МАҒЖАН МҰРАЛАРЫ – МАКЕДОНИЯДА
МАҒЖАН МҰРАЛАРЫ – МАКЕДОНИЯДА
Жуырда «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы Македонияның Скопье және Гостивар қалаларында «Түркі әлемінің ұлы перзенттері» атты халықаралық ғылыми конференция өткізді. Аталған конференция қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына және қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналды. ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ бастаған ресми делегациямен жиынға қатысушы ғалымдарды Македония Сыртқы инвестициялар министрі Аднан Кахил және Мәдениет министрі Асаф Адеми арнайы қабылдап, ұйымның мәдени интеграция саласындағы жаңашыл жобаларына табыс тіледі.
Конференцияда сөз алған ғалымдар қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев пен қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов мұраларының түркі халықтарының мәдени өміріндегі орны мен маңызына тоқталып, олардың әлем әдебиетіне әкелген жаңалықтарын сөз етті. Сондай-ақ, жиын барысында «Мағжан Жұмабаев жылы» аясында басылып шыққан ақынның үш жинағы таныстырылды. Олардың біріншісі ‒ Мағжанның түрік тіліне жаңадан аударылған «Алыстағы бауырыма» (ауд. Әли Акбаш) жинағы. Екінші таныстырылған ‒ ақынның он екі тілдегі аудармаларының топтама жинағы, оны құрастырған Асқар Тұрғанбаев. Үшіншісі Рамиз Әскер аударған әзербайжан тіліндегі Мағжанның «Түркістан» топтамасы. Аталған үш жинақ та конференцияға қатысушылардың көңілінен щықты. Енді Мағжан мұралары македон тіліне аударылады. Скопье қаласындағы Македония мемлекеттік университетінің Түркология бөлімінде және Гостивар қаласындағы Визион университеттерінде өткізілген конференциялардың нәтижесінде тараптар осындай келісімге келді.