Ақыл мен білім безбенге түссе...

Ақыл мен білім безбенге түссе...

Ақыл мен білім безбенге түссе...
ашық дереккөзі
Әйгілі Голливуд фильмдері жақсылық пен жамандық арасындағы қиян-кескі ұрысты таспалауда алдына жан салмай келеді. Байқап тұрсақ, жағымсыз кейіпкерлердің көбі білімсіз емес. Білім мен білікті ұштастырған дара тұлғалар, бірақ ақылсыз. Тіпті, әлемді жаулап, жолындағысын жалмап, аяусыз қан төккен әміршілер, хандар мен сұлтандарды да білімсіз дей алмаймыз. Олардың біразы бойындағы бар білімін жер ғаламшарын гүлдендіру үшін емес, жеке бастың мүддесі үшін сарп етті. Олар ақыл шеңберінен алыс жүрді дейді ойлы тарихшылар. Рас та шығар. Ендігі заманауи технологияны меңгерген білімді әрі пысықай ұрпақ ақылсыз болса қайтпекпіз? Қазақ философиясына көз тастасақ, аталған екі қасиетті де биік қояды. «Білім басқа бітеді», «Білімді мыңды жығады», сол секілді «Ақыл ‒ алтын сандық», «Адамның жүзі ақылдың айнасы» тағы басқа мақал-мәтелдер мен түрлі тәмсілдер жетерлік. Біз осы ақылдымыз ба, білімдіміз бе? Жаһан білгірлері бұл тұрғыдан келгенде ақылдыны биік бағалайды. Бір елдің ақылды болып, күллі әлемді таңдандырып қойғаны сөзімізге дәлел. Шығыс Азияның аралдарында орналасқан Жапония ақыл мен білімді ұштастырып, қаржылай қуатты елге айналды. Ел экономикасы тұрақты болғанынан ба, әлде басқа факторлар әсер ете ме, әйтеуір жапондықтар жүдә ақылды. Тіпті, әлемдік өнеркәсіп өндірісінің 12 пайызы осы елге тиесілі. Автокөлік, кеме, темір өңдеу жабдықтарын, тұрмыстық-электрондық  техника, роботтар шығарудан әлем бойынша  бірінші орында. Осы жылы елдің жалпы ішкі өнімі 2,4 триллион долларды құраған. Мамандардың айтуынша, оның 8,1 пайызы денсаулық сақтауға жұмсалады екен. Айтып-айтпай не керек, 2050 жылы Жапонияда жасы 100-ден асқан адам саны 1 миллионға жетпек. Қазірдің өзінде елдегі өмір сүрудің орта жасы ерлерде 79,19 жас, әйелдерде 85,99 жас. Пышақтың жүзі секілді білімді болудың да екі жағы бар. Білім қоршаған ортаға үлкен қауіп туғызуы мүмкін. Одан адамдар зардап шексе, ондай білімнің керегі қанша?! Аты әлемге әйгілі Альфред Нобель өмір бойы өз білімінің зардабын рухани тұрғыда тартып өткен. Динамитті ойлап тапқан өнертапқышты көзі тірісінде «қан арқылы байыған миллионер», «динамит патшасы», «өлімді сатушы» деген жеккөрінішті атаулармен атағандар көп. А.Нобельдің күйзелгені соншалық, өзі өлгеннен кейін артына басқа даңқ қалдыруды ойлап бас қатырады. Жойқын қаруды ойлап табушы емес, әлемнің бейбіт болуына өз өмірін сарп еткен адам ретінде тарихта қалғысы келеді. Сырт көзге ақылды адамның тірлігі. Ой түбіне түскен Альфред тек білімді ғана емес, ақылды екенін көп ұзамай дәлелдейді. Осылайша, оның ақылдылығы 1895 жылғы 27 қарашада жазып қалдырған өсиетнамасынан кейін мойындала бастады. «Мен, Альфред Бернхард Нобель, ойлана келе өз өсиетнамамды мирасқа қалдыруды шештім... Менің жинақтаған қорымды артымда қалғандар бағалы қағазға айналдырып, қор құрып, бір жыл көлеміндегі еңбегінің нәтижесінде адамзатқа анағұрлым пайдасы тигендерге пайыздық үлес ретінде беріп отырсын. Түскен пайыздық мөлшерлеме теңдей бес бөлікке бөлінсін: бірінші бөлігі – физика саласында маңызды өнертабыс ойлап тапқанға берілсін, екіншісі – химия саласында, үшіншісі – физиология мен медицина саласында, төртіншісі – адамның идеалдарын бейнелейтін әдеби туынды жазған адамға, бесіншісі – халықтың бірігуіне үлес қосқан, құлдықтың жойылуын мүмкін еткен, әлемде бейбітшіліктің орнауына еңбек сіңірген адамдарға берілсін... Менің негізгі қалауым бойынша сыйақының тағайындалуына үміткер ұлтының қатысы болмасын: мейлі ол скандинав болсын, басқа болсын, тек қана лайықты болса болғаны...», ‒ деген өсиет хаттың арқасында әлемдегі ең мәртебелі марапат – Нобель сыйлығы пайда болды. Сол арқылы әлемнің әр бұрышында мейірімділіктің абыройы асқақтап, талай жанға пайдалы істер атқарылды. Адамзат қажеттілігі үшін қаншама тың жаңалықтар ашылды. Қазіргі таңда жыл сайынғы Нобель сыйлығының иегеріне Альфред Нобель бейнесі бедерленген алтын медаль мен 1,4 миллион долларға бағаланатын қаржылық сыйақы белгіленген. Ақылды серік еткен Нобель аты дәл осы жақсылыққа бағытталған ісі үшін адамзатқа қадірлі. Әйтпесе, динамиттен де жойқын қарулар жасалып жатыр. Нобель компаниясынан да көп пайда тауып жатқандар аз емес.

Ақылсыз алға озды ма?

XXI ғасыр тарих беттерінде айшықты орын алары сөзсіз. Цифрлы технологиялардың көз ілеспес жылдамдықпен дамуы келер күні не жаңашылдыққа кез боларымызды болжатпайды. Мұның бір қасіреті ‒ ақылсыздардың алға озуы. Білімнің жеке бас мүддесі үшін жұмыс істеуі. Темірден түйін түйген, алтынды зерлеп киім киген далалықтар ешқандай технология жетістіктерінсіз-ақ өмір мәнін білген. Ауа-райын болжаудан бастап, денсаулықты қалай күту керектігін аңдапты. Оның ұрпақтары мына біз, ЖОО тауысып, шет елдің тәжірибесін бойымызға сіңіріп, талай жаңалық аша аламыз, бірақ... Оңтүстік Африка жазушысы Джон Кутзее бірде: «Адам өмірінде ең маңызды екі күн бар: біреуі – оның дүние есігін ашқан күні, ал екіншісі – дүние есігін не үшін ашқанын білген күн», ‒ депті. Сол меңзегендей көп білімділер өз жолын дұрыс таңдай алмайды. Қанша білімді болса да ақымақтың тірлігін жасайтын отандастарымыз да жетерлік. Егер олар өз білімін пайдалы іске бағыттағанда Стив Джобс секілді аңызға айналар ма еді?! Қазір Стив құрған Apple компаниясы 933 миллиард долларға бағаланып, әлемдік жеке компаниялардың көшін бастайды. Бұл қомақты қаржы Ұлыбританияның бір жылдық табысы болса, Италия, Канада, Испания, Ресей, Корея, Швеция сынды ірі мемлекеттердің, тіпті бір жылдық табысынан да көп. Сол Джобстың «жұмысты 12 сағат емес, баспен істеу керек» деген сөзінің астарында ақыл жатыр. Себебі ол аса білімді емес, тек қана білімділерді біріктіре алды. Бір ұялы телефонға жүзге тарта бұйымды (фото-бейне құрылғы, дыбыс жазу, хабарлама, күнтізбе, түрлі ойындар, әлем картасы, музыка, есептегіш, жарнама алаңы т.б) сыйдырған Стив адамзат шығынын осылайша біршама есеге қысқартты. Өз білімін ақылды пайдалана алды. Стив секілді адамзатқа пайдалы дүниелерді ойлап тапқандар көп. Солардың бірі Нью-Йорктік кәсіпкер Фрэнк Макнамар. Ол бірде қызметтік кешкі ас ішіп отырып, ақшасын үйінде қалдырып кеткенін біледі. Мейманхана әкімшілігіне «Дайнерс Клаб» деп жазылған картон карточканы ұсынып, белгіленген мерзім ішінде төлем жасайтынын айтады. Осылайша, 1950 жылдың ақпан айында карточкамен бірінші рет төлем жасалды. Ресми түрде кредиттік картон карталар 1951 жылы Нью-Йорктың «Франклин-Нэшнл» банкінде қолданысқа түсті. Ал 1959 жылы «Американ экспресс» компаниясы пластикалық карталарды жасап шығарды. Осы кезеңнен бастап қауіпсіздік үшін пластикалық кредит карталары қолданыстан түскен жоқ. Пластикалық банк карталары жалпыхалықтық болғалы бері, әмиянда ақша ұстап, сауда орындарында қолма-қол төлем жасайтын азаматтар қатары сиреді. Тегінде қауіпсіз деп ойлайтын болу керек. Оның үстіне көрініп тұрса, жаратып қоямыз дейтіндер көп. Миллион долларлап қомақты қаржы ұстайтын кәсіпкерлер де солай пайымдайтын шығар. Бірақ, қылмыскерлер де қалғымайды. Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері небәрі үш тәулікте ақпараттық технологияға қатысты 15 қылмысты әшкереледі. Облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, ұсталғандардың бірі ‒ 30 жастағы Петропавл тұрғыны. Осы азамат банк картасынан жасырын ақша шешіп алатын арнайы бағдарлама жасаған. Әр картадан 1 мыңнан 100 мың теңгеге дейін ақша жымқырып келген. Хакердің әрекетінен 14 адамға шығын келіпті. Келтірілген шығын көлемі әзірге белгісіз. Істі дер кезінде қолға алып, күдіктіні құрықтаған мамандар еңбегі орасан. Өйткені 14 адамға айласы өткен алаяқ 14 миллион азаматты да сан соқтырып кете алар еді дейді естіген жұрт. Өз бойындағы білімді адамдарға зиян келтіретін іске сарп еткені өкінішті. Мұның астарында ұлттың қасіреті менмұндалап тұрғандай. Адам ойына кіріп шықпайтын, мүмкін еместі болдырған адам тегін емес. Сол бағдарламаның орнына халыққа пайдалы дүние ойлап тапқанда ғой дейсің кіжініп. Тағы бір Қызылжар тұрғыны нағыз алаяқтың құрбаны болды. Оның шотынан 6 миллион теңгеден астам қаржы жоғалған. Оқиға желісі күдік тудырмайтын әрекеттерге негізделген. Автокөлік сату туралы жарнама берген жәбірленушіге белгісіз біреу хабарласып, алдын ала төлемді банк картасына аударуды сұраған. Ол үшін карточка нөмірі мен шот  иесінің телефон нөміріне келген кодты сұраған. Алаяқ бұл деректерді пайдаланып, қала тұрғынының шотынан ірі көлемдегі соманы шығарып алған. Алаяқтар осындай айламен тағы бір петропавлдықты алдап кеткен. Облыстық криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Виталий Почернин түрлі сайттардағы хабарландыруларды жіті тексеріп, алдын ала төлем жасамауға кеңес беруде. Жәбірленуші жайлы бір ақпаратты білсе, алаяқтарға сол да жетіп жатыр дейді мамандар. Сондықтан да ешкімге жеке деректерді, банк карталардың пин-кодтарын, шот нөмірін, әлеуметтік желілердегі логин мен паролін, картаның артқы бетіндегі кодты хабарламауды ұсынады. Сондай-ақ, антивирус орнатып, интернеттен күдік туғызатын вирустарды жүктемеген абзал.

Білімді бүгінін, ақылды ақырын ойлайды

Жалпы ақыл мен білім тақырыбында пәлсапа соққандар көп. Тіпті, бала кезде осы тақырып жөнінде ертегі мен түрлі тақпақтар да жаттадық. Асыл дініміз ислам ғұламалары да түрлі мысалдар келтірген. Бірақ өмірде болған, жұрт көрген істер мысал болғаны жақсы. Грек философы Хрисиптің әрекетіне әлі күнге дейін жұрт таңданады. Ол есектің астаудағы ащы суды ішіп, масайғанын көріп, күлкіден ішегі түйіліп, өмірден өткен. Білімді француз сазгері Клод Франсуа су толы ваннаның ішінде тұрып, сөніп қалған электр лампасының орнына жаңасын салмақ болған. Ал әлемге танымал Джек Дэниэл сейфінің паролін ұмытып, оны аяғымен теуіп, сындырып ашқан. Ақырында аяқ тамырын сейфтің темірі қиып кетіп, жарасы іріңдеп қайтыс болған. Сол секілді XVI ғасырдың ұлы ойшылы Фрэнсис Бэконның да оқиғасы қызық. Ол тауық етін сасытпай сақтаудың жолдарын іздеп, оны қардың астына көму арқылы жаңа әдіс іздемек болады. Ақырында, тауық емес, өзі қарлы боранда үсіп өледі. Осы аталған адамдардың өмірін ақылдылық құтқарып қалар еді дейді жұрт. Дәл осындай ақылды жанына серік етпеген алматылық бір банк менеджері клиенттің депозиттік шотынан 14 миллион теңгені жұмсап жіберген. Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі күдіктінің айыпты деп танылғанын, сондай-ақ, 5 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылғанын мәлімдеді. Іс материалдарына сәйкес, былтыр бір әйел адам банк филиалына шот ашуға өтініш берген. Банк менеджері клиентпен 6 ай мерзімге депозит ашуға келісімшарт жасасқан. Шотқа салымшы 13,9 млн теңге сала отырып, өзінің ұзақ мерзімге Ресейге кететіні туралы банк менеджеріне айтқан. Ресейде жүргенде де салымшы депозитінен ақша алмаған, қаржысы туралы білмеген, өз атына төлем картасын ашу туралы өтініш те білдірмеген. Осыны пайдаланып, банк менеджері азаматшаның атына төлем картасын ашып, клиенттің бірегей нөмірін тіркеп алған. «СМС-Банкинг» қызметін де өз телефонына жүктеп алыпты. Нәтижесінде онлайн банкинг арқылы 13 миллион 980 мың 579 теңгені ұрлаған. Сот банк қызметкерін ұрлық жасағаны үшін айыпты деп тауып, үкім шығарды. Ұрланған ақшаны банктің өзі қайтарып берді. Ал экс-менеджер 11 млн теңге көлеміндегі қаржыны банкке 2 айда қайтарып беруге тиіс. Оқу орнын тәмамдаған білімді менеджердің көбелек қанат қаққанша қылмысы әшкере болатынына ақылы жетпегендей. P.S: Қазір ақыл мен білімнің ара-жігін ажырата білмейтіндер қатары көп. Білімді ақылсыздар болашақта үлкен қауіп туғызуы мүмкін екен. Біз осыған қазірден зейін қойсақ. Оның басы - Аналар статусын көтеру. Олжас Сүлейменовтың: «Ана сүті арамдыққа суарса, сиыр сүті ала-алмайды сені  ақтап» дейтіні бар. Ал қайран қазақ бір тәмсілге сыйғызып «Ақыл - тозбайтын тон, білім - таусылмайтын кен» депті.