Жаңалықтар

Сізге «TÚRKISTAN» серік болсын!

ашық дереккөзі

Сізге «TÚRKISTAN» серік болсын!

Қадірлі қауым, әр күн, әр жылдан жан сергітер жаңалық, қалың көпшілікті қуантатын жақсылық тосып, сенім мен үмітін үкілейтін жұртпыз біз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келер жыл – 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады: жарқын болашаққа қапысыз сенген, жасампаздықты мұрат еткен тұтас ұлттың Тәуелсіздікті баянды ету жолындағы ұмтылысының жаңа сатысы бұл. Келер жыл, сонымен қатар, ұлт газеті «Túrkistan»-ның да 25 жылдығы. 1994 жылы «Қазақтың Қалтайы» – Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов керегесін кең жайып, уығын шаншыған уыздай жас  «Túrkistan»  алдағы жылы жігіт жасы жиырма беске толмақ. Ширек ғасырдан бері біз көзі қарақты оқырман, саналы жандармен бірге болашаққа қадам басып, елге ортақ түйткілдер туралы  қалам тербеп келеміз. Ширек ғасыр бойы  «Túrkistan» газеті ұлттың сөзін сөйледі, әділдікті әспеттеді, шындықты шырылдап қорғады: «Túrkistan» Тәуелсіздіктің баянын, елдік пен ерліктің кескекті кесімін, тарихтың тағылымын тереңнен қозғауға талпынды. Қазақ тілі,  қоңыр ауылдардың келешегіне қадари-хал сөз арнадық, мемлекетшіл, ұлтжанды азаматтардың жүрекжарды пікірін күлбілтелемей жеткізетін парасат мінберіне айналуға ұмтылдық. Соның бәрі сіздердің, қазақтың мүддесіне қырын қарамайтын, ұлт мақсатын ұран қылған қалың  оқырмандарымыздың қамқор көмегі, риясыз қолдауымен жүзеге асты. Келер жыл – 2019 жылы да «Túrkistan»  газеті әрбір қазақтың жан серігіне айналарына сенім артамыз, Құрметті оқырман!