Құрлықта қайратты, аспанда айбатты

Құрлықта қайратты, аспанда айбатты

Құрлықта қайратты, аспанда айбатты
ашық дереккөзі
Айбынды армия – әрбір мемлекеттің тірегі, қорғаны. Құрлықта қайраттылығын, аспанда айбаттылығын көрсетіп жүрген қазақ әскерінің қазіргі күші мығым. 1992 жылы құрылған Қазақстан Қарулы Күштері – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. Бұл ретте Қарулы Күштердің уақыт талабына сай дамып, әлеуеті артқанын айтпай кетуге болмас. Таяуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдап, еліміздің Қарулы Күштерінің қазіргі жағдайымен, сондай-ақ, әскерді одан әрі дамытудың басты бағыттарымен танысқан болатын. Қорғаныс министрі Елбасына жауынгерлік дайындық деңгейін арттыру, армияны қару-жарақпен қамтамасыз ету және әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешу ісіне байланысты атқарылып жатқан шараларды да атап өтті. Министр айтқандай, қазақ әскерінің бүгінгі жағдайы көңіл қуантарлықтай. Мұны Қазақстанның биыл жыл сайынғы Қарулы Күштердің Global Firepower Index рейтингінде 136 мемлекеттің ішінен 50-орынға көтерілгенінен де аңғаруға болады. Өткен жылы еліміздің Қарулы Күштері бұл тізімде 53-орында болған еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Қарулы Күштері жайында: «Мен ширек ғасыр бұрын тәуелсіз еліміздің төл армиясын құру туралы дәл бүгінгі күні Жарлыққа қол қойған болатынмын. Содан бері аз ғана уақыт өтсе де Қарулы Күштеріміз бес қаруы сай заманауи үлгідегі айбынды армияға айналды. Сайыпқыран сарбаздарымыз бүгінде ұлы даланың сенімді қорғаны, азаматтығымыздың алмас алдаспаны. Біз қазіргі заман талаптарына сай келетін, әлеуетті әскерімізді жасақтадық. Ел қауіпсіздігінің басты бағыттары айқындалды. Әскери доктринамыз қабылданды. Экономикамыз қарқынды дамыған сайын еліміздің Қарулы Күштері де жетіліп, нығая түсті. Біздің әскеріміз ТМД елдерінің ішінде алдыңғы қатарлы әскер ретінде танылды», – деген болатын. Негізінде заманауи әлеуетті армия жасақтау әскери техникаларды, қару-жарақты жетілдірумен қатар, кәсіби, жаңа әскери буынды тәрбиелеуге тікелей байланысты екені белгілі. Осы орайда 26 жыл ішінде елімізде ұлттық әскери мамандарды даярлау жүйесі өз деңгейінде қалыптасты. Қарулы Күштер әскерлерінің барлық түрлері мен тектерінің мамандары 3 әскери жоғары оқу орындарында даярлануда. Мәселен, Құрлық әскерлерінің әскери институты кадрлар дайындауда орны ерекше. Қарулы Күштердің кіші офицерлер құрамының 70 пайыздан астамы осы оқу орнының түлектері. Тәуелсіздік жылдарында әскерімізді заманауи қару-жарақпен, озық үлгідегі әскери техникамен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілді. Қажетті жаңа қару-жарақтар мен техникалар сатып алынды. Бұған қоса, бұрыннан қолданыста болған құрал-жабдықтар мен әскери техникалар жөндеуден өткізіліп, жаңғыртылды. 2018 жылдың басындағы ресми деректерге жүгінсек, Қазақстан армиясында 300 танк, 1613 БТР және БМП, 285 өзі жүретін қондырғы, 744 бірлік сүйремелі артиллерия, 393 дүркіндетіп ататын реактивтік жүйе, жағалауды қорғайтын 15 кеме, 239 ұшақ, оның ішінде – 91 тосқауылшы жойғыш ұшақ, 142 шабуылдаушы жойғыш пен бомбалағыштар, 64 жүк ұшақ, 67 тікұшақ, 17 оқу-жаттығу ұшағы, 18 шабуылдаушы тікұшақ бар. Мұның ішінде Испаниядан алынған С-295 әскери тасымал ұшақтарын, 2017 жылы Ресейден әкелінген 4+ тұрпатты ұшағына жататын дыбыстан 2-3 есе тез, көпфункциялы шабуылшы Су-30СМ және Ми-17 ұшақтарын айрықша атауға болады. Сонымен қатар Ресейде өндірілген бес С-300 зенитті-зымыран кешені бар, бұл 2017 жылы алынған. Осы жылдан бастан Қазақстан әуе кеңістігін де күзете бастады. Сонымен қатар, Каспийдің теңіз шекарасын ыждағаттылықпен қорғау мақсатында Әскери-теңіз күштері құрылған. Қазіргі таңда елімізде әскери маңызы зор корабльдер мен кемелерді шығару жолға қойылды. Мәселен, Орал қаласындағы «Зенит» зауыты еліміздің теңіздегі шекараларын күзету үшін бүгінге дейін 25-тен астам корабль мен кеме шығарды. Олар бүгінде ел қорғанысы үшін жоғары деңгейде қызмет көрсетуде. Мұның барлығы Қарулы Күштеріміздің заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықталғанын айғақтайды. Қазір Қарулы Күштеріміз Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштеріне бөлінген. Құрлық әскерлері құрамынан тағы да аэроұтқыр әскерлері жасақталды. Сонымен бірге, түрлі кибершабуылдарға қарсы тұра алатын арнаулы әскерлер құрамы да жабдықталып жатыр. Одан бөлек шекара күзеткен сарбаздарымыз да, Ұлттық ұлан да бар. Қазір әскерге IT-технология да жат емес. Соңғы жылдары әскери техникалар жетілдірілді, электронды басқару құралдары көбейді. Енді қазақ әскеріне сол заманауи қару мен құрылғыларды басқара алатын сауатты сарбаздар қажет. Статистикалық деректерге сенсек, бүгінде Отан қорғаушылардың сегізден бірі қыз-келіншектер. Ер азаматтармен қатар сапта тұратын олардың басым бөлігі әйел затына тән ұқыптылық, тиянақтылықты қажет ететін қаржы, есеп-қисап, медицина салаларында борыштарын өтеуде. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Қарулы Күштері өз деңгейінде қалыптасты. Қазақ армиясын одан әрі уақыт талабына сай жетілдіре түсу ісі әлі де жалғаса бермек.