«Кедей сөзі» мен «Бостандық туы» газеттерінің жоғалған нөмірлері табылды
«Кедей сөзі» мен «Бостандық туы» газеттерінің жоғалған нөмірлері табылды
Қазақ баспасөзінің бастауында тұрған басылымдардың бірі – 1920 жылы ақпаннан бастап Омбы қаласында жарық көре бастаған «Кедей сөзі» газеті қазақ еңбекшілерінің сауатын ашып, сана-сезімін оятуды мақсат тұтты.
Қазақ баспасөзінің бастауында тұрған басылымдардың бірі – 1920 жылы ақпаннан бастап Омбы қаласында жарық көре бастаған «Кедей сөзі» газеті қазақ еңбекшілерінің сауатын ашып, сана-сезімін оятуды мақсат тұтты.
Халық шаруашылығындағы дағдарыстарға, полиграфиялық базаның нашарлығы мен кадр тапшылығына қарамастан алыс ауыл, аудандарға тұрақты түрде тараған газет еңбекші бұқараға жаңалықты дер кезінде жеткізіп отырды. Басылым 1921 жылы 14 наурыздан Петропавлға ауыстырылып, “Бостандық туы” деген жаңа атпен Ақмола губерниясының газеті болып шыға бастағанын тарих беттері жалаң болса да мағлұматтаған. Газеттің наурыз айындағы нөмірлері жоғалып кетуіне байланысты күні бүгінге дейін зерттеушілер қаржылық қиындықтар салдарынан олар мүлдем жарық көрмеген деген жаңсақ қорытындыға сүйеніп келді. Алайда ұзақ уақыт жүргізілген ізденістің арқасында басылымның жоғалған даналарын ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ, біздің қолымыздағы құнды деректер Ілияс Жансүгіровтің Мағжан мен оның әріптестерінің шығармашылығына деген қызығушылығы зор болғанын шегелей түсті. Публицист газеттің көзі жойылды, тәркіленді деп саналып келген нөмірлерін қолға түсіріп, көзінің қарашығындай сақтапты. Соның арқасында тарихи жәдігер арада қаншама жыл өтсе де, бізге дейін бүлінбей жетіп отыр.
Өткен ғасырдың 20-жылдары Омбы қаласында жарық көрген алғашқы қазақ басылымдарының тарихы кешегі күнге дейін бүркемеленіп келді. Тек Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ғана ұлттық БАҚ-тың жазықсыз жазаға ұшыраған тілшілері мен редакторларының шығармашылық мұрасына бетбұрыс жасалды.
Құпия мұрағаттарды зерттеу кезінде біз Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов және Смағұл Садуақасовтың Қазақ автономиясының мемлекеттік саясатын ақпараттық қолдау, өңірлерде насихаттау бағытындағы бірлескен қызметі жайлы беймәлім құжаттарды таптық. Мәселен, 1920 жылы Омбыдағы Қазақ өкілеттілігіне жолдаған жеделхатында ҚазОАК Саяси хатшысы С.Сәдуақасов «тұрғындарды Қазақ республикасының саясаты жайлы кеңінен ақпараттандыру шараларын қолға алуды, Қазақ автономиясының мақсат-мұраттары туралы листовкалар мен газет материалдарын дайындауды» тапсырған. Сәкен Сейфуллин мен өзге де тәжірибелі тұлғалардың кеңесі бойынша ұлттық БАҚ бұрынғы хандық кезіндегі губерниялық орталықтарда (Омбы, Орынбор, Ташкент) шоғырлануы тиіс болды.
Редакциялар сауатты кадрларға іздеу жариялады. Жұмысқа қабылданғандардың басым бөлігін медресе (Уфадағы «Ғалия», т.б.) түлектері құрады. Омбыдағы «мұсылман» татар баспаханаларының техникалық мүмкіндігі сол кезеңде ашылған қазақ газеті – «Кедей сөзінің» аяқтан тік тұруына көмектесті. Қошке Кемеңгерұлы, Сабыр Айтқожин, Мағжан Жұмабаев, Бекмұхамед Серкебаев, Әділқайыр Досов сынды қаламгерлер білімі мен тәжірибелерін қазақ қоғамындағы ақпараттық сауатсыздықты жою жолына сарп етті.
1920 жылы шыққан «Кедей сөзі» газетінің наурыз айындағы нөмірлері туралы ғылыми орта қате көзқарас ұстанып келгеніне енді ғана көзіміз жетіп отыр. Басылымның алғашқы нөмірі тараған соң арада үлкен үзіліс орнап, екінші нөмірі тек қараша айында жарық көрді деген пікірден айнымай келген едік. Жуырда табылған газет даналарының бірінші бетінде репрессияға ұшыраған қазақ ақыны, көсемсөзші, әдебиеттанушы Ілияс Жансүгіров қолжазбаларының көшірмесі басылған. Үшбұрышты мөрдің ішіне публицистің «Джансугуров Ильяс» деп орыс тілінде және арабтың төте жазуымен қазақ тілінде жазылған есімі мен тегі бедерленген. Дәл осындай мөрді «Бостандық туы» газетінің 1922 жылғы сәуірдегі нөмірлерінен де көруге болады. «Кедей сөзі» Ілияс Жансүгіровтің жеке кітапханасына қалай және қашан тап болғанын анықтау қажеттілігі туып тұр.
Ілияс Жансүгіровтің жеке кітапханасының арқасында Мағжан Жұмабаевтың («От» және «Ұлан» өлеңдері, «Екіден бір» және «Ұғылмай жүрген мәселелер ішінде әйел мәселесі» мақалалары), Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров («Қисса»), Сабыр Айтқожин, Әбдірахман Бегішев («Қызылжар туралы») және өзге де қазақ, татар тілшілері мен редакторларының беймәлім мұраларымен танысуға мүмкіндік алдық.
Газет қағазы сарғайып, шеттері әбден көнергендіктен кейбір авторлардың есімін анықтау қиынға соғады демесеңіз, мәтіндердің барлығы дерлік жақсы сақталған. Бұл тақырыпты тереңірек зерттеу қазақ журналистикасы мен БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат тарихының ақтаңдақ беттерін қалпына келтіруге жол ашары сөзсіз. Қазақ баспасөзінің бүгінгі мұрагерлері – жас журналистер өз кәсібінің түп-тамырын тануға ден қояды деп сенеміз. Айтпақшы, «Кедей сөзі» мен «Бостандық туы» газетінің тікелей мұрагері – «Солтүстік Қазақстан» газетіне биыл 95 жыл!
Гүлнар МҰҚАНОВА, Тарих ғылымдарының кандидаты,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті