Сапалы маман дайындау – ұлт болашағының кепілі

Сапалы маман дайындау – ұлт болашағының кепілі

Сапалы маман дайындау – ұлт болашағының кепілі
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптардың күшейтілуін, оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуын, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуын атап өткен болатын. ХХІ ғасырдағы ақпараттық-технологиялық түбегейлі өзгерістер білім мекемелері мен әрбір тұлғаға деген талапты арттыра түсті. Бүгінгі күні кәсіби шеберлік, кәсіби құндылық – кез келген маманның қоғамдағы сұранысы мен орнын анықтайтын басты принцип. Әсіресе, кітапхана саласы ақпараттық және білім орталығы ретінде ақпаратты беру мен табу, іздестіруге тікелей байланысты. Оның жолдарын білуде кітапханашы мамандар бірінші кезекте жоғары ақпаратты біліммен қаруланған өз ісінің шебері болуы керек. Кітапханашылар үшін ең маңыздысы – жеке тұлғалық коммуникативті қасиет, оқырмандармен қарым-қатынас жасай білу. Кітапхана мейірімділікке, гуманизмге қызмет ететін орын ретіндегі ұғым қалыптасуы үшін, онда мейірімді, жақсы тәрбиеленген, өз ісіне шексіз берілген кәсіби мамандар жұмыс істеуі тиіс. Қазақстанда жоғары білімді кітапханашыларды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Кітапханатану және библиография кафедрасында 1956 жылдан бері «Кітапханатану және библиография» кафедрасы «Өнер және мәдениет» факультетінің құрамында «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша даярлап келеді. Оқыту мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылып, бітіруші түлектерге «Кітапхана ісінің бакалавры» академиялық дәрежесі беріледі де, олар республиканың әртүрлі жүйедегі (жоғары оқу орындары, мектеп, лицей, гимназия, колледж) кітапханаларында жұмыс атқара алады. Кафедраның ғылыми-зерттеу жұмысы кітаптану, кітапханатану мен библиографиятанудың өзекті мәселелерін зерттеуге, кітапхана мамандарын сапалы, уақыт талабына сай, жоғары деңгейде дайындауға бағытталған. Сондай-ақ, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлау, өз мамандықтарын жетік меңгерген, жұмыс жасауға қабілетті, тұрақты кәсіби өсуге дайын, әлеуметтік және оңтайлы кадрларды даярлау талабын іске асыруда. Оның дәлелі ретінде, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы арасында дуальды білім беру жүйесі аясында атқарылып жатқан жұмысты атап өтуге болады. Дуальды оқыту жүйесі бойынша оқыту білім алушыларға кәсіби біліктілікті, дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің – білім, ғылым, өндірістің өзара байланысын және білім беру жүйесінің сапасын арттыратыны сөзсіз. «ЖОО – жұмыс беруші» байланысын күшейту мақсатында ҚР Ұлттық кітапханасында «Кітапханатану және библиография» кафедрасы ашылып, ЖОО-ның кітапханалық факультеттері студенттерінің теориялық және тәжірибелік дайындықтарын қатар жүргізетін оқу-тәжірибелік орталығына айналып отыр. Бүгінгі күннің талабы – кітапхана мамандығының кәсіптік деңгейінің жоғарылығы десек, ұжымда кітапхана жетекшілерінің білімін жетілдіру де жауапты міндеттің бірі екені сөзсіз. Кітапханашы өмір бойы оқуда, ізденісте болуы шарт, ол – оның кәсіби міндеті. Себебі кітапханаға түсетін әрбір жаңа ақпарат маманнан белсенділікті және оны іс-тәжірибеде қолдана білуді талап етеді. Кітапхана – оқырманның жүрегіне кітап арқылы жол табатын мекеме, талабы мол пайдаланушы мен шексіз сан түрлі ақпараттар арасындағы дәнекер көпір, пайдаланушылар үшін сан түрлі сұрақтар жауабының ортасы, сан қилы мәліметтердің киелі ордасы, білім дариясына бағытталған рухани мекен. Еліміздің кітапханалары өз қызметіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу арқылы өзіндік электрондық ресурстарын толықтырып қана қоймай, басқа да отандық, әлемдік ақпараттар ресурстарына кіру мүмкіндігін қарастырып, нәтижелі пайдалануда. Себебі қазіргі таңда ақпарат кеңістігі мен оның мүмкіндігі қандай шексіз болса, оған деген сұраныстың да еселей түскендігі осының дәлелі. Ал осы айтылған қыруар жұмыстар – кәсіби кітапханашылардың елімізді өркендетуге жұмсаған толассыз еңбегінің жемісі.  

Гүлмира Нұржанова,

Кітапханатану және библиография

кафедрасының меңгерушісі

Айзада Байдарова,

магистр-оқытушы