с подданным Вам башкирским народом, находящимся за Уралом, жить в согласии. Желаем Вам всякого благополучия и будем Вашими подданными. (Передали): Сеиткул. Главный посланник Куттумбет с товарищами». Тәржімадағы «благородной», «умной», «божией милостью»,«который находится за Уралом», «близких отношений», «многочисленным», «являемся Вашими слугами и все вместе в простым народом желаем Вашего покровительства и ожидаем Вашей помощи», «находящимся за Уралом», «Желаем Вам всякого благополучия и будем Вашими подданными» деген сөздердің баламасының түпнұсқада жоқтығын, яғни олардың аударма жасау барысында мәтінге жаңадан немесе мағынасы өзгертіліп қосылғанын айта келіп, А.Исин хаттың мынандай жаңа аудармасын жасайды: «Величия и милости высокой, государства превыше, правящей [всеми] землями ее величеству белой великой императрице обращаемся с обыденным намерением. Изо дня в день, из месяца в месяц, из года в год государство [Ваше] да пребывает в здравии и приумножается. Наше заявление Вашему величеству следующее. С народом Вашего величества уральскими ештек-башкортами меж нами нет согласия. Теперь, желая получить под покровом Вашего императорского величества защиту и спокойствие, посылаю, присоединив к лесной дороги уральскому ештеку подданному Вашему Алдарбаю, своего посла. Поскольку этот Алдарбай просил посла к Вашему императорскому величию, мы, Абулхаир-хан, сорок санов казахов, Средний и Младший жузы со всеми подвластными мне караша склоняем голову. Ярлык: с Вашими слугами уральскими ештеками хотим достичь согласия. С Вашим ярлыком да будем в согласии. Посланный посол Сеиткул во главе с Кутлыметом с товарищи». Енді түпнұсқаның кей тұстарымен екі аударманы салыстырып қарайық Түпнұсқа: «Біз ғарызбанде хазыретіңізге бұ дәрге. Сіз ұлұғ хазыретнің Орал ештегі башқұрт халайықы бірле арада еллігіміз йоқ ерді». Сыртқы істер алқасының аудармасы: «Наше заявление Вашему величеству состоит в том, что с подданным Вам башкирским народом, который находится за Уралом, у нас близких отношений не было». Тарихшы А.Исин жасаған жаңа аударма: «Наше заявление Вашему величеству следующее. С народом Вашего величества уральскими ештек-башкортами меж нами нет согласия». Осы үзік бүгінгі қолданыстағы өз тілімізде былай болар еді: «Біз Сіздің ұлы мәртебеңізге мынандай мәлімдеме жасаймыз. Сіздің ұлы мәртебеңіздің халайығы Орал башқұрт-естектерімен арада елдік келісім болмай тұр». Одан әрі хаттың түпнұсқасында: «Емді ел-хал, Сіз дәулеті ұлұғ падша хазыретіңе саясыда панаһ олып, сатиғ мунқаз олмақ үчін тоғай йолы Орал ештегі бендеңіз Алдарбайға елші қосып йібердім. Ол Алдарбай Сіз ұлұғ падшаның хазіретіге елші тілегені үчін біз, Әбілхайыр хан, қырық сан қазақ Орта йүз, Кіші йүз барша рағайат қарашаларым бірле баш салдым», – делінеді. Патшалық тәржімәсінде бұл үзік түпнұсқада жоқ сөздер мен ұғымдарды қосып, былай берілген: «Желая быть совершенно подвластным Вашему величеству, я посылаю своего посланника вместе с Вашим подданным Алдарбаем. Этот Алдарбай требовал посланника от нас к Вашему величеству, и поэтому мы, Абулхаир-хан с подвластным мне многочисленным казахским народом Среднего и Малого жузов, все преклоняемся перед Вами, являемся Вашими слугами и все вместе в простым народом желаем Вашего покровительства и ожидаем Вашей помощи, чтобы с подданным Вам башкирским народом, находящимся за Уралом, жить в согласии». Артық сөздерді алып тастап, мағынасы өзгерген сөздерді (айталық, «елші тілегені», яғни «елші жіберуді өтінгені» деген тіркесті – «требовал посланника», яғни елші жіберуді талап етті» деп бергенді) түзетіп жасаған жаңа аудармада жоғарғы үзінді былай боп шыққан: «Теперь, желая получить под покровом Вашего императорского величества защиту и спокойствие, посылаю, присоединив к лесной дороги уральскому ештеку подданному Вашему Алдарбаю, своего посла. Поскольку этот Алдарбай просил посла к Вашему императорскому величию, мы, Абулхаир-хан, сорок санов казахов, Средний и Младший жузы со всеми подвластными мне караша склоняем голову». Қазақшасы: «Енді, Сіздің ұлы мемлекет патшасы мәртебеңіздің саясында қорғалып, тыныштық алмақ үшін Ноғай жолындағы Орал естегі бендеңіз (боданыңыз) Алдарбайға елші қосып жібердім. Осы Алдарбай Сіздің ұлы патша мәртебеңізге елші жіберуді өтінгені үшін біз, Әбілқайыр хан, қырық сан қазақ, қарамағымдағы Орта жүз бен Кіші жүздегі барша қарашаларыммен бірге бас иемін». Аңғарылып тұрғандай, түпнұсқадағы: «...тоғай йолы Орал ештегі...» деген тіркес жаңа аудармада: «...к лесной дороги уральскому ештеку...» деп берілген. Яғни «...тоғай йолы...» – «лесная дорога» деп төте аударылған. Бұл жайында А. Исин түпнұсқада солай «тоғай» түрінде тұрғанын көрсете отырып: «Тарихта «Ноғай жолы» деген жол (бағыт) бар. Бірақ бұл жерде «ноғай жолы» деп қабылдау үшін анық жазылған «тоғай жолы» деген ұғымды жоққа шығару керек», – дейді. Алайда араб әріптерімен жазылған түпнұсқада бір ноқаттың абайсызда артық түсіп кетуі де ықтимал екенін ойлау жөн, екі нүкте – «т», егер бір нүкте болса – «н» болар еді. Әрі ол заманда, башқұрт көтерілісін қанға бояп басқаннан кейін, патшалық башқұрт жерін төрт әкімшілік аумаққа – жолға бөлген, «жол» (йол, дорога, даруга) – округ, облыс, аудан сияқты аумақтық-әкімшілік бірлікті білдіретін сөз болып кеткен. Қазақ жерімен әлденеше болыстардан құралатын Ноғай және Сібір жолдары (аудандары) шектесіп жататын. Сондықтан, хат мәтініндегі «тоғай» деген сөзді кездейсоқ қос нүкте түсіп кеткендіктен кеткен қате ретінде түзетіп, «ноғай» деп батыл өзгертіп жазу керек. Мәтінді қазақшалағанда солай – «Ноғай жолы» деп көрсетілді. Хаттың түйіні: «Йарлық: Сізнің-дүр ол қулларыңыз Орал ештегі бірле ел қылып Ірішу[і]ңні тілейміз. Сізнің йарлығыңыз бірле ел болғаймыз». Патшалық тәржімәсі: «...с подданным Вам башкирским народом, находящимся за Уралом, жить в согласии. Желаем Вам всякого благополучия и будем Вашими подданными». Жаңа аударма: «Ярлык: с Вашими слугами уральскими ештеками хотим достичь согласия. С Вашим ярлыком да будем в согласии». Қазақшасы: «Жарлық: Сіздің құлдарыңыз Орал естектерімен ынтымаққа қол жеткізгіміз келеді. Сіздің жарлығыңызбен ынтымақтас боламыз». Әбілқайыр хан 1730 жылы Анна Ионновнаға осындай тілек айтқан еді.(Басы. Жалғасы келесі санда)
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы