Шардарада жарысқан желмаялар

Шардарада жарысқан желмаялар

Шардарада жарысқан желмаялар
ашық дереккөзі
Түркістан облысы, Шардара ауданында «Сафари Шардара» халықаралық фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль барысында жұртшылық жол талғамайтын көліктер жарысын, мотобайкерлер шеруін, желкенді қайықтар шоуын тамашалады. Осы жылы алғаш рет өткізіліп отырған фестиваль барысында өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бірнеше спорт түрінен жарыс өтті. «Сафари Шардара» деп ат қойып, айдар таққан фестивальді өткізуге Шардара өңірі жайдан-жай таңдалған жоқ. Бұл өлкенің халыққа көрсетер кереметтері мен ұсынар дүниелері көп. «Аққала» демалыс аймағында өткен халықаралық шарада спорттық сайыстар мен концерттік бағдарламалар қатар ұйымдастырылды. Құсбегілік сынды ата кәсіпті жаңғыртатын ұлттық спорт түрлері көрсетілді. Қазақты әлемге танытқан Моңғолияда тұратын Айшолпан Нұрғайыпқызы да фестивальге арнайы қонақ ретінде шақырылды. Сонымен қатар, фестиваль аясында бұған дейін ұмытыла бастаған ұлттық спорттың бір түрі – түйе жарыс ұйымдастырылды. Оған облыстың әр ауданынан келген 15 желмая қатысты. Шардаралық Бекмұрат Мәмбет те түйесін баптап, жарысқа қосуға алып келіпті. Одан бөлек қазақша күрес, жағажай волейболы мен футболы, қол күресі, гир көтеру, арқан тарту, бөренеге өрмелеу, қошқар көтеру сынды жарыстардан сайыпқырандар бақ сынады. Жол талғамайтын көліктер жарысып, құмда композициялық шоу көрсетті. Дүбірлі жарысты мотобайкерлердің шеруі де қыздырды. Сахна алаңында өнерін көрсетіп, жиылған қауымды тамсандырды. Одан кейін фестиваль су айдынындағы қайықтардың шоуымен жалғасты.