Ж.Садуова: Муковисцидоз бойынша аймақаралық орталықтар ашылады
Ж.Садуова: Муковисцидоз бойынша аймақаралық орталықтар ашылады
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Қазақстан Республикасында балалардағы сирек ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа стандарттарын енгізу бойынша 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасы аясында «Муковисцидоз кезінде тыныс алу жолдарын жаттықтыру және тазалау әдістері» тақырыбында тренинг өз жұмысын бастады.
«Муковисцидозбен ауыратын мүгедек балалар» ҚБ қазақстандық муковисцидоз қауымдастығы, Ұлыбританияның «Cystic Fibrosis Worldwide» (CFW) Дүниежүзілік муковисцидоз ұйымы мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен пульмонология бөлімшелерінің физиотерапия дәрігер-мамандары, ЕДТ (емдік дене тәрбиесі) мамандары, пульмонолог дәрігерлер мен мейірбикелер қатысуда.
Кинезитерапия бойынша тренингті Ұлыбританияның «Грейт Ормонд Стрит» балалар госпиталінің жетекші мамандары Аммани Прасад пен Хелен Дуглас өткізуде. 5 күнге жалғасатын тренинг барысында шетелдік мамандар муковисцидозға шалдыққан науқастарға кинезитерапияны қолдану бойынша қазақстандық дәрігерлер мен мейірбикелерге практикалық оқыту дәрісін жүргізеді.
Кинезитерапия – дене шынықтыру арқылы емдеудің бірі бағыты. Гректің kinesis — «қозғалыс» + терапия — «емдеу» сөзінен шыққан, яғни қозғалыс арқылы емдеу дегенді білдіреді. Бұл терапияға дене шынықтыру жаттығуларымен қатар, массаждың барлық түрі, балалар ойындары, созылу әдістері, арнайы аппараттарда жаттығулар арқылы емдеу, тыныс алу, емдік гимнастикасы, сылап-сипау және т.б. емдеу түрлері кіреді. Кинезитерапия емдеу тәсілі дәрігердің қатаң тікелей бақылауымен жүргізілуі керек.
«Тренингке қатысушы мамандар алдағы уақытта муковисцидозға шалдыққан науқас балалардың ата-аналарын осы жаттығуларға үйрете алатын болады. Осында үйренген емдеу әдіс-тәсіл түрлерін көрсете алады. Біліп үйренген кинезитерапия дағдыларын тек қана муковисцидоз кезінде ғана емес, сонымен қатар, бронх-өкпе жүйесінің басқа да аурулары кезінде қолдана алады. Бүгінгі күні кинезитерапия муковисцидозды сәтті емдеудің ең негізгі құраушысының бірі болып табылады. Бүгінгі заманғы кинезитерапия дәрі-дәрмекпен емдеу әсерін айтарлықтай арттырады, сонымен қатар, физикалық жұмысқа қабілеттілігін көтереді, аурудың ағымына оң ықпал ете отырып муковисцидозға шалдыққан науқастардың өмір сапасын жақсартады», дейді қазақстандық муковисцидоз қауымдастығының төрайымы Индира Избасарова.
Шараның ашылуында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева кинезитерапия бойынша тренинг пульмонологиялық жағдайдың жақсартатынын және біздің еліміздегі күрделі ауруды емдеуді жақсартуда тағы да бір қадам жасауға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.