Инвестиция тарту мықтап қолға алынды

Инвестиция тарту мықтап қолға алынды

Инвестиция тарту мықтап қолға алынды
ашық дереккөзі
Бүгін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзаxметовтың төрағалығымен өңірде инвесторлар тарту және аймақтағы инвестициялық аxуалды жақсарту бойынша өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған кәсіпкерлер, ірі-ірі компаниялардың өкілдері мен жауапты басқарма басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Дамир Егізбаев баяндама жасады. Ол атқарылып жатқан жұмыстар мен кездесіп отырған келеңсіздіктерге тоқталып өтті. Атап айтар болсақ, бос жерлердің интерактивті картасын әзірлеуде және 13 инвестициялық жобаны жүргізуде орын алып отырған олқылықтар жоқ емес. Қаржы құйып, жұмыс істеуге ниетті кейбір инвесторларға қажетті жерлерді бөлуде жұмысты сылбырлыққа салып отырған аудандар бар. Аймақ басшысы мәселенің маңыздылығын баса айтып, облыстың инвестициялық аxуалын арттыруда тиісті тараптардың бірлесе жұмыс жүргізуінің тиімділігін тілге тиек етті. Жиын барысында Асқар Мырзахметовке «Экожер», «Гамбург», «КАЗ мияд Қордай» секілді нақты қаржыландыруды қажет ететін жобалар да таныстырылды. Мұндай өңірге ірі қаржы әкелетін инвесторларға біз көмектесуіміз керек деді облыс басшысы. Мәселен, «Экожер» компаниясы 17 миллиар теңгеге Жамбылда қоқыс қалдықтарын өңдейтін зауыт салуға мүдделі. Ал, Гамбург пен Казмияд Қордай серіктестіктері 8000 басқа дейін мал бордақылауға болатын кешендер салуды жоспарлап отыр. Бұл тұрғыда аймақ басшысы мал бақсаң әуелі өрісін тап деген мақалды еске салды. Осыншама мал ұстағаннан кейін оның міндетті түрде жайылымдық немесе шабындық жері болуы керек. Ал, қағаз жүзінде бәрін қатыра салғанымызбен, кейін ол малды қалай жем-шөппен қамтамасыз ету жағын да ойлануды ескертті. Жиында туындаған өзге де сауалдар бойынша бірқатар аудан әкімдерінен жауап анылып, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Талас ауданы Жамбыл облысының өнеркәсіп өндірісі дамыған аймағының бірі. Негізгі капиталға салынған инвестициялар жөнінен де аудан алға шығып отыр. Мәселен, өткен жылы жалпы өндірілген өнімнің және қызметтердің көлемі 33 миллиард 826 миллион 800 мың теңгені құрап, аудан экономикасының алға жылжуына оң әсерін тигізді. Ал 16 миллиард 808 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, көрсеткіш 6 миллиард 169 миллион теңгеге артқан. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар 12 миллиард 218 миллион теңгені құрап, ауданның инвестициялық ахуалының артуына үлес қосып келеді. Талас ауданында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде жалпы құны 18 миллиард 211 миллион 700 мың теңгені құрайтын 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Айта кетейік, аудан орталығы Қаратау қаласындағы «Talas Investment Company» ЖШС жылына 15 мың тонна цианид натрийін шығаратын болса, «Жамбыл Недр» ЖШС жыл сайын 300 мың тонна цемент өндіруге, «Қаратау Про» ЖШС жыл сайын 110 мың тонна мәрмәр тасын өңдеп шығаруға қауқарлы. Нақты атап айтсақ, бүгінгі таңда Талас ауданында 5 инвестициялық жоба жүзеге асып келеді. Мәселен, жалпы құны 20 миллион теңгені құрайтын сүт және ет өнімін өндіретін «Жұма» жеке кәсіпкер цехы, мәрмәрдан плиталық тастар, баспалдақтар, кірпішке арналған табиғи тастар шығарумен айналысатын құны 15 миллион теңге болатын «Атамекен Мрамор Көктал» ЖШС, құны 20 миллион теңгені құрайтын, мәрмәр өңдеумен айналысатын «Азмина Мрамор» ЖШС, әртүрлі құрылысқа керекті кафельді клей, гипс сылағы, сәндік сылақ өнімдерін шығаратын «Жамбыл-Недр» ЖШС мен жылына 24 мың тонна мұнай өнімін өңдеп шығаратын «Қаратау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС аудан ахуалын тұрақтандырып, индустриялық аймақ қалып­тастыруда белсенділік танытып отыр.