2 Қараша, 00:18 184 0 Ішкі саясат Ахмет ӨМІРЗАҚ

ТАТАРСТАН – ҚАЗАҚСТАН: САУДА АЙНАЛЫМЫ КҮШЕЙМЕК

Татарстанның астанасы Қазан қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 20-отырысы өтіп, оған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин қатысты. Кездесу барысында қос мемлекеттің сауда айналымы 17,5 млрд долларға жуықтағаны айтылып, бұл көрсеткішті алдағы екі жылда 20 млрд долларға жеткізу жайы сөз болды. Сондай-ақ, комиссия отырысында екі ел арасындағы экономикалық, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, білім мен ғылым саласындағы серіктестік жайы да әңгіме болды.

ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан сыртқы сауда айналымының 20 пайызы Ресейге тиесілі. Алдағы екі жылда тауар айналымының көлемін 20 млрд долларға жеткізуді көздеп отырған татар-қазақ кәсіпорындары 60 түрлі тауарды бірігіп өндіруге қауқарлы көрінеді. Ал РФ үкіметі төрағасының бірінші орынбасары, қаржы министрі Антон Силуановтың айтуынша, Қазақстан-Ресей сауда айналымы 23 пайызға артып, экспорт 9, импорт 10 пайызға ұлғайған. Сонымен бірге Ресей Қазақстанға 12 млрд доллар инвестиция құйған көрінеді. Ресей-Қазақстан арасында 6 мың біріккен кәсіпорын жұмыс істейді. Соның бірі – «КамАЗ» компаниясы. Біздің елде бұл компанияның 27 орталығы бар екен. Оралдың «Зенит» кеме жасау зауыты Зеленодолдағы әріптестерімен бірігіп өнім шығармақ болса, Қазанның әуе көлігі кәсіпорны Алматыдағы №405 зауытпен жаңа «Ансат» тікұшағын құрастырғалы отыр. Сол сияқты алдағы уақытта ІТ-технология, медицина, кіші авиация, ауыл шаруашылығы салаларында қарым-қатынас күшеймек.

Соңғы жаңалықтар