Гүлжан Сәрсенбаева: Дені сау анадан денсаулығы мықты ұрпақ туады
Гүлжан Сәрсенбаева: Дені сау анадан денсаулығы мықты ұрпақ туады
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, өз ісін сүйетін мамандық иелері кез келген салада бар. Оларды ел-жұртқа таныстырып, мерейін асыру қажет. Осы мақсатта былтырдан бері «100 жаңа есім» бойынша еліміздегі әртүрлі салада абыройлы еңбек ететін жаңа есімдерді анықтауға белсене кірісіп кеттік. Таяуда «100 жаңа есімнің» бірінші легі қоғамға таныстырылса, қазіргі таңда жобаға жаңа үміткерлер тіркелуде.
Қазақ басы ауырып, балтыры сыздаса, өмірін әуелі – Аллаға, сосын ақ халатты жандарға аманат етеді. Медициналық көмектің дер кезінде беріліп, дұрыс ем-дом жүргізу де кәсіби біліктілікті аңғартады. Білікті жан – бесаспап маман. Бірақ олардың еңбегі еленбей, тасада қалып жататыны өкінішті. Соның бірі – Денсаулық сақтау министрлігі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары, балалар кардиохирургі Гүлжан Ескендірқызы Сәрсенбаева.
Баланың ағзасы да ересектердікіне қарағанда басқаша. Мұны тек балалар дәрігері ғана біледі. Ал Гүлжан Сәрсенбаева да өмірін балаларға арнаған абзал жан. Ол Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Балалар кардиохирургиясы бөлімінің ашылуына мұрындық болған. Әуелгіде меңгерушілік қызметті атқарып, мамандар тәрбиелеуге күш салды. «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім қорын молайтып келген балалар хирургы күні бүгінге дейін 1 мыңнан астам балаға ота жасаған.
Осыдан біраз жыл бұрын еліміздің бас медициналық оқу орнында Педиатрия бөлімі жабылып, қоғам дүрліккен еді. Бұл мәселені сан мәрте көтерген ақпарат құралдары балалар хирургы, бас педиатр Камал Сәруарұлы Ормантаевтың ашынғанда шыққан ащы даусын жариялаудан жалыққан жоқ.
Міне, көптің тілегі қабыл болып, былтырдан бері Педиатрия мамандығы қайта ашылды. Күллі балалар дәрігерлері қуанған жаңалық жайында Гүлжан Сәрсенбаева: «Әу баста Педиатрия факультетін жабу идеясы дұрыс емес еді. Бірақ, «Көп түкірсе – көл» демей ме?! Күрделі мамандықты тереңінен зерттеп, зерделеп оқу керек. Бұл балалар педиатры, балалар хирургы болғысы келетін қаншама жастарға жол сілтейді» дегенді айтады.
Ұстазым Ормантаевтың еңбегі ақталды
Дәрігер болу да Алладан берілетін қасиет. Адам баласына араша түсіп, өмірін сақтап қалу үшін де өз мамандығыңа адалдығың керек. Дәрігер болуды мақсат еткен екенсің, онда осы жолда тер төгіп, өміріңді құрбан етуге даяр болғаның абзал. Осы тұрғыда дәрігер Гүлжан Сәрсенбаева: «Сонау бала кезім ойға оралады. Үйдегі итіміз көлік астына түсіп, жүре алмай қалды. Анам құрақ ұшып, қолынан келгеннің бәрін жасап бағуда. Сол төрт аяқты досымның жарақатын таңғаным есімде. Ертеңіне жәймен жүре бастады. Соны көріп, қатты қуанғанымды көрсеңіз ғой. Міне, сол күннен бастап «дәрігер боламын» деген арманым еселене түсті. Сөйтіп, медициналық колледжге түсіп, алғашқы еңбек жолымды мейірбикеліктен бастадым. Талғардағы аудандық ауруханада қызмет етіп жүріп, хирургтің қасынан шықпадым. Сондағы ойым – ота жасауға қатысу. Әу баста бойымды қорқыныш сезімі билесе де, «шешінген судан тайынбас» демекші, алған бетімнен қайтпадым. Адамның жанын алып қалуды, өмірін сақтап қалуды ойлаған сәтте үрей де, қорқыныш та сейілді. Осылайша, хирург-дәрігердің көңілінен шығып, бөлімде әрі қарай жұмыс істеуіме мүмкіндік берді. Содан кейін бірден хирург боламын деп, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне оқуға қабылдандым. Міне, сол күннен бастап баяғы балалық шағымда алдыма қойған мақсатым – хирург болуға біртабан жақындадым. Бүгінде балалар хирургиясының атасы саналатын, бас педиатр Камал Сәруарұлы Ормантаевтан дәріс алып, педиатрияның тереңіне сүңгідім. Оларды емдеуге, қолымнан келгенше медициналық жәрдем беруге деген талпынысымда шек болмады. Баланың ағзасын жете танып-білу оңай емес. Ал баланың өмірі бәрінен де маңызды. Бүгінде жылына 2 мыңнан астам сәбиге ота жасалады. Оларға ем-дом жасау үшін педиатр мамандар аса қажет. Кезінде Педиатрия мамандығын жапқандар не ойлады екен? Бұл саланы болашақ дәрігерге бір жылда сіңіру мүмкін емес. Тіпті, жалпы, медицина негізінде оқу да жеткіліксіз. Елдің болашағы – бүгінгі балалар, жасөспірімдер. Ал олардың денсаулығын ойламау – ұлттың келешегіне балта шабумен бірдей. Міне, осы мәселенің астарына үңіліп, балаларды емдейтін педиатрлардың азайып кеткеніне дабыл қаққан бірден-бір кісі – Камал Ормантаев. Мыңмен жалғыз алысып, талайдың айта алмағанын жеткізе білген ғалым, білікті балалар дәрігерінің еңбегі еш кетпеді. Бір-екі жылдан бері еліміздің медициналық мекемелеріне білікті маман даярлап отырған С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті Педиатрия факультетін қайта ашты. Сол кезде ұстазымның қуанышында шек болмады. Арқасынан ауыр жүк түскендей ерекше күйге бөленген еді. Бұл – Камал Сәруарұлының беделі, абыройының арқасы деп білемін».Баланың өмірі бәрінен қымбат
«Шүкір, қазір балалар хирургиясы даму үстінде. Балаларға дұрыс диагноз қойып, ем-домды өз елімізде де жасауға мүмкіндік мол. Оған мекемелерге соңғы кезде заманауи медициналық құралдардың келуі де сеп болуда. Одан бөлек, шетелдік ғалымдар жиі келіп, шеберлік сыныптар өткізеді. Тіпті, біздің дәрігерлер де арнайы жолдамамен медицинасы қарқынды дамыған елдерге барып, білімін жетілдіріп қайтуда.
Мысалы, осыдан он жыл бұрын күрделі оталар тек шетелде ғана жасалатын еді. Соның бірі – туабітті жүрек ақауына шалдыққан балаларға жасалатын ота. Тіпті, бұл ота 20-30 мың АҚШ долларынан кем болмайтын. Міне, сол күрделі оталар қазір өз елімізде тегін жасалып жатыр. Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Павлодар қалаларында балалардың жүрегіне күрделі ота жасалуда. Ал балалар кардиохиругиясы бойынша елімізде 150-ден астам емдеу орны жұмыс істейді. Осы жерде айта кетейін, өзім 2005 жылы «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білімімді жетілдіріп келдім. Шетел медицинасының көш ілгері екенін білесіз, талай дүниені сіңірдім. Әттең, осы білген-түйгенімді өз елімізде іске асырсам ғой дейтінмін. Алла сол күнге де жеткізді. Қазір кардиология бөлімінде туабітті жүрек ақауымен ауыратын балаларға 500-ден астам ота жасалады. Ал өзім 1 мыңнан астам ота жасасам, оның көбі өмір есігін жаңа ашқан, салмағы бір келіге жетпейтін нәрестелер. Бүкіл отбасының көз қуанышы – сәбидің өмірі саған сеніп тапсырылғандықтан да, мойныңа жауапкершілік жүктейсің. Сол сәтте бүкіл уайым-мұңды ұмытасың еріксіз. Ең бастысы – баланың өмірін сақтап қалу. Басқа артық ештеңе ойға кіріп-шықпайды. Ал бала мен анасының бір-бірімен қайта қауышқанын көру – үлкен бақыт. Бұл кезде бәрі де сәтті болғанын біліп, арқамнан ауыр жүктің түскенін сезінемін. Себебі өз мамандығымды, жұмысымды сүйемін. Сол арқылы барша әріптестерімді – мамандыққа адал болуға шақырар едім. Ал сәбилер бұл дертке неге жиі шалдығады? Бұл сауал кім-кімді де мазалайтыны рас. Оның себептеріне келсем – вирустық инфекция. Ананың құрсағына біткен баланың дамуы кезінде аса сақ болған жөн. Тағы бір себебі – қаназдық пен стреске жиі түсу. Мұның бәрі балаға тікелей әсер етеді. Жылына жүрек, қан тамырлары ақауымен 3 мың бала өмір есігін ашады. Сондықтан дені сау анадан – дені сау ұрпақ туады. Өмірге бала әкелуге қабілетті аналар денсаулығына мән берсе екен. Үнемі дәрігердің бақылауында болып, ағзасының жағдайын біліп тұруы керек. Ал бала сүйгісі келсе, әуелі тексеріліп, өз денсаулығын түзеп алуы қажет. Содан кейін ғана ұрпақ әкелу міндетіне кіріскені жөн. Егер ананың өзі ауру болса, ертең одан туатын баланың да денсаулығы мәз болмайды. Сондықтан кез келген ауруды дер кезінде емдесе, құлан-таза айығып кетуіне мүмкіндік мол. Аналар мерекесінде Елбасының қабылдауында болғанымызда әсерлі сөз айтты. «Сіздердің асқан жауапкершілікті қажет ететін кәсібиліктеріңізді жоғары бағалаймын. Күн сайын сан мыңдаған баланың өміріне араша түсіп келесіздер...» дегенде, өз кәсібімді адаспай тапқаныма сенімді болдым. Мені толғандырған бір мәселе бар, ол – маман тапшылығы. Педиатрия мамандығының біраз уақыт жабылып қалуы да жағдайды ушықтырып жіберді. Сондай-ақ, неантолог, балалар реаниматологы мен кардиологтары тапшы».100 жаңа есімге енуім – зор мәртебе
«100 жаңа есімнің» қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. 18 жылдық еңбек өтілімде абыройсыздыққа жол бермедім деуге болады. Әр салада өз ісін сүйіп істейтін мамандар жетерлік. Оларды халық танымайды, білмейді де. Әйтеуір бір жәрдемі тигенін сол көмекке мұқтаж болған жан ғана білетін шығар. Ал алғыс пен құрметке лайықты қаншама мамандар ескерусіз қалып жүр. Осы тұрғыда Елбасының бастамасымен тұсауын кескен «100 жаңа есім» жобасының міндеті зор. Оған өз саласында талай жылдан бері қажырлы еңбек еткен, бүгінде кейінгі буынға үйретері мол кәсіби білігі жоғары мамандар еніп отыр. Өзімді осы тізімнен көргеніме шексіз ризамын. Бұл менің еткен еңбегімнің қайтарымы, жемісі деп білемін. Бұл – әуелі Алла, сосын біз өмір сыйлаған мыңдаған баланың өмірі. Бұл – өмір мен өлім арасында арпалыасып жатқан кішкентай шақалақтың болашағы сенің қолыңда тұрғанын сезіну. Өз кәсіби міндетіме осы тұрғыдан келгенді жөн көремін. Сонда ғана мойныңа қандай міндетті жүктеп отырғаныңды толық сезінесің. Бұл салаға әрбір жас келмес бұрын, он рет ойланып, жеті рет толғануы керек. «Осы мамандыққа саймын ба, әлде жоқ па?» деген сұраққа жан-жақты жауап іздегені абзал. Әлгінде тоқталып өткенімдей, балалар кардиохирургы болу – зор жауапкершілік жүктейді. Егер медицинаны таңдадың екен, көп іздену, үйрену, талаптану, білуге деген құштарлықты арттыру керек. Мұның бәрі ота жасау кезінде көмекке келеді. Ал білімі жеткіліксіз маманның ісінен қашан да кемшілік шығуы мүмкін. Бұл – білім алуға қабілетті кезде қажетті оқу құралдарынан хабарсыз болғандығын көрсетеді. Былайша айтқанда, кез келген маман, соның ішінде медициналық қызметкер білімін жетілдіруден жалықпауы керек. Қазір әлемдік медицинада да күн сайын сан түрлі жаңалық орын алуда. Ауыр дертке жаңа емдік шаралар жүргізуге кіріскен мамандардың тәжірибесі қашанда маңызды. Біз бүгінде ота жасау барысында шетелдік әріптестермен онлайн байланысқа шығып, кеңес алуға тырысамыз. Басқа мемлекеттердің де бұл салада жасап жатқан дүниелерінің озығын алуға әбден болады. Әрине, тәжірибе алмасу барысында жастардың ағылшын тіліне жетік болуы да ескерілуде. Қазір жас мамандар тілді де меңгеріп, шетелдік оқу құралдарды оқып, жан-жақты болуға күш салуда. Себебі ағылшын тілін білу – заман талабы. Ал медицинасы көш ілгері елдердің мол тәжірибесін игеру үшін тіл білу керек. Соңғы жылдары дәрігерлердің жасы да, жасамысы да ағылшын тілінен курстарға барып, өз бетінше үйренуге ықылас танытып жүр. Бұл әр маманның өзі үшін, болашағы үшін аса қажет. Тілді жетік меңгерген маман сұранысқа да ие. Сол себептен, жастар оқуы, ізденуі, білім алуы керек. Ал олардың еңбегін елеп, абыройын асқақтатып, құрметке бөлейтін «100 жаңа есім» жобасының ғұмыры ұзақ болуын тілейміз. Себебі сол арқылы кез келген саланың үздігін ел-жұрт біліп, тани алады».