Жамбылдықтар Жолдауға қолдау көрсетті

Жамбылдықтар Жолдауға қолдау көрсетті

Жамбылдықтар Жолдауға қолдау көрсетті
ашық дереккөзі
Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауын жамбылдық жұртшылық та жылы қабылдады. Бүгін Жамбыл облысының орталығында  «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауда көрсетілген мақсат-міндеттерді іске асыруға байланысты актив жиыны өтті. Алқалы жиында өңір басшысы Асқар Мырзахметов жыл құжаты аясында Жамбыл жерінде атқарылатын жұмыстардың жоба-жоспары жайында баяндады. Қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігін жақсарта түсуге  бағытталған бұл Жолдаудың маңызы ерекше. Басты құжатта халықтың әл-ауқатын  арттыру үшін алты басымдық белгіленді. Бұл жолғы жолдауда да  өмір сүру деңгейінің артуына ерекше екпін салынды.  Оның ішінде білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері түз-түгелімен қамтылды. Жолдауда көрсетілген бірінші басымдық – Халық табысының өсуі. Осы орайда,  2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап өңірдегі 101 мыңға жуық қызметкер үшін ең төменгі жалақыны 28284 теңгеден 42426 теңгеге дейін өсіру үшін облыстық бюджеттің кірістері мен шығыстары қайта қаралмақ.  Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды тапсырды. Жамбыл облысында  келесі жылға осы мақсатта жоспарланған 1,2 млрд. теңге 2 есеге ұлғайтылады. Бұл дегеніңіз мыңдаған жаңа жұмыс орындары мен жаңа кәсіпкерлік нысандарының ашылуына зор мүмкіндік. Президент агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру қажеттігін айтты. Асқар Мырзахметов,бұл тапсырма аясында аймақта ауыл шаруашылығымен айналысатын немесе айналысам деушілерді жаппай оқыту үшін үлгілі шаруа қожалықтарының базасын жасақтап, республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат аясында  қосымша нақты жоспар әзірленетінін жеткізді. Бұған  құрылып жатқан заманауи тұрғыдағы облыстық агроколледж де өз үлесін қосатын болады. Жолдау жүктеген тағы бір міндет әрбір қазақстандықтың тұрмыс сапасын арттыру. Президент әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындардың тиімділігін арттыруға ерекше мән беріп, 5 жыл ішінде білім, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 7,4%-дан 10 пайызына дейін жеткізу туралы міндет қойды.  Елбасы «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» оқыту әдісі мен жүйесі басқа мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс екендігін баса айтты. Медициналық қызмет сапасына да ерекше екпін берілді. Бұл ретте Елбасы ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін тапсырды. Аталған істердің алғышарттары аймақта басталып та кеткенін мақтанышпен айтуға болады. Атқарушы биліктің алдында ауыл-аймақта кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу міндеті тұр. Бұл тапсырма аясында аймақта 2019-2021 жылдары 30 спорт кешенін салу жоспарланған. Оның ішінде, Тараз қаласында жеңілатлетикалық және гимнастикаға арналған манеждер құрылысы бар. Сонымен қатар, аулаларда, парктерде, саябақтарда 29 спорт алаңшасын салынады. Бұдан бөлек, президент  өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуды міндеттеді. Осы мақсатқа орай қаржыландыру көлемі де артып отыр. Мәселен,  жергілікті маңызы бар жолдарға 150 миллиард теңгеге дейін, ауылдық  жерлерді сумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінді. Ендігі жерде әкімдер осы қаражаттың есебінен өңірлердегі мейлінше өткір проблемаларды шешуге күш жұмылдыруы тиіс. Айта кету керек, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар өңірде кезең-кезеңмен жүзеге асуда. Мемлекет басшысының Жолдауы әрбір азаматтың өмір сапасын арттыруға бағытталып отыр. Жолдаудың талаптарын орындау – баршаға ортақ  міндет. Мақсат айқын, меже белгілі. Өңір басшысы жарқын болашақты бірге қалыптастыруда баршаны басты құжаттағы айтылған міндеттерді жұмылып жүзеге асыруға шақырды.