Сандықтаудың саңлағы

Сандықтаудың саңлағы

Сандықтаудың саңлағы
ашық дереккөзі
Адамның ғұмыры өмірдің өрі мен өткелегінен тұрады. Ал мұның түп негізі – тағдыр сыйы талмас еңбек пен табанды ерік-жігерде жатса керек. Ел-жұртының құрметіне бөленіп, «Біздер өткен буын өкілдері, жан аямай еңбек еткенде болашаққа әрқашан зор сеніммен қарадық. Менің негізі арманым – қазіргі заманда еңбек етіп жүрген жастарда, балаларымда осындай сенім болғанын қалаймын», – деп адалынан ақтарылған ардагер аға. Сұлтан Сейтімбетовті Арқа елі жақсы біледі. Сұлтан Қозданұлы еңбекті ерте еншілеген, қиыншылықтың бар ауыртпалығын бала шақтан белі майыса көтерген буынның өкілі еді. Ол буынның кешкені мен көргені елінің қаны мен жанының ортақ өрнегі, уақыт сынымен бірге шыңдалған өмір-өрмегі секілді. Өйткені қатал өмір тауқыметін тартқан күндері мен түндері өмірінің өз сабағы, өз шындығы. «Туып-өскен ауылым Жыланды өзенінің бойын қоныс еткен қазақы ауыл еді», – деп жазған Сұлтан Қозданұлы өз естелігінде өмір жолының ащысы мен тұщысының, қуанышы мен қайғысының, өкініші мен өмірсүйінішінің бір басына жетерліктей болғанын сабырмен боямасыз баяндайды. «Мен сол Сандықтаудың Мыңжан ауылында өстім. Айтыскер ақын Бекмағамбет көкем домбырасын қолына алып: Ау, мен едім немересі Мыңжан байдың, Бабамыз кісі еді екі дайдың. Топ көрсем томағасын алатұғын, Мен-дағы жігіт едім осындайдың, – Бастайын қалайшадан өлең басын, Түсті ме маған сіздің ықыласың. Өлеңді көптен бері қойып едім, Халайық, мені әурелеп неғыласың, – деп алып, халық сұрағасын Қобыланды жырын айтып кетуші еді. Осы Мыңжан ауылында, Жыланды өзенінің жағасында шымнан салынған қоржын үйде 1926 жылы туыппын. «Әке, осындай жақсы, ағашы мол жерде ауылымыз болған екен, неге атамыз Жыландыға қарай көшкен», – деп сұраушы едім. Сонда әкем: «Ол заманда «переселендер» келе бастаған ғой, жақсы, ағашы көп, шұрайлы жерлер соларға берілген», – деуші еді. Расында да, осындағы орыс селосы 1860 жылдары пайда болған. Сол кезде, 13 қазақ ауылы 13 колхоз болып жеке отырса, қалған 35 селода – түгелдей дерлік орыстар екен. Осындай Жыландының бойында өстім. Әкем жасымнан жұмысқа, еңбекке тәрбиеледі. Он-он бір жасымнан ауыл шөпшілеріне қосып, шөп шабатындардың ат айдаушысы болдым, «Соғыс басталған жылдары шөп, егін ору кезінде лобогрейкаға отырып, ауыр жұмыс істей бастадық. Бұл балаларға оңай жұмыс емес еді», – деген естелік жолдарынан балалық шақтың қалай өткені көрініп-ақ тұр. Ол күндердің балғын жасқа ауыр тиген сәттері қаншама: «Елге қиындық фин соғысынан бастап-ақ түсе бастады. 1940 жылдың мартында Бастырымнан үйге келе қалып едім, мені Қуанның үйіне шақырды. Барсам ол үйде ылғи ауылдың үлкен кісілері мен әйелдері отыр. Мені орысша жазылған хатты оқып берсін деп шақырыпты. 1939 жылы Қуанның ағасы Сейілбек Жәкенұлы әскерге кеткен. Хат жазып хабарлаушы көрші Красноярдың жігіті Попов Василий Никанорович еді. Сол суық хабарды орысшадан қазақшаға аударып айтып берген едім. Хатта соғыстың соңғы күні «убит Сейілбек» деп жазыпты. Мен қалай айтарымды білмей сасып қалдым. Менен «убит» деген не деп сұрайды. Жұртпен бірге жылап-сықтап түсіндірген болдым. Бұл ең алғашқы ауыр ісім болды. Қайғылы қазаны бұлай естіртпейді ғой. Тарсылдатып оқып шығып өзім не істерімді білмей қалдым. Тура айтып салғаныма туған-туысы шошына у-шу боп зарлап, жылап жатты. Мен бұл уақытта 13 жаста едім». Бала жүрегінде қалған осынау сурет ардагер ағаның көңілінде өшпестей боп өмір бойы жадында жүріпті. Соғыс деген зұлмат жайлы айтыла қалса, оны алыстағы балалардың қалай бастан кешкенін көрсететін осы бір эпизодтың өзі-ақ айтып тұр емес пе?! Ардагерлік жасқа келіп, ықылас қойғандар біле жүрсін деп естелігін қағазға түсірген Сұлтан Қозданұлы ара-тұра ел басына туған зобалаң шақтың да ызғары мен азабын айта кетеді. «1930-1933 жылдары елімізде аштық болды ғой. Сол аштық жылдарында көп адам аштықтан өліп қалды дегенді өз құлағымызбен үлкендерден естідік. Ал мен болсам талай аш адамның үйге кіріп, босағада сүйеніп тұрып сүйекті малжаңдатып шайнап тұрғанын көзім көрді. Біздің үйімізде де тоқтық болған жоқ. Ол кезде халықтың тұрмысы нашар, киерге киім, ішерге тамақ жетіспейтін. Киетіндері тері шалбар, қатқан тон, ішетіндері болса қара көже мен қатқан нан. Әлі есімде стол басында отырғанда қуырған бидайді шөкімдеп беретін, картоп болса есептеп беретін», – деп жазады. Өмірінің шындығын қаз-қалпында айтып, Арқадағы қазақтардың 30-шы, 40-жылдардағы кешкен тіршілігін өз басының дерегімен әңгімелеген ардагер ақсақалдың азаматтық көзқарасынан әр кезеңнің бағасы мен бағыты саралай шертіледі, өмір ыңғайына қарай өз ортасына араласып қызметке жегілген кезде теңдік әпереміз деген кеңес өкіметінің жүргізген саясатының асыра сілтеушілігі мен әсіре қызылдығын бетпе-бет көреді. Басыну мен төменшектету, елемеу мен ескермеуді, орыс ұлтының жолы болып, қазақ кадрларына тұсау салынғанын талай көрді. Орысша жақсы біліп, сауатты болуы, етінің тірілігінің арқасында керекті кадр болғаны күмәнсіз еді. Мұғалімдіктен аудандық оқу бөліміне қызметке келуіне де осы қабілет-қасиеттердің себеп болғаны сөзсіз еді. Байқағаны – еңбектегі тындырымдылығы тағдырының қиындықтарынан құтқарады, қиналған сәттерден адалдығы алып шықты, тар-талқыда әділдігі қорғады. Жас жігіттің көптің алдында қазақша-орысша шешен сөйлеуі, сауатты сөз саптауы, көпті тыңдата білуі оның өмірлік жолында көп көмегін тигізді. Аудандық партия комитетінде нұсқаушылықта жүріп іскерлігімен ерекше көзге түседі, көп ұзамай, 1948 жылы Молотов аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы боп сайланады. Одан кейінгі оқу бөлімінің меңгерушісі, партия комитетінің бөлім меңгерушісі, партия комитетінің екінші хатшысы, ауаткомның төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Степногорск қаласының атқару комитетінің төрағасы секілді жауапты қызметтердің бәрінде абырой биігіне алып шыққан жас жігіттің білігі мен білімі, ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі болыпты. Кеңестік дәуірдің көп айтыла бермейтін қырларын Сұлтан Қозданұлы өз көзімен көреді, өзінше ойға түйеді, бірақ айтарға тіл жоқ – көрсетерге қол қысқа кезеңді нақты деректермен жазбасында ашыла айтыпты. «Тыңды игеру науқаны кезінде орыстар мен белорустар басып кетті. Мұның да қасіреті мол болды. Басқа ұлттың көбеюіне байланысты ортақ тіл – орысша болғандықтан қазақ мектептері жойылып кетті. Қазақтар өз тілінен, мәдениетінен айырылды. Орыс тілін білмейтін адам еш мекемеде, саяси, мәдени органдарда істей алмайтын болды», – десе, колхоздардың жаппай қосылуы қазақтардың ауқымын тіптен тарылтып жібергені және бар. «Айталық: Біздің ауданда сол тың игерудің алғашқы қатарында құрылған совхоздар: Қалмақкөл, Барақкөл совхозы жерлерінен жаңадан Каменск (директоры И.В. Соловьев), Победа (директоры В.А. Крахмальный) совхоздары құрылды. Онымен қатар, Құмдыкөл, Красный Охотник, Кең Өлең жерлерінен Ново-Никольск совхозы (директоры Говорухин), Ново-Добринка, Сосновка, Тучное селоларынан Белгород совхозы (директоры Коврыгин), Мәдениет, Жусалы жерлерінен «Культура» совхозы (директоры Панов), Острогорка, Жаңа жол селосынан Гвардеец, Широков совхоздары құрылды. Ауданда 4 МТС бар, олар: Балкашин – директоры И.С. Багрий, МТС аймағы бойынша секретары И.Д. Михайлин, Веселый – директоры В.Г. Гайворонский, секретары В.Т. Никитин, Сандықтау – директоры В.Н. Бойко, секретары М.П. Сокол, Преображенск – директоры И.Г. Шульга, секретары И.А. Фролов. Әрбір МТС-тың қарамағында 4-5 колхоздан бар», – дей келіп, жаңадан тағайындалған 13 басшының ішінде бірде бір қазақ болмағанын айғақтай айтады. Көп жылдар бойы партиялық-ұйымдастырушылық қызметтерді атқара жүріп, елмен етене араласа білген Сұлтан Қозданұлының қыры мен сыры терең қоғамның сынынан шыңдалып шыққанын, өзінің өмірлік ұстанымынан – адалдығынан айнымай өткенін, қай кезде де сенімді ақтай білгенін көреміз. Осы орайда 1973-1978 жылдары Целиноград облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болған Оразбек Сұлтанұлы Қуанышев жайлы естеліктегі мына бір жолдардың дерегі елең еткізеді: «Сілеті ауданы құрылатын болды. Қуанышев оған бірінші хатшы етіп С.Қ. Сейтімбетовті жіберу жөнінде ұсыныс енгізді. Бюро мүшелері: «Сейтімбетов мұғалім, шаруашылықта істемеген және жасы да біразға келіп қалған» десті. – Оған келіспеймін. Сұлтан Қозданұлы – тәжірибелі басшы, ақылды, инициативалы кісі. Жұрттан сұраңыздаршы, бәрі де қолдайды оны, – деп жауап берді оларға Оразбек Сұлтанұлы. Қате болған жоқ, С.Қ.Сейтімбетов жаңа ауданның дамуы үшін қыруар іс атқарды, кейінірек Степногор қалаткомының төрағасы боп жоғарылатылды. Оразбек Қуанышев өзін, өзінің мазасыз өмірін Тыңның соқтықпалы соқпақтарынан бірге өткен адамдар тобынсыз көз алдына келтірген емес. Олардың әрқайсысын ол сырттай ғана естіген, білген емес. Қоян-қолтық жұмыс істеп, сынап көрді бәрін. Көпшілігінен тағылым алып, адами, іскерлік қасиеттерін өнеге тұтуды әбес санаған жоқ. Соның бірі Сұлтан Қозданұлы еді». Біздіңше Сұлтекеңнің жаңа құрылым – осы Сілеті ауданын құрудағы қыруар істе ұйымдастырушылық қабілеті ұштала түсті десе де болады. Осы жауапты қызметке барарда Балабек тәтесінің: «Есіңде болсын, сенім білдірген жерге бару керек. Тартынбау керек, табанды бол!», – дегені есінде қалыпты. Қарапайым сөздің қолдауы мен демей жүрер қорғауы да себеп болған шығар... Іске батыл кірісіп кеткеніне тәубе дейді. Кадрларды іріктей білуі, адамдармен тіл табыса алуы, әрқайсысының қабілет-қарымын танып бағалауы, мамандардың ой-пікірлерімен санасуы, өмірді көрген жандардың тәжірибесін тыңдай білуі, өтінішке түсіністікпен қарауы, кемшілікті болдырмау үшін көппен кеңесе білуі, жас мамандарға сенім артуы, қызметке барын салуы басқарушылық білігін арттыра түскені сөзсіз еді. Мұндай қасиеттерді өмірден – өзі өскен ортаның өнегесінен алып бойына сіңіргені оның азаматтық қайсарлығын танытса, қарапайымдылығы мен кісілігі ел құрметіне бөледі. Осындай үйрену мен ілгері ұмтылу кезеңін, қызметке кір келтірмеуге деген құштарлығы мен адалдығын ең басты абыройлы міндеті әрі парызы санады. Өмір осылай өтіп жатты. Қиындыққа қайыспау да қайраткерліктің бір қыры емес пе? Мойымайтын жан мұратына жетеді екен. Барлық іскерлік қабілетін көрсете білген Сұлтан Қозданұлы да көңіліне сақтаған сол кездерге қатысты ойды өзінің «Еңбекпен еселенген жылдар» естелігінде жан-жақты жалғай түседі. Сол кезеңнің жақсы жағы мен жағымсыз тұстарын жуып-шаймай ашығынан ашып, әсіресе жергілікті ұлтқа деген көзқарастың қандай болғанын, тізе батыру, басынушылық тәрізді солақай басқаруға мойынұсынуға, еңбек етуге тура келгенін жасырмайды, былай деп жайып салады: «Мен қызмет атқарған жылдардағы бір күрделі мәселе – ұлттық кадрлар мәселесі болды. Бұл жөнінде коммунистік партияның жалпы бағыты, бағдарламасы мен уставы дұрыс айтады. Алайда жергілікті басшылардың көбінің ісі мен сөзі үйлеспей жүрді. Қызметке тағайындауда жалпы халық санындағы ұлттардың мөлшерін есептейтін жағдай болды. Оның өзінде тәуір жерлерге өзге ұлт өкілдері жіберіліп отырды. Мысалы, 1970 жылдардың ортасында облысымыздағы 13 ауданның үшеуінде ғана партия комитетінің бірінші хатшысы болып қазақтар істедік. Ол аудандардың өзі де жері, ауа райы қолайсыз, жауын аз түсетін аудандар болды, Қорғалжында – Шабатов Әділхан, Ерейментауда – Таукенов Қасым және Сілетіде – мен. Мені жаңа ауданға тағайындағанда обком хатшысы Н.Е. Кручина екі ауданның біреуін таңдауға мүмкіндік бермеді. Маринов ауданына В.П. Потапенко кетті. Ал оның есесіне жиналыстарда, пленум, сессияларда бізді сынауды әсте ұмытпайтын...» Міне, Сұлтекеңнің өмірбаянынан ердің ғана емес, ел басынан өткерген ауыр жылдардың шындығы шып-шырғасыз айтылады. Бастан кешкен қиындықтар мен еңбекпен еңсе тіктеген жылдардың ащысы мен тұщысы мол ақиқатын еске алады. Мұның бәрі деректермен берілгендіктен сеніммен қабылдайсың, алыстап кеткен күндердің әсеріне бөленесің. Қарап отырса, «Өмір – күрес» деген осы екен. Сандықтаудан шығып, Арқаның ардақты азаматына айналған оның өмір сүру принципі «Елім үшін еңбек етіп жүрмін» деген қарапайым қағида болыпты. Содан айнымапты. Адал еңбектің арқауы, абзал азаматтың арлы ісі елеусіз қалмай, елінің құрметіне бөледі. Алғыспен жолы ашылып, ұстамды қырынан көрініп, ерен еңбегімен таза жүріп, жұрттың ақтілек батасымен өмір мұраттарына абыроймен жеткеніне ел есінде қалған елеулі істері мен ізгілікті іздері, жүрегінің жалыны мен арынын арнаған жеңісті де жемісті жылдары куә екен. Азаматтың шаңырағы биік болса – ғұмыры да көшелі болмақ. Тағдыр қосқан зайыбы Кәмешпен тату-тәтті өмір кешкен Сұлтан Қозданұлы ұрпағын көріп болашағына сенімі артты, өсіп келе жатқан ұл-қыздарының өмірден өз орнын тапқандарына көзі жетіп, көңілі марқайды. Алты баласы – алты шаңырақ көтерген, екі немересі де отау тіккен. Талғаты – химия ғылымының докторы, келіні Аманкүл – ғылым кандидаты. Басқа балалары да әке аманатына адал боп еңбек етіп келеді. Әкесі жайлы Сұлтекеңнің қызы Сәуле көп біледі, көп әңгімелерін айта жүруден әсте жалықпайды. Аяулы әкесінің бірде: «Мен неге кейбіреулердің өзі орыс болып кеткенін басқадан көре беретінін түсінбеймін. Әр қазақ оны өзінен көріп, өзін түзетуі керек. Енді барлығымыз жиналып, қазақ тілінің шын мәнісінде мемлекеттік тіл болып қалыптасуына атсалуымыз қажет. Ана тілімізді алдымен өзіміз сыйлап, барлық жерде бір-бірімізбен қазақша сөйлеуіміз керек. Сонда басқа ұлт өкілдері де біздің тілімізді сыйлап, оны үйренуге ұмтылады. Олардың осы талпынысына біз игі ықпал жасауымыз қажет. Бұған бүгінде мемлекет тарапынан мүмкіндік туғызылып отыр. Енді бәрімізге – өзімізге байланысты, қарғам», – дегені әлі Сәуленің есінде. Әке өнегесі – өмірлік азық, 2005 жылы өмірден озған әкенің тоқсан жылдығын атап өткен ұрпағы – оны ұлықтай да біледі, ұмытпай да жүреді. Осы орайда мына бір жай сөзімізді растай түседі. «Әкеміздің қолжазбаларын компьютерде теріп, дайындаған біздің ұлымыз Руслан болды. Теру барысында, әрине, оны қызығып оқып отырды, кітаппен ең бірінші болып танысқан да сол болды. Бала болған соң оған ең ұнағандары қасқырлармен кездесу, қоянды қуып ұстау сияқты балалық шақтағы оқиғалар. Басшы қызметте болған кездің әңгімелерін түсініп кету оңай емес қой, оның үстіне ол кездегі мекемелер мен ұйымдардың аты да, олардың жұмысы да таныс емес. Дегенмен атасының естелігін оқуы, оның өмірі мен еңбек жолын саралап, бойына сіңіруі ол үшін үлкен жолдың алдында бата алғандай болды, мектепті ойдағыдай бітіріп, жоғары оқу орнына түсті. Ата жолы оған әлі де бағдар болатын шығар. Қазір атасының суреті Русланның бөлмесінде ілулі тұр, күн сайын оған қолдау болып, тілегін айтып тұрғандай», – дейді Сәуле Сұлтанқызы мақтаныш сезіммен. Немересі осылай атасын ұлықтай білсе, ғұмырының жалғасы әлі жарқын боларын айғақтай түспей ме?! Бұл өнегелі тәрбиенің өркенді өрісі ғой деп түйдік.

***

 Сұлтан Қозданұлы өмірдің өрінде өнегелі ізі қалған, дәйім болашаққа деген сенімін шырақ еткен абзал азамат еді. Бүгінде үбірлі-шүбірлі ұрпағы сол сенім шырағының сәулесі сынды. Шулы шаңырағын шуағына бөлеп жарық шашып тұр... Біз де бар бейілімізбен: – Маздай бергей! – демекпіз.  

Жақау Дәуренбеков,

жазушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері