Мәжіліс назарынан тыс қалған мәселелер

Мәжіліс назарынан тыс қалған мәселелер

Мәжіліс назарынан тыс қалған мәселелер
ашық дереккөзі

Қазақстан Республикасы Парламенті V шақырылымының V сессиясы жұмысқа кіріскелі 1 айдан асты. Осы уақыт аралығында Парламент көз ілеспес жылдамдықпен өз қарауына келіп түскен заңдарды тоқтатпай қабылдауға кірісті. Тіпті азғана уақыт аралығында 46 заң жобасын қарап үлгеріп, біразына батасын беріп те жібергендігі айтылады. Қолдағы бар мәліметтерге қарағанда, осы жылдың соңына дейін Парламент 70-тен астам заң жобасын қарап, мақұлдап үлгеруі қажет. Бұның сыры неде?

ҰШҚЫР ПАРЛАМЕНТ НЕГЕ АСЫҒУДА?

Парламент Мәжілісінің сайлауы тағы да кезектен тыс болады деген пікір айтылғалы біраз уақыттың жүзі. Қауесеттің соңы қашан да шындыққа айналатындығын ескерсек, бұл жолғы Мәжіліс те мерзімінен бұрын тарап кетуі әбден ықтимал. Бізді алаңдатып отырған бұл емес, әрине. Біз соңғы сайланған Мәжілістің халыққа пайдалы қандай көшелі мәселелермен айналысқандығын жіпке тізгенді жөн көріп отырмыз. Соңғы жылдары Парламенттің пәрмені азайып, беделі кете бастады деген пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл әсіресе, мажоритарлық сайлау жүйесінен бас тартып, партиялық сайлау жүйесіне көшкеннен кейін нақты байқалатын сияқты. Себебі Қазақстанда көп партиялық жүйе әлі өз деңгейінде қалыптасқан жоқ. Кезінде саясат сахнасына атой сап келген, атышулы партиялар қазір мүлдем бәсең. Шын мәнісінде демократиялық жолды таңдаған, Мәжіліске депутаттарын ұсына алатындай екінші деңгейлі партиялардың жанбай жатып сөнуі балаң демократияның даңғыл жолға түсуіне мүмкіндік бермей отырған сынды. Көпшілік қазір аты бар да, заты жоқ партиялардың немен айналысатынын, қандай принциптерге бағынатынын, қандай пиар технологияны ту ететінін білмейді. Егер алда-жалда сайлау өте қалатын болса, қай партияға дауыс берерлерінен де бейхабар. Өйткені саяси партияларға халық сайлауда ғана қажет сияқты. Анда-санда өзінің сенсациялық жаңалықтарымен жұртты елең еткізіп қоюды мақсат тұтатын «Ақ жол» партиясы ғана елеуге тұрарлықтай. Оның өзінде «Ақ жолға» кімдер мүше, олардың нақты көздеген бағыты не? Халық бұдан бейхабар. Тек олардың серкесі, көшбасшысы Азат Перуашевтің анда-санда Мәжілісте кейбір министрлерге доқ көрсетіп қоятыны бар. Ал, Мәжілісте үшінші партия ретінде өз өкілдерін отырғызған «Қазақстанның халықтық ком­мунистік» партиясының атын да, затын да көп қазақстандықтар білмейді десек те болады.

Мәжілістің негізгі фракция­ларын тек «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттар басқарады. Ал ол фракцияларға мүше өзге партия өкілдерінің үні естіле қоймайды. Мәселен, тамыз айының соңында теңге курсының еркін айналымға жіберілгендігі жайында мәселені Мәжілістегі Үкімет сағатында қозғау үшін «Ақ жол» партиясының өкілі Азат Перуашев те, «Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы» атынан сайланған Жамбыл Ахметов те өздері мүше фракцияның шешімін күтетіндігін айтқан. Демек, аталған екі партия өкілдерінің дауысы шешуші рөл атқармайды деген сөз.

МӘЖІЛІС НАЗАРЫНАН ТЫС ҚАЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕР

Былтырғы сессияны жабарда да депутаттар 190 заң жобасын қарап, оның 113-ін қабылдап үлгергендерін мақтанышпен мәлімдеген еді. Ол оның алдындағы жылмен салыстырғанда, 17-ге артық екен. Негізінен инвестиция үшін қолайлы жағдай тудыру, шағын және орта бизнесті қолдау, Қазақстан Республикасының дамыған 30 елдің қатарына қосылуына жағдай жасау секілді мәселелерге көбірек көңіл бөлінген.

Алайда депутаттар назарынан тыс қалған кейбір әлеуметтік және саяси мәселелердің бар екендігін атап өтпесек болмас. Мәселен, депутаттар Байқоңырдан жиі ұшырылып жатқан қауіпті «Протондар» жайында немесе қырылған киіктердің өліміне орай алаңдаушылық білдіргенін де жұрт онша аңғара қоймады. Тіпті, 2012 жылы қазақ даласына төгілген улы гептилге төленетін өтемақының соңы да ізім-ғайым жоғалды. Оны қузап, тексеріп жатқан ешкім тағы жоқ.

Ол ол ма, депутаттардың айлы­ғын қысқарту туралы ұсынысқа наразы болған халық қалаулылары бастауыш сыныптарға арналған тегін тамақты бермеу туралы ұсынысты қуана қабылдады. Тіпті, бұған қарсы шыққандардың саны да санаулы.

Мәжілістің V шақырылымының қол қойған келісімдерінің бірі –Байқоңырдағы қазақ мектептерінің Ресей қарамағынан Қазақстанға өтуі туралы келіссөз. Қазір Байқоңырдағы 6 мектеп және 1 балабақша 2015 жылдан бастап, Қазақстан заңдары бойынша білім беруге көшті.

Жеке бедел таразыға түскенде...

Әзірге депутаттар тарапынан жұртты дүр сілкіндірген екі оқиға есте қалды деп айтуға негіз бар. Оның бірі – «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев пен Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов арасындағы текетірес болса, екіншісі – Светлана Романовскаяның туроператорға қоқан-лоққы жасап, балағаттауы жайлы дау.

Азат Перуашевтің намысын қамшылап, көңіліне қаяу түсіргені Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің аккредитацияға байланысты «Сіз қандай да бір жекеменшік ЖОО-ның мүддесіне лоббилік жасап отырсыз», – деуі және оның БАҚ-та таралып кетуі. «Лобби сөзі – біреулердің мүддесін қорғау және оны қорғау үшін белгілі бір үлеске ие болу немесе пара алу дегенді білдіреді» деген Азат Перуашев бұл оның азаматтық беделіне ғана емес, депутаттық ар-намысына да нұқсан келтіргендігін айтып сотқа жүгінді. Қазақстан тарихында болмаған бұл істе екі тарап та өз уәждерін айтып, сотта түсінік берді. Ақыры онда қылмыстық құрамның болмауы себепті іс сотқа жетпей жабылды. Азат Перуашев мырза Аслан Сәрінжіповтің жұрт алдында өзінен кешірім сұрауын талап еткенін ескерсек, бұның астарында не жатыр? Ар-намыс па? Шын мәнісінде білім жүйесіндегі берекесіздікке деген күйіну ме?

Дәл осы сауалды шетелде демалу үшін 6000 доллар ақша жұмсаған Светлана Романовскаяның туроператормен арадағы текетіресіне қатысты да айтуға болатын секілді. Светлана Романовская шетелге демалу үшін Travelsystem турфирмасының Қазақстандағы өкілдігі арқылы тапсырыс береді. Депутаттың күйінгені сол кездегі Travelsystem компаниясының банкротқа ұшы­рауы­ның салдарынан чартерлік рейске алған бизнес-кластағы биле­тінің күйіп кетуі әрі Қазақ­стандағы өкілдіктің басқа рейстегі экономкластан орын дайындауы. Туроператор өкілі аталған рейстердің арасындағы айырмашылықты өз қалтасынан төлеген. Бірақ соған қарамастан, депутат туроператор жұмысына қанағаттанбайды. Биыл жазда Түркияда Travelsystem компа­ния­сының банкротқа ұшырауына байланысты 700 қазақстандық ту­ристің тағы да сан соғып алда­нып қалғандығы жайында мәселеге орай, депутаттық сауал жолдаған ол Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешевтің отставкаға кетуін де талап еткен болатын. Яғни, депутат «Халықтық тұтынушылар одағының» жетекшісі бола тұра, осындай жағдай өз басынан өткеннен кейін ғана туризм саласындағы былықтарға мән беріп, оны Үкіметке құлаққағыс етуге дейін барып отыр.

P.S. Қазіргі депутаттардың саны – 107. Олардың 98-і 2012 жылғы мерзімінен бұрын өткен сайлау нәтижесінде сайланған. Депутаттардың 83-і – «Нұр Отан» партиясынан, 8-і – «Ақ жол» партиясының өкілі және 7-еуі – Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының атынан. Ал қалған 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері. Конституция талаптарына сүйенсек, Мәжіліс сайлауының келесі мерзімі – 2017 жылдың қаңтар айы. Кейбір саясаттанушылардың болжамы бойынша Мәжіліс сайлауы осы жылдың соңында немесе келесі жылдың басында өтуі де мүмкін. Бұдан халыққа келіп кетер еш пайда жоқ секілді. Тек кезекті рет ел қазынасынан қомақты қаржы шашылады. Айтпақшы, қаржы демекші, «Радиоточка» сайты Қазақстан бюджетінің сайлауға қарастырылған қаржылары туралы мәлімет таратты. Онда Қазақстан Республикасының «2014-2016 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы» 2013 жылғы 3 желтоқсандағы №148-V заңы бойынша «Сайлаулар өткізуге» – 429 642 000 теңге қарастырылған. Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 23 қарашадағы №54-V «2013-2015 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы» (2013 жылдың 29-қарашасында өзгертулер мен толықтырулар енгізілген) заңында «Сайлаулар өткізуді ұйымдастыру» бабына – 492 481 000 теңге, «Сайлаулар өткізу» бабына – 334 985 000 бөлінген.