25 Қазан 2018, 16:36 1199 0 Ішкі саясат Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

«Әлеуметтік түйткілді жылдам шешетін өңір»

Түркістан облыстық мәртебеге ие болғалы қала гүлденіп, әлеуеті артып келеді. Себебі еңбек күші орасан әрі бірқатар салаларды дамытуға қолайлы облыстың әлеуметтік мәселелерді шешуге деген қауқары жетерлік.

Жақында Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сарапшылары облысқа «әлеуметтік мәселелерді жылдам шешуді көздеген өңір» деп баға берді. Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бойынша өткен аймақтық сарапшылар кездесуінде аталған институттың әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина «Өмір сапасының деңгейі: негізгі өлшемдері мен индикаторлары» тақырыбында баяндама жасады. Онда Елбасы Жолдауындағы басты міндет – елдің тұрмыс деңгейін көтеру екеніне тоқталған А.Жолдыбалина өмір сапасын анықтаудағы негізгі индикаторлар мен өлшемдер туралы түсіндіріп берді. Ал институттың ақпараттық-талдау жұмысы бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова «Жаңа заманның мемлекеттік қызметкерлері – ел саясатының тиімді жүзеге асуының негізі» тақырыбында ой қозғады. «Елбасы мемлекеттік қызметшілердің деңгейін, мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру жөнінде тапсырма берді. Мәселен, ескі жүйе бойынша мемлекеттік қызметкердің жалақысы оның лауазымы мен еңбек өтіліне байланысты болатын. Ал жаңа жүйе бойынша жұмыстың күрделілігі ескеріледі. Жұмысты сапалы істеген қызметкерлерге бонустар беріледі. Осы арқылы басшылық пен мамандар жалақысы арасындағы алшақтық төмендейді», – деді ол. Ал белгілі саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхаммед Түркістандағы жетекші оқу орындары мемлекеттік басқару, урбанизация, туризм салалары бойынша мықты мамандар даярлауды күшейтулері тиіс деп есептейді. Саясаттанушының пікірінше, биыл бір жылда екі Жолдаудың жариялануының астарында Елбасының әлеуметтік мәселелерді жылдам шешу мақсаты жатыр. Себебі үш ай бұрын айтылған тапсырмалар мен бастамаларды келесі жылдың бюджетіне енгізуге мүмкіндік бар. Жиынды жүргізген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев сарапшылардың пікірлері студенттер мен оқытушыларға серпін беретінін жеткізді.

«Еліміздегі 25 жылдық тарихы бар Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты – қоғамдағы түрлі құбылыстарды, өзгерістерді, қатынастарды зерттейтін ұйым. Әсіресе, осы ұйымды дәл қазіргі қоғамдағы саяси ахуал жаңа бір белсенділікке көшкен кезеңде өңірімізге арнайы шақырып семинар-тренинг өткізіп отырмыз. Себебі жақында ғана Елбасымыздың Жолдауы жарияланды, осы Жолдауды жүзеге асырудың нақты жолдарын осы институт өкілдерімен кеңесе, келісе отырып талқыламақпыз. Екіншіден, таяуда ғана құрылған жаңа Түркістан облысы еліміздің Оңтүстік қақпасын ұстап тұрған бірден бір шекаралы өңір болып саналады. Жаңадан құрылып жатқан мемлекеттік басқару құрылымдары облыс орталығына ауысып жатқан тұста салаларға негізгі басымдық беру сұранып тұр. Сондықтан институт өңіріміздегі ерекше назар аударатын тиісті мәселелер бойынша халықпен өзара тығыз байланыс жұмыстарын жүргізуде біздің мамандарымызбен, әлеуметтанушылар мен саясаттанушылармен тәжірибе бөлісіп отыр. Оның барлығы жұмыс барысында, жұмысымыздың жаңа сипатқа көшуіне, тәжірибенің артуына, халықпен байланыстың тереңдеуіне тағы да тікелей ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

 «Жасыл экономика» –  дамудың жаңа үрдісі

Бүгінде «жасыл» экономикаға көшу мәселесі – ел алдында тұрған басты міндет. Бұл бағытта жұмыстар 2013 жылы қолға алынып, жасыл экономикаға көшудің маңызы мен тиімділігін жан-жақты зерделеп, айқындаған арнайы ұлттық тұжырымдама қабылданды.

Бұл бастама Елбасының дүйім жұртқа жол тартқан кезекті «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында көрініс тапқаны белгілі. Елдің «жасыл» даму жолына көшуіне негізделген экономиканың орнықты әрі тиімді моделін құрудың нақты бағдарын белгілеп берген стратегияда «жасыл» экономика халықтың өмір сүру деңгейі жоғары болатын, қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесіне және елдің қабылдаған халықаралық экологиялық міндеттемелеріне, ХХІ ғасырға арналған күн тәртібіне сәйкес табиғи ресурстар ұқыпты әрі ұтымды пайдаланылатын экономика ретінде айқындалады.

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа облыс орталығы мәртебесін алған Түркістанды «Жасыл экономика» тұжырымдамасы бойынша дамытпақ. Әкім жуырда осы бағытта Түркістанда тың жобаларды жүзеге асыруға мүдделі Оңтүстік Корея мен Астанадан келген делегациямен кездесті.

Түркістанда таяу болашақта 500-700 мың адам тұратын болады. Мұны облыс басшысы өткен аптада Түркістанда тұңғыш рет өткен облыстық мәслихаттың сессиясында айтты. Қалада жоспарлау, жобалау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Халықаралық әуежай, жаңа вокзал, заманауи автовокзал бой көтереді. Облыс орталығы болуына байланысты Түркістанның бас жоспары қайта жасалды. Жаңа құжатқа сәйкес, қала аумағы 35 мың гектарға ұлғайды. Жаңа қалашық та салынады. Оған 670 гектар жер бөлініп отыр. Оның 170 гектарына әкімшілік-іскерлік орталық, 300 гектарына көпқабатты тұрғын үйлер бой көтереді. Бұл аймақта келешекте 65 мыңға жуық халық тұрады деп жоспарланып отыр. Облыстың бас сәулетшісі Еркін Жүсіповтің айтуынша, Түркістанда жоспар бойынша бірінші кезекте 38 нысан тұрғызылып, қаланың коммуналдық қызмет жүйесі толығымен қайта жаңғыртылады. Әзірет Сұлтан кесенесі маңайында шығыс сәулет үлгісімен жаңа мұражайлар, қызмет көрсету орындары салынып, қала ішінде ірі сауда орталықтары бой көтереді. Түркістанға заманауи технологиялар, осы заманғы жүйелер «Ақылды қала», цифрландыру жүйелерін енгізу назарға алынады.

Жансейіт Қансейітұлының айтуынша, қалада әкімдік ғимараттарын, мемлекеттік қызметкерлерге баспана салу жұмыстары алдағы 8-10 айдың көлемінде аяқталмақ. Тұрғын үйлерді қысқа мерзімде салып бітіру көзделуде. Оған еліміздегі ірі құрылыс компаниялары қызығушылық танытып отыр. Түркістан облыс орталығы ғана емес, туризмнің де орталығына айналады. Қазірдің өзінде Түркістанға жылына 1 миллионнан астам турист келеді. Алдағы жылдары оның көлемі бұдан да артады. Осыған байланысты Түркістан қаласында халықаралық әуе рейстері мен Түркістан-Шымкент, Түркістан-Ташкент жүрдек пойызын ашудың қажеттілігі бар. Түркістан еліміздің батыс өңірлерін көкөніспен, азық-түлікпен қамтамасыз ететін орталыққа айналған. Көліктік логистиканы дамыту арқылы бұл мүмкіндіктің аясын кеңейтуге әбден болады.

Қазір Түркістанда халықты орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету 94 пайызды құрайды. Алдағы жылдары ауызсуға деген сұраныстың артуына байланысты жаңа суқоймалар салынуы қажет. Келер жылдың соңына дейін қаланы «көгілдір отынмен» 100 пайыз қамту көзделіп отыр. Жаңа орталыққа инфрақұрылым тартуда «Жасыл экономика» тұжырымдамасы, яғни қоршаған ортаға зияны аз, үнемді әрі тиімді технологиялар енгізіледі.

«Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталықтың бастамасымен шақырылған делегация құрамында Инчхон ұлттық университетінің құрметті профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, оңтүстіккореялық ғалымдар Ю Джае Чеон және Кванг-Дон Ким, Экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқармасының төрайымы Айгүл Сағадибекқызы, G-Global «Жасыл экономика» және даму коалициясының төрайымы Салтанат Рахымбекова болды. Жансейіт Түймебаев Түркістанға инвестиция тарту дұрыс ұйымдастырылса, болашақта Орталық Азиядағы инвестициялық бумның ең белсенді нүктелерінің бірі бола алатынына сенім білдірді. Екіжақты кездесуде Түркістан аймағында эко-қалаларды құру және аймақты энергиямен жабдықтау, сондай-ақ, SuperGrid арқылы энергияны ұзақ қашықтыққа экспорттауға бағытталған «Жасыл энергетика» саласындағы жаһандық жобалар талқыланды. Жобалар аймақ басшысы тарапынан оң баға алды және кездесуден кейін облыс әкімі оларды дамыту және енгізу бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды.

«Жасыл экономика» тұжырымдамасы шеңберінде «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы Түркістан аймағында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеудің жобасын әзірлеп, оны Түркістанда іске асыруды бұған дейін ұсынған болатын. Сапар барысында оңтүстіккореялық ғалымдар Түркістан қаласындағы қатты қалдықтардың морфологиясын зерттеп, ынтымақтастық туралы ұсыныстарға қызығушылық танытты. Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг енді Түркістан қаласында жүзеге асатын «Жасыл технологиялар» негізіндегі жобаларға инвестиция тарту бағытында жұмыс істемек.

Түркістан облысында тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жөнінде бұған дейін де бірқатар жобалар қолға алынған болатын. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу бірінші кезекте қоршаған ортаны қорғау үшін қажет. Бір айта кетерлігі, пластик құтылар шіру үшін 500 жыл керек, ал шыны материалдарының «ғұмыры» мың жылдан асады. Топыраққа оңайлықпен сіңе қоймайтын материалдарды теріп алып, қайта өңдеу әлемдік тәжірибеде кең көлемде қолданылып келеді. Екіншіден, қатты қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоқыс полигонына түсетін салмақты азайтуға болады. Яғни, қоқыстың бір бөлігі қайта өңдеуге кеткендіктен, қалдықтарды көму процесі жеңілдейді. Полигонды пайдалану мерзімі ұзарады. Қалдықтарды теру, оларды сұрыптау қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бюджетке түсетін қосымша салығы тағы бар. Яғни қоқыс өңдеу зауытының экономика үшін тиімді екендігі айтпаса да белгілі.

Бүгінде полиэтилен өнімдерінен жіп иіріліп, кілем фабрикаларында жиі пайдаланылады. Тұрмыста қолданылатын химиялық заттардың құтылары жасалады. Өкінішке қарай, бізде ол жағы әзірге кенжелеп тұр. Сондықтан сұрыпталған қатты қалдықтар қазір көршілес Өзбекстанға жөнелтіледі. Ең бастысы, елімізде қоқыс өңдеу Астанада жақсы дамып келеді. Елорда тамақ қалдықтарын да өңдеуге көшті. Қоқыс полигонындағы қалдықтың 80 пайызын кәдеге жаратады. Осы тәжірибе Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында енгізіліп жатыр. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың Түркістан қаласында қоқыс өңдеу зауытын салу туралы бастамасы жаңа облыс орталығы үшін өте маңызды. Оған мемлекет қолдау көрсетуде. Тұрмыстық қалдықтарды теріп, өңдегені үшін субсидия төленеді. «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік бар. Демек, үкімет Түркістанды түлетуде Астананың тәжірибесін қолдану қажет екенін білдірді.

Ет экспорты: облыс көш басында

Түркістан облыстық Ауыл шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Бадырақов мекеменің жыл басынан бері жеткен жетістіктерін таныстырып, алдағы атқарылар жұмыс жоспарын баяндады. Оның сөзінше, 2018 жылдың 9 айында ірі қара мал басы саны 11 пайызға артып, 972,6 мыңға жеткен. Қой мен ешкі саны 4,2 пайызға артып, 4323 мың басқа, жылқы 7,9 пайызға артып, 304 мың басқа, түйе 6,8 пайызға артып, 27,5 мың басқа, құс 8,2 пайызға артып, 1 млн 934 мың басқа көбейген.

«Мал басы санының көбейгеніне байланысты өңірдегі ет өндіру көрсеткіші 7 пайызға артқан. Нәтижесінде өндірілген ет көлемі 154,7 мың тоннаға жетіп отыр. Ал жұмыртқа өнімі 9,2 пайызға артып, 146,7 млн дананы құрады. Сүт 3,2 пайызға артып, 555 мың тоннаны құрады. Жалпы, облыста 4,5 мың тонна ірі қараның еті алыс-жақын шет елдерге экспортталып, тапсырма 4,5 есеге орындалды. Бұл етті экспорттау бойынша өңіріміздің республикада 1-орында тұрғанын білдіреді», – деді Нұрбек Бадырақов.

Бүгінде 2018-2027 жылдарға арналған ұзақ мерзімді етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес Түркістан облысының жұмыс жоспары әзірленіп, Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіліп, бекітілген. Жоба бойынша аналық ірі қара мал басын 2027 жылға қарай 1 218,7 мың басқа жеткізу, аналық ірі қара мал басының импортын 36 мың басқа жеткізу, фермерлік шаруашылықтардың аналық ірі қара малын сатып алуын 150 мың басқа жеткізу көзделген. Бағдарламаның негізгі міндеті фермерлік шаруашылықтарды дамыту болып табылады. Бағдарлама аясында 15 жылға дейін 4 пайызбен несие беріледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында Түркістан облысындағы «Бөрте-Милка» компаниясының жетістігіне арнайы тоқталған еді. «Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту. Мәселен, Түркістан облысында «Бөрте Милка» ЖШС жаңа заманауи технологияларды пайдаланудың арқасында өнімділікті 2 есеге арттырған» деген болатын. Өзі басқаратын компанияның Жолдауда Елбасының жылы пікірге ие болғанына қуанған «Бөрте-Милка» компаниясының басшысы, түркістандық кәсіпкер Нұралы Әбішев брифинг өткізіп, Елбасыға арнайы телеграмма жолдағанын мәлімдеді.

Жеделхатта белгілі кәсіпкер «Құрметті, Елбасы! Біздің кәсіпорынды бүкіл елге үлгі етіп көрсетуіңіз оның құрылтайшысы ретінде мені айрықша қуанышқа бөледі. Сіздің «Бөрте-Милкаға» арнаған жылы лебізіңіз біздің ұжымға қанат бітірді. Кәсіпорынның осындай дәрежеге жетуіне Сіздің үлесіңіз зор. Себебі өзіңіздің бастамаңызбен кәсіпкерлік саласына мемлекеттен көптеген жеңілдіктер жасалып жатыр. Мемлекеттік қолдауға ие болып, 1 млрд теңгеге заманауи техникалар мен құрылғылар орнаттым. Нәтижесінде Түркістан облысында жасалған сүт өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне тарап жатыр. Биылғы Жолдауыңызда айтылған міндеттерді орындауға барынша күш саламыз және бастамаларыңызды нақты іспен қолдайтын боламыз!» деп жүрекжарды толқынысын жеткізіпті.

Нұралы Әбішевтің айтуынша, кәсіпкерлерге үлгі ретінде айтылған кәсіпорындағы құрылғылар аса қымбат әрі сапалы. Кәсіпкер компанияны дамытуға 3 миллиард теңге жұмсаса, оның 1 миллиард теңгесіне шетелден құрылғы сатып алған. Бүгінде Ордабасы ауданындағы компанияда 70 адам жұмыс істеп жатыр.

«Елге танымал «Бөрте-Милка» сүт-тауарлық фермасы өндірісті модернизациялау шеңберінде швед технологиясы бойынша тәулігіне 8 тонна сүт өндіруде. Өӊірде баламасы жоқ кәсіпорын республика бойынша еӊ заманауи сүт-тауарлық фермаларыныӊ алғашқы үштігіне кіреді. Мұндағы жұмыс толығымен роботтандырылған. Кешенде бүгінде 400-ден аса сауын сиыр бар. Үш мезгіл сауылатын бір ірі қараның тәуліктік орташа өнімділігі – 30-32 литр. Сондай-ақ, өңірдегі жас мамандарды жұмысқа қабылдап отырмыз. Алдағы уақытта зауытқа голландиялық технологияны ендіру арқылы өнімділікті еселеуді жоспарлаудамыз. Жалпы, бұл Жолдау ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпорындарға қолдау болмақ», – деді Нұралы Әлмаханұлы.

 Қытайлар қызыққан Шұбат

Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлері – түйе шаруашылығына өте қолайлы аймақ. Әсіресе, Сырдария өзенінің бойындағы шөлді, шөлейтті аймақтар нағыз түйенің жері. Түйе шаруашылығымен айналысу дегеніңіз тек Ойсылқара төлін бағып, етін жеп, сүтін ішу ғана емес, одан көптеген тұрмысқа пайдалы заттар өндіруге болады. Мәселен, терісі мен жүні былғары өнімдер шығаруға, киім тоқуға жараса, сүті опа-далап, фармацевтика өндірісіне таптырмас шикізат.

Қазақтың қымыранына Қытай қызыға бастады. Түркістандағы түйе және бие сүтін өңдеп, одан құрғақ ұнтақ шығаратын зауыт желтоқсан айында толық іске қосылмақ. Қазір зауыт сынақ мерзімінде жұмыс істеп жатыр. Зауыт тәулігіне 100 тонна түйе сүтін қабылдап, одан құрғақ ұнтақ шығарады. Дайын өнімді қайнаған суға езіп, шұбат қылып ішуге болады. Қытай инвесторларының қаржысына салынған зауыт құны – 7,5 млрд теңге. Бірлескен кәсіпорынның 95 пайызы Қытайға, қалған 5 пайызы Қазақстанға тиесілі.

– Түйе және бие сүтін өңдейтін «Golden camel» зауытында тек Түркістан ғана емес, Қызылорда, Жамбыл облыстарындағы түйе шаруашылығымен айналысатын тұрғындарды кооперацияға біріктіріп, сүтін зауытқа өткізу көзделіп отыр, – дейді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Нұржігіт Мырзахметов. Жоспар бойынша, зауытта 80 адам жұмыспен қамтылмақ. Оның 10-ға жуығы қытайлық маман болса, қалғаны жергілікті тұрғындар болуы көзделген. Келісім бойынша, зауыт түйе сүтін базар бағасынан 50-100 теңгеге қымбатырақ қабылдайтын болады. Себебі мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер, жеңілдетілген несиелер бар.

Бұл серіктестік – Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің арасындағы индустриалды-инновациялық байланыстар бағдарламасындағы 51 кәсіпорынның бірі. Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «индустрияландыру және экономикалық өсімінің» үшінші бағыты бойынша Жол картасына енгізіліп, Инвестициялар және даму министрлігінің комитетімен арнайы келісімшартқа тұрған. Қажетті инфрақұрылымды дамытып, қолдау көрсетілсе түйеден алынған өнімдерді шетелдерге, осынау өнімдерге сұранысы көп нарықтарға экспорттауға мүмкіндік туар еді. Бүгінгі таңда әлемде түйе еті мен сүтіне деген сұраныс өскен. Мәселен, Қытай мен Францияда шұбаттан әртүрлі иіссулар, сықпа майлар жасап шығарады. Сондықтан оларға шикізат ауадай қажет.

Экономикалық зерттеулер көрсеткендей, түйе бағу ірі қара немесе қой өсіруден әлдеқайда тиімді екен. Оған арнайы жемшөп қорын дайындау аса қажет емес. Яғни, түйе өсіруші фермерлік шаруашылықтардың өзге шаруа қожалықтарына қарағанда рентабельділігі анағұрлым жоғары болып келеді. Сондықтан да сарапшылар мемлекеттің бүгінгі таңда осы салаға көрсетіп отырған қолдауларын, ішкі нарықтағы сұраныстарды, экспорттық әлеуетімізді, түйелер санын көбейтуге, оларды өсіруге мүмкіндіктер мен тәжірибелердің барын ескере келе өңірде түйе шаруашылығы кластерін қолға алатын кездің жеткенін айтады. Бұл ретте Түркістан облысының түйе шаруашылығын дамытудағы әлеуеті зор. Ал «Golden Camel» кәсіпорны түйе бағушы шаруашылықтардың басын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыруға ниетті.

Кәсіпорын Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарынан түйе сүтін жинауды көздеп отыр. Осы өңірлерде 84 мыңнан астам түйе бар екен. Олардың 37 мыңдайы сауылады. Бастапқыда осыншама інгеннің 20 пайызының, яғни 7,5 мыңдайының сүтін өңдеу жоспарлануда. Күніне әр інген орта есеппен 6 литр сүт беретінін есептегенде, 7,5 мың інгеннен 45 мың литрден астам сүт алынады. Зауыт бастапқыда 30 пайыз қуатпен жұмыс істейді. Араға белгілі бір уақыт салып, кәсіпорын қуаттылығы жүз пайызға шаққанда күніне 100 мың литр сүт өңдеуге шамасы келеді. Түркістан облысындағы ең ірі жобасына 7 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды.

Соңғы жаңалықтар