Жер мәселесіне қатысты жағдайлар қаралды

Жер мәселесіне қатысты жағдайлар қаралды

Жер мәселесіне қатысты жағдайлар қаралды
ашық дереккөзі
Жер қойнауын тиімді пайдалану, оны заңсыз иемденіп отырған азаматтармен күрес жүргізу қазір өзекті тақырыптың бірі. Бұл Жамбыл облысы үшін де аса маңызды. Бүгін облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен алқалы жиында өңірдегі жер мәселесіне қатысты жағдайлар жан-жақты қаралып, талқыланды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі заманғы мемлекет құрудың 5 институционалды бағыттарын айқындаған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы 74 және 75-қадамдарын іске асыру мақсатында биыл «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі заңды күшіне енген болатын. Бүгінде Жамбыл облысының аумағында жер пайдаланушы 140 мекеме келісімшарт бойынша жұмыс істеп жатыр. Олармен жаңа тәртіп бойынша жұмыс істеу тетігін ойластыруды жыл басында өңір басшысы Асқар Мырзахметов ұсынған болатын. Нәтижесінде, осыған сәйкес бірқатар жұмыстардың жүргізілгендігі жөнінде ақрапат берілді. Атап айтқанда, өңірдің әлеуметтік саласына және инфрақұрылымына арналған төлемдер өндіруге жұмсалатын шығындар 1 пайыздан 3-5 пайызға,  жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялардың салдарын жоюға арналған төлем 0, 2 пайыздан 2-3  пайызға, Қазақстандық кадрларды оқытуға арналған  төлемдер 1 пайыздан 2-3 пайызға артатын болды. Ал, келісімшарттың қолданылу мерзімі 25 жылдан ары кетсе 5-10 жылға дейін қысқармақшы. Сондай-ақ, жаңа келісімшарт бойынша міндеттемелерінің орындалуын бақылау жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізіліп жатқан объектілерге бару арқылы анықталады. Яғни, бұрынғыдай жер пайдаланушы білгенін істей алмайды. Алайда, жаңа келісімшарттың өзгерістерін қабылдағысы келмей отырған ұжымдар да бар болып шықты. Нақтырақ айтсақ, 37  мекеме өзгерістер бойынша жұмыс жүргізуді құп көрсе, 15 мекеме өзгерістерді қабылдаудан бас тартқан. Асқар Мырзахметов бірыңғай тәртіпке көнбегендермен басқаша сөйлесу керектігін айтты. Ол үшін арнайы «Қара тізім» құрудың қажеттілігін алға тартты. Себебі, осы уақытқа дейін жер пайдаланушылардың қоршаған ортаға тигізіп отырған зияны жөнінде нақты талдау болмаған. Ол ендігі жерде жасалып жатыр. Қазір облысымызда 152 жер қойнауын пайдаланушының 204 жер қойнауын пайдалауға рұқсат қағаздары бар. Оның ішінде, 160 келісімшарт бойынша өндіру жұмыстары, 39 келісімшартпен геологиялық барлау жұмыстары және 5 келісімшартпен барлау мен өндіру жұмыстары жүргізілуде. Келісімшарт иелерінің ішінде алтын, фосфорит, мыс, барит өндірумен айналысатын «АК Алтыналмас» АҚ, «Қазфосфат» ЖШС, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС және «Шығыс кен басқармасы» ЖШС-тары сияқты ірі компаниялар облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосуда. 2018 жылы Жамбыл өңірлік геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясымен жүргізілген ішінара және жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде заң талаптарын бұзған жер қойнауын пайдаланушылар анықталып, жеке және заңды тұлғаларға 31 әкімшілік құқық бұзушылық іс қозғалып, барлығы 5 814 088 теңге айыппұл салынып, өндірілген болатын. Жиында қадағалаушы органдардың басшылары да сөз алып, жыл басынан бері жер пайдалану саласында орын алған заңбұзушылықтарды да атап өтті. Мәселен: өңірде 30 гектардан астап жерді заңсыз қазып отырған 34 карьердің жұмысы белгілі болған. Бұдан басқа да толып жатқан заңбұзушылық фактілері тіркелді. Жамбыл облысының басшысы Асқар Мырзахметов көтерілген мәселелер бойынша алдағы уақытта арнайы жиын өтіп, жоғарыдағы заңсыздыққа жол берген жауапты басшыларға қатаң шаралар қолданылатындығын атап өтті. Облыс басшысы Асқар Мырзахметов көтерілген мәселелер бойынша алдағы уақытта арнайы жиын өтіп, жоғарыдағы заң бұзушылықтарға жол берген, өз жұмыстарына салғырт қараған жауапты басшылар мен қатысты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылып, жауапкершіліктері қаралатынын ескертіп, кемшіліктермен жұмыс жүргізу үшін нақты тапсырмалар берді.