ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ІРІ ӘУЕЖАЙ

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ІРІ ӘУЕЖАЙ

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ІРІ ӘУЕЖАЙ
ашық дереккөзі
29 қазан күні әлемдегі ірі әуе айлағы ашылды. Жаңа әуежайға алғаш болып Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның ұшағы келіп қонды. Бұл әуежайдың алғашқы сатысының іске қосылуы үшін 6 миллиард еуро инвестиция салынған. Қалған сатылары да жолаушы санының артуына байланысты 2023 жылға дейін салынып бітпек. Түрік мегаполисінде орналасқан бұл кешенге Станбұл аты берілді.  Әуежайдың ашылу салтанатында: «Станбұл әуежайы ‒ Түркияның зор мақтанышы және ол бүкіл әлемге үлгі бола алады», ‒ деп атап өтті түрік президенті Реджеп Тайып Ердоған. Президенттің айтуынша, Станбұлда жаңа әуежайдың ашылуы тек Түркия ғана емес, бүкіл әлемге пайдалы болмақ. Ол Станбұл Түркияның ірі қаласы ғана емес, елдің ең қымбат бренді екенін атап өтті. «Станбұл әуежайының барлық кезеңі пайдалануға берілгеннен кейін Ататүрік халықаралық әуежайында коммерциялық рейстер болмайды, бірақ ол әуе айлағы мәртебесін сақтап қалады», ‒ деді Реджеп Тайып Ердоған. Оның айтуынша, 2013 жылы Түркия билігі жаңа әуежайдың құрылысына тендер жариялаған кезде көп адам бұл бастаманың ойдағыдай жүзеге асатынына сенбеген.  «Бірінші кезең ашылғаннан кейін Станбұл әуежайы жылына 90 млн жолаушыға дейін қызмет көрсете алады. Барлық кезең іске қосылған соң бұл көрсеткіш 150 миллионға жетеді. Ал қажеттілік туса, 200 млн адамға қызмет көрсете алады», ‒ деді Ердоған. Әуежай толығымен іске қосылғанда бір-бірінен тәуелсіз 6 ұшу-қону жолы, 500 ұшаққа қызмет көрсету мүмкіншілігі, 70 мың көліктік ашық және жабық автопарк жұмыс істейді. 31 қазан күні Анкара, 1 қараша күні Анталья, 2 қараша күні Измир қалаларына алғашқы рейстер ұшады. Ал Станбұлдан шетелге бағытталған рейс 1 қарашаға жоспарланған. Солтүстік Кипр Түрік Республикасы мен 8 қараша күні Әзірбайжанға ұшады. Жылдың соңына дейін күніне 2 мың ұшақ ұшып-қонатын әуежайдан 350 бағытқа рейстер ұшпақ. Әуежай, сондай-ақ, 250 әуе компаниясына қызмет көрсетеді. Әуежай құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 10,247 миллиард еуроға жетті. Жаңа әуежайдан түсетін мемлекет табысы 32,4 миллиард еуро болмақ. Түркия әлемдегі дамыған 10 елдің қатарына қосылу үшін қарқынды жұмыс істеуде. Соның бір көрінісі әлемдегі баламасы жоқ Станбұл әуежайы. Тағы бір айта кетерлігі аталған әуежайда қауіпсіздік ең жоғары деңгейде және соңғы технологиямен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, тұңғыш рет жерден радар жүйесі іске қосылады.