Қасым-Жомарт Тоқаев: Салық саясаты жаһандық қатерлерді ескеруі тиіс

Сенатта парламентшілер, ұлт­тық экономика және қаржы минис­тр­ліктері, сондай-ақ «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының бас­шылары қатысқан «Салық саяса­тының өзекті мәселелері» тақырыбы бойын­ша дөңгелек үстел болды.

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кіріс­пе сөзінде мемлекеттің салық сая­саты: «Еліміздің экономикалық да­му стратегиясының басты құрал­дарының бірі болып табылады», – деп атап өтті.

Төраға Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақ­с­тан-2050» Стратегиялық даму жос­парында салық саясатын жетіл­дірудің басты бағыттарын айқындап бергенін айтты. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында салық режимдері мен рәсімдерін оңтайландыру, кірістер мен шығыстарды жаппай салықтық декларациялау, тәуекелдерді басқару жүйелерін енгізу, кеден және салық жүйелерін интеграциялау секілді шаралар көзделген.

Қ.Тоқаевтың пікірінше, мем­ле­кет­тің салық жүйесі ұлттық эко­номиканың талаптарына және қазіргі за­манғы жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруі тиіс, олардың қатарында елі­міздің кірісін төмендетіп отыр­ған мұнай бағасының арзандауы, экономикалық өсімнің баяу­лауы, ұлттық валюта бағамының төмен­деуі, Ресейге қарсы енгізілген санкциялардың ықпалы да бар.

Сенат Төрағасы салық жүйесі бюд­жетті теңгерімдеумен қатар, эконо­миканың құрылымдық өзгерістері мен инно­вациялық дамуын қамтамасыз етуге, жоғары технологиялық өнді­ріс­ті құруға және шикізаттық емес экспорт пен өңделген өнімнің өсімін ынта­ландыруға бағытталуы тиіс деп санайды.

«Біздің басты мақсатымыз – мем­леке­ттің және салық төлеушілердің мүдделерін үйлестіре отырып, тиімді және болжамды салық жүйесін құру», – деді жоғарғы Палатаның басшысы.

Шараға қатысушылардың сөйле­ген сөздерінде Қазақстанның салық жүйе­сін жаңғыртудың түрлі жолдары туралы сөз болды.

Атап айтқанда, ұлттық экономика ми­нистрі Ерболат Досаев Мемлекет басшысының бес институттық реформасын іске асыру аясында салық салу жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобаларының мазмұнына тоқталды. Ұсынылған шаралар көлеңкелі экономиканы қысқартуға және салық әкім­шілендірулерді жақсартуға бағыт­талған.

Мемлекеттік бюджеттің атқарылу жағ­дайы және салық пен кедендік әкім­шілендіру жүйесін реформалау шара­лары туралы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов хабардар етті. Қазіргі кезде Парламентте қаралып жатқан өзгерістерде қосымша құн салығын төлеушілер аясын кеңейтуге, электронды құжаттарды қолдану, рәсімдерді оңайлату, бақылау түрлерін жетілдіру де бар.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палата­сының төрағасы Абылай Мыр­захметов Қазақстандағы бизнес­тің инвестиялық тартым­ды­лығын арттыруға мүмкіндік беретін, қабылданған ережелерді жан-жақты және егжей-тегжейлі талдау қажеттігіне назар аударды.

Сенат депутаттары баяндама­шы­ларға акциздік постарды жаң­ғыртуға, қосымша құн салығына және пайдалы қазбаларды өндіруге салық есептеу тәртібін өзгертуге, ЕАЭО туралы шарттың күшіне енуі аясында бизнесті жүргізу келе­шегі, заң шығару үдерістеріне салық төлеушілердің пікірін ескеруге қатысты сауалдар қойды.

Дөңгелек үстел отырысын қоры­тын­дылаған Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға қатысты талқыланған маңызды тақырыптарға тоқталды және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау мақсатында салық әкімшіліктендіруді жетілдіру және алдын ала-бақылау шараларын оңтайландыру мәселелерін атап өтті.

Ж. БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button