Жамбылда 953 пәтер пайдалануға беріледі

Жамбылда 953 пәтер пайдалануға беріледі

Жамбылда 953 пәтер пайдалануға беріледі
ашық дереккөзі
Жамбыл облысы әкімдігінде өңір басшысы Асқар Мырзаxметовтың төрағалығымен  «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде жиын өтті. Қазіргі таңда облыста 23258 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде Ұлы Отан соғыс ардагері – 4, жетім және қамқорлықсыз қалған балалар – 2737, xалықтың әлеуметтік осал тобы – 13170, бюджеттік сала қызметкерлері – 7345, үйі апатты деп танылған – 2 адам. Бұл көрсеткіш жыл басында 21683 адамды құраса, осы уақытқа дейін 1372 адам тағы кезекке тіркелген.  Яғни кезекке тұрғандардың өсім динамакасы қарқынды. Кезекке тұрғандарды тұрғын үймен қамту – маңызды мәселе десек, ағымдағы жылы 953 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал 2019 жылы – 1380, 2020 жылы – 1600 пәтерлі  көпқабатты тұрғын үйлер салу көзделуде. Қазір Тараз қаласы бойынша  пайдалануға беруге 606 пәтер дайын.  Оның 114-і Арай массив шағын ауданында.  Асқар Исабекұлы бұл үйлерді «7-20-25» бағдарламасы арқылы пайдалануға беру керектігін айтты. Бұл бағытта өтініш берушілердің алғашқы 20 пайызының 10 пайызын төлеп беруге жергілікті бюджеттен  400 миллиондай қаржы қарастыру жоспарлануда. Яғни, бұл қаржы пайызсыз бөліп төлеу жүйесімен үлестірілмек. Ол үшін арнайы тізім жасалынатын болады. Бұл тұрғыдағы жұмыстар қазір пысықталу үстінде. Өңір басшысы  сондай-ақ, арендалық кезекте тұрғандарды кредиттік бағыт бойынша пәтер алуға ыңғайлау, ол үшін талдау-сараптау жұмыстарын атқару керектігін ескертті. Асқар Исабекұлы облыс экономикасын арттыру үшін тұрғын үй құрылысының қарқынын бесеңдетпеудің маңыздылығын баса айтып, жауапты тұлғаларға аталмыш бағдарлама аясында баспана бақытына ие болушылардың санын арттыру жолында нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды. Айта кетейік, бағдарлама 4 кезең бойынша іске асады. Бірінші кезеңде банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін барынша іске қоса отырып, ипотекалық кредиттердің секьюритилендіру тетігін қалпына келтіреді. Екінші кезеңде, бағдарламаны тиімді іске асыру үшін осы компанияны қаржы агенттігі тануы керек. Яғни, бұл –компанияның облигациялары үшін мемлекеттік бағалы қағаздарға салық салғандай салық салу дегенді білдіреді. Үшінші кезең, тұрғын үй бастамасының жаңа мүмкіндіктері әркімге жеңілдік талаптарын беретін мемлекеттің теңдесіз қадамы болып сипатталады. Төртінші кезең жеңілдік берілген ипотекалық кредиттер толығымен қамтамасыз етілген және түгел қайтарымды болуға тиіс екендігін білдіреді. Өңірде он бесінші мөлтек ауданда – 800, Арай массивінде – 232 және жеке құрылыс компаниялары тұрғызған 166 көп пәтерлі үйлер ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы бойынша беріледі. Баспанаға жол ашатын бастама халыққа 7 пайыз мөлшерлеме бойынша кредиттелетін тұрғын үй құнының 20 пайыз мөлшерінде бастапқы жарна, сондай-ақ 25 жылға дейін кредит мерзімін ұсынады. Мәселен, 25 миллион теңгелік пәтердің, алғашқы 5 миллионы екінші деңгейлі банктерге құйылуы тиіс. Қалған 20 миллион қаражатты сатып алушы 25 жылға бөліп төлейтін болады. Сонымен қатар, Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін бағаның ең жоғарғы шегі 25 миллионды құраса, өзге өңірлер үшін 15 миллион теңге деп белгіленді. Бағдарламаға алғашқы жарнасын құйып, баспанасы жоқ әр азамат қатысуына болады. Таразда қазіргі уақытта «7-20-25» бағдарламасы бойынша 10 банк жұмыс жасайды. Сондай-ақ, бүгінгі күні Ұлттық банктің базалық ставкасы 9 пайызды құрайды, сәйкесінше құрылыс салушыға арналған сыйақы мөлшерлемесі жылдық 14 пайыздан аспауы тиіс. Оның ішінде «Даму»  Қоры сыйақы мөлшерлемесінің жылдық 7 пайызын субсидиялайды. Қалған 7 пайызын жылдық құрылыс салушы төлейді. Субсидиялар тұрғын үй құрылысы саласында өз қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлердің жаңа кредиттері бойынша беріледі.