Қайсарлық

Қайсарлық

Қайсарлық
ашық дереккөзі
«Нұрмұрат! Оның есіміндегі нұр және Мұрат деген екі сөздің өзі осал ма? Олқы емес, әрине. Ата Ерманның ұлы Наятұлла әке бұлай деп бекер қоймаған, арыдан ойлаған, болашаққа бойлаған. Демек, бұл – әкенің ғана нұрлы мұраты ма, жоқ, әулеттің де нұрлы мұраты!» – деп қазақтың белгілі сыншы-қаламгері Бақыт Сарбалаұлы жазғандай, кейіпкеріміздің ғұмыр жолы, расында да әкесі ырымдап қойған есіміне сай нұрлы мұраттың, жақсы арманның жетегінде биіктерге ұмтылып, ақылы мен білімін еліне арнады. Нұрмұрат Наятұллаұлы Ерманов бұрынғы «Жаңажол», қазіргі Дүроңғар атындағы ауылда 1950 жылдың 2 тамызында дүние есігін ашты. Осындағы 8 жылдық мектепті бітірген соң, ары қарай білімін аудан орталығындағы Жосалы кентіндегі №105 мектепте жалғастырып, онжылдықты бітірген. 1967 жылы Алматы ауылшаруашылық институтына түсіп, оны 1972 жылы үздік дипломмен бітірген ол арнайы жолдамамен «Казсельхозтехника» аудандық бірлестігінде механик, 1974-1977 жылдар аралығында «Жаңақала», қазіргі Тәйімбет Көмекбаев атындағы мал шаруашылығымен айналысатын кеңшарда бас инженер болып қызмет атқарды. Аудан орталығынан 170-200 шақырым қашықтықтағы ауылда қысы-жазы қарбаласы тынбайтын шаруашылықтың техникаларының дұрыс жұмыс істеуін қадағалап, қажымас қайратымен кеңшардың экономикалық жағынан дамуына зор үлес қосты. 1977 жылы Қызылорда қаласындағы ағаш өңдеу зауытында бас механик болып орналасып, мұнда да өзінің еңбекқорлығымен көзге түсіп, өзіне тапсырылған барлық істі біліктілікпен атқарып, абырой биігінен көріне бастаған-ды. Бірақ 1979 жылы тосыннан автокөлік апатына ұшырап, бір қолынан айырылды... Алты-жеті сағат автокөлік астында жатқан Нұрмұратты таң алдында сол маңнан өтіп бара жатқан орыс жігіті көріп қалып, Жалағаш ауданының ауруханасына жеткізеді. Оташылар ақылдаса келе, Нұрмұраттың оң қолын түбінен кесуге шешім қабылдайды. Жиырма тоғыз жасында тағдырдың сынына түскен жас жігіт, он күн бойы көзін аша алмай, өлім мен өмірдің арасында арпалысады. Әйтеуір татар дәмі таусылмаған Нұрмұратты дәрігерлер ажалдан арашалап қалады. Төсектен тұрғанда бір қолы жоқ «шолақ адам» болғанын аңғарып, қайғырса да, тумысынан қайсар жігіт ішкі жан дүниесінде болып жатқан аласапыран күйді жары мен балаларына, ағайын-туыстарына сездірмеуге тырысты. Өмірдің күрес екеніне көзі жеткен ол бойын жинап, алдағы тіршілікті ойлайды. Ауруханадан біраз емделгеннен кейін тән жарасы жазылып, рухын түсірмеген Нұрмұрат бұрынғы жұмыс істеген зауытына қайта оралады. Қызмет бабында өсіп – 1979-1999 жылдарда директордың орынбасары, директор болып қызмет атқарды. 1992-1993 жылдардағы алмағайып кезеңде көптеген кәсіпорындар мен мекемелер жабылып, тарап жатқан тұс еді. Осы кезде ол пікірлес азаматтарды жинап, ағаш өңдейтін цех ашуды қолға алады. Нұрмұрат Ерманов ең алдымен нендей істермен айналысуды нақтылап алғаннан кейін, кәсіпорынға «Бабас» бабасының есімін қояды. Нұрмұраттың бесінші атасы Бабас – кезінде Кенесары ханның жасағында болған азамат. Бабас туралы оның замандасы Баспан жырау: Ақмешіт бірді-екілі барғанымда, Жағалап жүрдім бірге Бабаспенен,– деп атын жырға қосуы, оның Ырғыз бен Ақмешітке белгілі тұлғалардың бірі болғанын айқындаса керек. Нұрмұрат Ермановтың бабасы Бабас Сердалыұлы ХІХ ғасырда өмір сүрген. 1841 жылы Жанқожа, Тоғанас бастаған батырлардың 4 мыңдай қол жинап Кенесары ханға қосылғаны жазба деректерден белгілі. Осы жасақтардың ішінде Бабас Сардарұлының болғанын және «Созақ» қамалын алуға қатысқаны туралы ел арасындағы әңгімелерде айтылады. Нұрмұраттың әкесі Наятұлла Қармақшыдағы алғашқы дипломды мұғалімдердің бірі. «1937-1938 жылдарда қудаланып, атылып кеткен Әсіл Сапаровтың күйеу баласы» деген айыппен түрмеге де қамалады. Ұзақ жыл мұғалім болып, ауыл балаларын біліммен сусындатқан ұстаздың сөз тауып айтатын шешендігі де болған. Бүгінде «Наят айтты» деген сөздер ел ішінде айтылып жүр. Нарық заманына ілінген Нұрмұрат Ерманов Қызылорда қаласында жиһаз жасайтын цех ашып, біртіндеп есік-терезе, тағы басқа үйге қажетті жиһазды шығара бастады. Бүгінде «Бабас» ЖШС-і талай адамды жұмыспен қамтып отырған мекеме. Сондай-ақ бұл мекеме «Дүр Оңғар» ауылынан 100 гектар жерге күріш егеді. Нұрмұрат Ерманов Қызылорда облыстық мәслихаттың үш дүркін депутаты болып, халық сенімінен шыға білді. Ол мәслихат мәжілісінде Сыр еліндегі толғақты мәселелерді қозғап, олардың оң шешілуіне ықпал жасады. Қала халқына қайырымдылық көмектерін аяған емес. ҚР Президентінің қабылдауында екі рет болған Н.Ерманов 2005 жылы «Құрмет» орденін алса, 2006 жылы облыстың «үздік кәсіпкері» атанды, 2011 жылы «Парасат» орденімен наградталған. Осындай биік жетістіктерге қол жеткізіп, абыройлы болған Нұрмұраттың құдай қосқан қосағы Қалимаш пен балалары Алмат, Гүлжанат, Қайыржан, Торғын оны әрдайым қолдап-қуаттап отырады. Бүгінде «Құрыш қазақ», «Нар жігіт» атанған Нұрмұрат Ерманов өзінің алғашқы нарықтың экономикаға өткен тұстағы еңбегі туралы былай дейді: – 1991 жылы зауыт өз жұмысын тоқтатты. Көп адамдар жұмыссыз қалды. Сондай тұста талай нәрсемен шұғылдандық, тіпті, қауын сатқан да кезім бар. Кейін ағаш өңдейтін цех аштым. Сол тұста облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Ал енді өзіңді көрсет», – деді. Мен ол кісінің сенімінен шыға білдім деп ойлаймын. «Адам еңбегімен танылады» демекші, маған адал еңбек, адамгершілік ұстанымым көмектесті десе де болғандай. Бүгінде алпыстан асып, жетпіске жақындаған абзал да ардақты азамат өзгелерге үлгі. Інілердің біразы аға ісін жалғастырса, бірсыпырасы мемлекеттік қызметте. «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атанған Нұрмұрат Ермановтың өнегелі өмір жолы бүгінде бір әулетке ғана емес, талайға үлгі. Ол – тағдырдың қатал сынағынан сүрінбей өтіп, өмірде табыс пен абырой биігінен көріне білген тұлғалы азамат.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, этнограф, әдебиетші