Буэнос-Айресті бағындырған саңлақтар

Буэнос-Айресті бағындырған саңлақтар

Буэнос-Айресті бағындырған саңлақтар
ашық дереккөзі
Аргентина астанасы – Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер арасындағы ІІІ Жазғы олимпиада ойындары аяқталды. 206 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысқан дүбірлі додадан қазақстандық спортшылар табысты оралды. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға 206 елдің 15-18 жас аралығындағы өрендері қатысып, 32 спорт түрінен 241 медаль жиынтығын сарапқа салды. Аргентина жеріндегі дүбірлі додада Қазақ елі спортшыларына 10 жүлде бұйырды. Яғни, ұлттық құрама қоржынында 4 алтын, 3 күміс және 3  қола жүлде бар. Командалық есепте Қазақстан 14-орынға тұрақтады. Осыдан төрт жыл бұрын сегіз жүлдемен (3 алтын, 1 күміс, 4 қола) жалпы есепте 21-орынға тұрақтағанымызды ескерсек, бұл – үлкен жетістік. Айта кетейік, байрақты бәсекеде ел намысын 58 спортшы қорғады. Ұлттық құрама қоржынына алғашқы алтынды дзюдошы Бекарыс Садуақас салды. Ал қыздар арасында 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Маргарита Гриценко финалға дейін жетіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Одан кейін ескекші Диас Бахриддин алтыннан алқа тағып, қазақ елінің мерейін асырды. Ескек есуден сынға түскен қазақстандық спортшы Стелла Суханова қола медальді еншіледі. Олимпиаданың соңғы күндерінде велоспортшылар жүлде санын арттырды. Велоспорттан командалық аралас жарыста (әртүрлі бес бәйгеден құралған) Глеб Брусенский мен Евгений Федоров 418 ұпаймен қарсыластарын шаң қаптырып кетті. Буэнос-Айреске барған боксшылардың үшеуі де финалға жолдама алды. Бірақ жас­­өспірімдер олимпиадасының чемпионы атану 91 келі салмақ дәрежесіндегі Айбек Оралбайға ғана бұйырыпты. Ақтық бәсекеде Алжир боксшысы Мохаммед Амин Хасидті жеңіп, алтыннан алқа тақты. Ал финалға шыққан өзге екі боксшымыз – 91 келіден жоғары өнер көрсеткен Дамир Тойбай мен 64 келідегі Талғат Шәйкен күміс жүлдені қанағат тұтты. Қыздар арасында 75 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Надежда Рябец қола медальді еншілесе,  Жансая Абдрайымова ширек финалда жеңіліс тапты. Сондай-ақ, каратэден 68 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Әбілмансұр Батырғали жартылай финалда ұтылып, қола жүлдеге ие болды. Спортшыларды әуежайдан күтіп алған ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев: «Бұл өте үлкен нәтиже деп есептейміз. Енді осы спортшыларымызды біраз уақыттан кейін Ұлттық олимпиадалық комитет пен министрлік бірлесіп, ресми марапаттау өткізуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті. Ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар қандай мадаққа болсын лайықты. Бүгін жасөспірімдер арасында топ жарған саңлақтар ертеңгі күні Олимпиада ойындарының чемпионы атанатыны анық. Айта кетейік, осыған дейін жасөспірімдер арасындағы Жазғы олимпиада ойындары алғаш рет 2010 жылы Сингапурде, кейін 2014 жылы Қытайдың Нанкин қаласында өткен болатын. Төрт жылда бір рет өтіп тұратын байрақты бәсекеге 14-18 жас аралығындағы жас спортшылар ғана қатысады.