Гафур Рахимов AIBA президенті болып сайланды

Гафур Рахимов AIBA президенті болып сайланды

Гафур Рахимов AIBA президенті болып сайланды
ашық дереккөзі
Мәскеуде өткен Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (AIBA) кезекті конгресінде ұйымның президенті сайланды, деп хабарлайды kaz.vesti.kz. Дауыс беру қорытындысы бойынша осыған дейін бұл қызметті уақытша атқарып келген өзбек Гафур Рахимов жеңіске жетті. Президент сайлауына өзбек маманымен таласқа отандасымыз Серік Қонақбаев түскен еді. Сайлау қорытындысы бойынша қарсыласы 136 дауыстың 86-сына ие болған. Гафур Рахимов ұйымды 2022 жылға дейін басқарады. Дегенмен өзбекстандық азаматтың жұмысына Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) көңілі толмайды. Тіпті осы маман президент болып сайланса, боксты Олимпиада бағдарламасынан шығаратындары жайлы да ескерткен. Сайлауда өзбекстандық азамат жеңіске жеткеннен кейін, бокстың болашағына спорт сарапшылары мен жанкүйерлер алаңдай бастады. Бокс 2020 жылғы Токио олимпиадасының бағдарламасына енбей қалуы мүмкін деген күдік бар. Алайда әзірге ХОК ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Гафур Рахимов болса бокстың Олимпиада бағдарламасында қалатынына сенімді.  Айта кетейік, бастапқыда Азия бокс конфедерациясының басшысы Серік Қонақбаевқа сайлауға қатысуға рұқсат берген жоқ. Қонақбаев Лозаннадағы Спорттық арбитраждық сот (CAS) шешімі бойынша қатысуға мүмкіндік алған еді.