Тәкеннің тұңғиығы

Тәкеннің тұңғиығы

Тәкеннің тұңғиығы
ашық дереккөзі
Құдіретті қазақ тілінің мәйегі қаршадайынан таңдайына тамған қаламгер, сұлу сөзден сарай салған суреткер Асекең – Асқар Сүлейменов тұлпардың тағасын сыртқы есігіне іліп, сырлас құрдастарына: «Сендердің бәрің маймылдан таралғансыңдар, ал мен дүбір естілсе, шырқ айналар дүлдүлден тарағанмын», – деп айтқаны аңыз болып тарап кеткен қазаққа. Ал бір қазақ емес, бар қазақтың жылқыға ықыласын қайта оятып, желмен жарысқан жүйрік пен еркіндіктің, кескекті ер мен шексіз кеңістіктің іштей үндес, мағыналас ұғым екенін білгізген, түз ұлдарының тұлпарларға аңсарын оятқан әдебиетіміздің қайталанбас классигі Тәкен Әлімқұлов та өнер саңлағы мен сәйгүлікті, өнер мен тұлпарлар тағдырын бөле-жарып қарастырып көрмепті. Қазақ әдебиетінің жаратылысы бөлек жампозы әрқашан да өнер мен тұлпарды қос өрім етіп қалам тербеді. Ең өкініштісі, тұлпарлар туралы толғанбай қалам тербемейтін Тәкеннің тұмадай тұнық әрі тым тұңғиық творчествосының сырын әлі күнге толық аша алмай келеміз: тылсым, тым жұмбақ, тым терең! 1975 жылы Тәкен Әлімқұловтың «Тұлпарлар тағдыры» жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көргені көзі қарақты оқырманға жақсы белгілі. Ол уақыт қазақ әдебиетінің Алтын кезеңі болатын: бүгінгідей емес, әрбір жазушы «Әдебиет – ардың ісі екендігіне» шынымен иланатын, қағаз бен қаламға адал қаламгерлер ақ парақты өтірік шимайлауды өліммен тең санайтын. Сөздің сұрауы ең ауыр сұрау екенін білетін, мойындайтын.  Бір ғажабы, Тәкен Әлімқұлов қолына қалам алса, қыл құйрықтылар әлеміне сүңгиді; «Қош бол, Абсент» деп сұлу жануарды асқақтатады әрі аяныш сезімін туғызады; «Телқоңыр» көзге жас үйірілтеді. Абай әлеміне сүңгіген «Жұмбақ жаны» таңдай қақтырады. Иә, тұлпарлар тағдыры ешқашан жеңіл болмаған. Біз біртуар жазушының «Тұлпарлар тағдыры» жинағындағы «Жүйріктер мен жабылар» мақаласын әдебиетсүйер, жылқысүйер оқырмандарымыздың таразысына қайта ұсына отырып, барша қазақ Тәкеннің тұңғиығына қайта бір сүңгіп, тұнығынан сүзіп ішсін деп тіледік.

Редакциядан

 

ЖҮЙРІКТЕР МЕН ЖАБЫЛАР

Ағымдағы баспасөз жүзінде жылқы түлігінің түсімділігі туралы дүркін-дүркін мәселе көтеріліп келеді. Оның сүтінің, етінің дарулығы, қанының қасқалдақтың қанындай құндылығы, өзінің көліктік көнтерлігі бұл күнде екінің біріне аян. Жазда бақташы тілемейтін жылқы қыста тебін теуіп шықса, наурыздағы қалың қарда қойға жол ашып маяға жеткізеді. Трактор аса алмайтын оқаптардан жұқпай өтеді. Тарлан ғаламгер Ғабит Мүсірепов «Лениншіл жаста» жарияланған «Бошайдың үш қарасы» атты мақаласында жылқы түлігінің бір ғана сапасына тоқталады. Спорттық пайдасын шағатын сыр шертеді. Делебе қоздырып, бүйір қыздыратын мәселе үн қосуды тілейді. Қосалқы тақырып осы бейілге жалғасады. Халықта «Ат жалын ұстап мінгелі бері» деген сөз бар. Бұдан ат – қазақтың өмірлік серігі болғаны аңғарылады. Ақын: «Адамның баласындай сағынарың, сенің де өз үйірің жануарым!» дегенде, тұңғиық тарихқа бойлаған. Қазақтың жерін, салтын, тілін тұтас сақтауында жылқының атқарған қызметі ересен. Қазақ көрінген жылқыны ат демейді. Шобырлар, жабылар ат санатына қосылмайды. Кәрі-құртаң өз алдына. Бәйге атына қыз айырбастайтын қазақ жылқы нәсілін жақсы түсінген. Көз ұшына бұлыңғырланған қылқұйрықтың тегін айтпай таныған сыншылар артына үзілмес дәстүр қалдырған. Жолаушылап келе жатып, қырқаның астынан кісінеуінен құлынды: «Мынау баяғы жоғалған айғырымның көзі ғой» деп оқыс бұрылған түздіктерге ел аузы куә. Жат үйірде күдік, талас басталғанда құлынның құйрығының астындағы баданадай қара меңді көрмей меңзеп, бұлтартпас айғақты зат тапқан қазақ дерексіз емес. Ғабит мұндай адамдарды атпаз деп атапты. Өте орынды атау! Соны сөз! Жылқы сұлу, ақылды түлікке жатады. Ол нәзік те шікәмшіл. Оны баптау да қиын. Оның қорегі мен сусыны жіті талғам тілейді. Алтайлық Бошай Кітапбаевтың, мал өсіруден озып шығып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған ісмердің, ғылым кандидатының, сәйгүліктерді 1600 километр жерге әкелгенде бабын бұзбауында шынайы сыр бар. Америкалықтар Европаға жүйрік әкелгенде суын бірге әкелген. Арнаулы кеспекпен жеткізген. Әрине, спортта бақ шабатын кез болады. Бап шабатын кез одан да жиі. Бапкер мен құсбегінің табиғаты барабар. Жүйрік аттың айнымалы қаршығадай қатесіз күтім тілейтінін Бошайлар жақсы біледі. Бәйге атқа бидай берсең аяғына жем түседі. Бапкер оған түйген арпа, қурақ жоңышқа береді. Арқада қымызбен сусындатып, тобылғының бүршігімен қоректендіреді. Әлбетте, бұған текті жылқы ғана шыдайды. Бордақыланатын жабы жем таңдамайды. Ең ауыр салмақты жылқы Англия мен Финляндияда. Арбамен ауыр жүк көтеретін де осы шомбал. Москвада арбаға жегілген жуан жылқы жиырма шақты екені баспасөзден мәлім. Ал желдіаяқтың саны бұны әлденеше рет орап алады. Демек, техника көлікті алмастырса да, жүйріктің бодауына жүре алмайды. Бұл азды-көпті қазақ топырағына да тән. Өкінішті жай, бәйгенің мәресі күн ілгері белгіленбейді. Белгіленген соң ат суытудың мөлшері мәлімсіз боп қала береді. Үдеме бәйгеге қосылатын жүйріктің апталар, айлар бойы суытылатыны мәлім. Қолтығы сөгіліп, өкпесі өшіп, жүні өлмеген жүйрік алысқа шаба алмайтыны және мәлім. Шопандар тойында айналма бәйге отыз километрге шейін барып жүр. Бұл шынтуайтқа келгенде бұйым емес. Аңызға айналған баяғы Құлагерді, Қарашегірлерді былай қойғанда, біздің дәуірде алпыс километр жерден қайтқан аттар жадымызда. Жамбыл облысы, Сарысу ауданының «Сарысу» совхозында тұратын тоқсан екідегі Бәйкен қария 1904 жылы Бестау етегінде Қаңбақ дейтін будан торыға мініп шапқанын, мәренің сексен километр шамасы екенін жалғаны жоқ әңгіме етіп шертеді. Тіптен бертінде, шамасы, 1925 жылы, түнде айдап әкеткен бәйге аттардың ертеңіне екіндіде оралғанын көрген адам – байырғы совет қызметкері Мелдебек Әтенов. Ол Шымкент облысының Созақ ауданында тұрады. Қазақ топырағында шын жүйрік буданнан шығады. Буданның өзі, негізінде екі түрлі. Қазанаттан туған араби тектес жылқы ұшқырлыққа бейім. Қарабайырдан туған будан рабайсыз алысқа шабады. Осы екі нәсілдің алғашқысы көбінесе алқаракөк, соңғысы тобылғы торы келеді. Абайдың: «қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ» дегені осының соңғысына жатады. Жотасы тұтас, мойны қысқа, қабағы қағылез буданның майлық-сулығы бірдей болмақ. Оның мінезі де дана адамның мінезіндей көнтерлі, байсалды келмек. Шымшығанға сыр бермейтын жануар осы. Бұны Абай «Қар тепкенге қажымас қайран жылқы» деп жырлайды. Абайдың осынау бір жол өлеңінде қаншама мағына жатыр. Жылқының қар тепкенге қажымас қайратына сүйсінген ақын оның халқына айрықша қымбатты екенін «қайран» деген сөз арқылы жеткізеді. Саны азайған түлікті саналы сағынышпен жырлайды. Қазақ сахарасында ертеде бәйге аты тоғыз-тоғыздан олжа келтірсе, Советтік Россиядағы осы күнгі желгіш жылқылар мен жүйрік жылқылар мыңдаған, хатте, миллиондаған теңге түсіреді. Москва ипподромының бәйге торысы Анилин бүкіл Европаға атақты. Бұл айғыр Батыс Европа елдерінде алты мәрте бәйгеден келіп, көп ұтыс тапты. Сондықтан да оны сатып алуға шет ел 250 мың доллар ұсынды. Қазір шабыстан шығып қалған торы айғырдың сатылмауында көзге ілінбес құндылық бар-ды. Америкада, Англияда, Францияда, Швецияда тағы басқа бірсыпыра елде ат жарысы миллиондаған олжа түсіреді. Біздің елдің жел жетпес желгіш жылқысы Лазутчик пен Гаремдердің әрқайсысына шведтердің 250 мың сом ақша ұсынғаны мәлім. Жүйріктердің Анилин сияқты, ақшаға сатылмағаны және мәлім. Шведтің Озоны, француздың Асуаны, венгердің Раззиясы, орыстың Анилины тәрізденіп кезінде асқан даңққа бөленгені атқұмар адамдарға аян. Америкадағы, Европадағы жарыстар – ұшқырдың жарысы. Москва ипподромының ең ұзақ мәресі екі миль, былайша айтқанда 3200 метрлік айналым. Жеті мың метрлік жарыс ілуде бір ғана болады. Осының сыры қалыптасқан дәстүрде ғана емес, жүйріктердің нәсілінде де. Осыған орай жүйрік жылқының тарихына шолу жасай кетуге тура келеді. Советтер Одағының маршалы, көзі тірісінде аңызға айналған қолбасшы С.М. Буденныйдың басқаруымен шыққан Урусовтың екі томдық «Жылқы туралы кітабында» бағзы заманда түйемен шеру тартқан арабтардың жылқыға осы күнгі Орта Азияның шетіне іліккенде жарығаны баян етіледі. Бұл Түрікменстанның жері еді. Кейін араби жылқының тұқымы Европаға там-тұмдап тарайды. Шотландияның желді аяқтарының төркіні осы тұқым. Американдықтар асыл тұқымды осы Шотландиядан алады. Бұлардың бәрі, задында, тұлпар емес, ұшқыр аттар еді. Сөз арасында айта кету керек, бертінде, ХVІІІ ғасырда, Алексей Орловтың дүниені аямай шашып, арабтан сатып алған сәйгүлігінен атышулы Орлов жылқысы тарайды. Одан бергі жылқы заводының иесі Анилиннің алық-берігі өз алдына бір хикая. Бұл күнде Советтік Россия заводтарының тұқым шашу ретінде тату көрші Финляндияға, туысқан Венгрия мен Чехословакияға жылқы сатуында жалғасы үзілмей келе жатқан игі дәстүр бар. Түйіні шешілмеген мәселелерден Ғабит Мүсірепов ат шабыстың кейбір тетігін тілге тиек етеді. Енді осы орайда өз ойымызды ортаға салуға тура келеді. Әрине, аттың құлағында ойнайтын бала «тығыз ауаның» не екенін бес саусақтай білуге тиісті. Жүйріктің күшін үнемдеу жоғарыда айтқан мәреге байланысты. Ауыздықпен алыса, ауыздыққа сүйене отырып, басып озатын кезеңдер бар. Қамшы ұратын шақ және бар. Қапылыс қалу жарамайтынын атпаздар жақсы білсе керек. Шешеннің сөзіндей түйдектейтін, суырылып шығатын шабыс, шынында да әсем әсер береді. Айыз қандырады! Көздің құртындай, көңілдің дертіндей сәйгүліктердің түйдек-түйдек шыққанына не жетсін, шіркін! Құйрық тістесіп, үзеңгі қағысқан жануар қызына, тайталаса, ерегісе, бірте-бірте сыр береді-ау! Бүйірі қызғанда дүрмектен қара үзіп қаңғып кететіндер айыз қандырады-ау! Орыста: «Жүз рет құлақпен естігеннен бір рет көзбен көрген игі» деген мәтел бар. Ат шабыстың қадірін атқа мінген азамат біледі. Иесінің иісін сезінетін сергек жылқы байлаусыз тұрып қалса, көкпарда қалайша лапиды. Тізгінін желкесіне түйіп тастасаң, қашыртып шабу оңайға айналады. Бақастан жұлып алған көкпар салақтап аттың омырауына ұрады. Саңылаусыздан саңылау тауып бұрылатын биші қыздай сезімтал жылқы жер қайысқан аттылардың, қым-қиғаш қарбаластың арасында жалт-жұлт етіп, жұлдыздай ағады. Осы күні мерекеде некен-саяқ шауып жүрген көкпар – шорқақ дода. Жаяу көкпарға ұқсайтын жүз метрлік мәреде шабандоздар нендей өнер көрсетпек?! Белі берік ысылған атқа мінген шабандоздардың, тым құрымаса, бір-екі шақырым көсіліп шабуы керек емес пе?! Ежелден қазақтың салымы қатесіз тәртіппен өтеді. Екі жақтан сайланып шыққан жігіттер сайыстың серпінімен көздің жауһарын алады. Тайлытаяқтылар сырттан тамашалап тұрады. Әлбетте, салымда некен-саяқ мертігістің болуы ықтимал. Бірақ бұл спорт атаулыға тән құбылыс. Спорт ет пен терінің арасындағы желік емес. Еріккеннің ермегі де емес. Спорт – ерлердің еншісі. Ол кәрінің айызын қандырса, жасты батылдыққа, ықшамдылыққа баулиды. Ысылған шеберлік күшейген сайын оқыстық азаяды. Ендеше, салымнан үркудің орнына оны жетілдіріп, белгілі тәртіпке салу жөн. Түз қазақтары: «Жүйрік аттың екі құлағында екі шиша шарап бар. Үстіндегі адамның желігетіні сондықтан» деседі. Осы сөзді менің балалық шағым растайды. Жаңа экономикалық саясат жылдарында диқандардың өзі бір-бір жарамды ат ұстады. Жалғыз жылқының тауқыметі оңай. Жазда көк егіннің уатына байлап, қоңдандырады. Қолы темірдей шымыр диқан бәйшікештердің көкпарына бүйідей тиеді. Күні бүгін Қаратауда жер қазған жұмыскерлер жарау атпен көкпар шабады. Әр елде әр түлік әр дәрежеде қадірлі. Биеден түйені үлкен санаған қазақ перзенті дүниеге келгенде: «қырық жылқы» деп тұспалдаған. «Қырық түйе» деуге аузы бармаған. Қазақ перзентін құлынға баласа, сонау шеткейдегі сүйгенін сұлу жылқыға теңейді. Қазақта екінің бірі «ат – ердің қанаты» дейді. Бірақ сол қанаттың тегін екінің бірі біле бермейді. Ал өткенді білмей бүгінгіні түсіну қиын. Бағы заманда қарапайым қазақ: «Көгілдірік, көк дөненге жарасар өмілдірік» деген. «Айман-Шолпан» дастанында: «Құтырар бәйге күрең жау келгенде, қара жер шыр айналар сау желгенде!» деген. Күйші Тәттімбет төренің тотайына жолдаған хатында: «Баласы ең өзі жорға қаракөктің, іліндің аузына дүйім көптің» деп сұлу қызды жорға жылқыға теңеген. Шақалақ ақын Шәрдәрбек төреден ат қолқалағанда: «Тартпасы төрт елілік талыс болсын, айылы аш қарынға шалыс болсын» деген. Аз жазса да саз жазған Нармамбет Орманбетов желдіаяқты «Қара-сұр аяңдай бер қақпан белім, ор болып қалушы еді-ау шапқан жерің» деп суреттеген. Сәкен Сейфуллин өзінің «Қызыл ат» дастанын: «Нұсқалап бұл күйді өстіп жоспарладым, қызыл ат сынды сұлу досқа арнадым» деп бастайды, дастанды күйге, атты досқа балайды. Ілияс Жансүгіров кемеліне келген шағында «Құлагер» атты тамаша поэма жазады. Қазақтың жылқысын ерте заманда Россияның, Польшаның, Германияның талай ғалымдары мен саяхатшылары жоғары бағалаған. Жүз мысалдан бір мысал келтірсек, солтүстік қазақ сахарасының генерал губернаторы, кейін саяхатшы А.К. Гейнс: «Қазақтың ең жүйрік жылқысы Атбасар-Қараөткелде» деп жазады. Ушаковтың, Дальдің шығармаларын былай қойғанда, Мамин-Сибиряк «Ақбоз ат» дейтін тамаша әңгіме жазады. Татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимов «Қазақ қызы» атты романында арғымақтарды өте-мөте әдемі суреттейді. Одан көп бұрын поляк ақыны Густав Зелинский өзінің «Дала» поэмасында түз тұлпарларын жырлайды. Осылардың куәсіндей шындықтың бірі – Қарашегірдің бас терісі. Алысқа айдама бәйгеден озып келіп мерт болған жүйріктің бас терісін сақтаған кәрі шал – осы күнге шейін тірі. Атышулы Құлагерді жалпақ жұрт: «қолтығында қанаты бар екен, шапқанда екі жағына көбік шашып отырады екен» деп кезінде-ақ аңызға айналдырған. Сол Құлагердің пырақ аталуы фарсы жұртының аңызымен сабақтасады. Фирдоусидің «Шахнамасында» осындай пырақтар суреттеледі. Қырғыздың «Манасында» өрге шапса өршеленетін, ылдиласа озатын екі ат тамаша бейнеленеді. Қазақтың «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» деген сөзі – сансыз ғасырдың шерткен шежіресі. Құйрығы қылқобызға шек болған жүйрік – жетелі! Қазақ: «Бір қыздық ат» деп атаған дүлдүлдің жөні басқа. Мен домбыраның сазына ілесе би билеген Тәттімбеттің жорғасын ұнатамын. Абай армандаған «бөкен желістілерді», Ақан серіге ән шығартқан «маңмаңгерлерді» жақсы көремін. Қобыланды батырдың Тайбурылын, Қамбар батырдың Қарақасқасын, Кендебайдың Керқұласын еске аламын. Башқұр халқының Ақбоз ат туралы аңызын, аңызға кұрылған ғажайып операсын сүйемін. Қола дәуірінде өріс алып бірте-бірте кең қанат жайған жылқы жануардың үрім-бұтағына іштарта қараймын. Әдебиет әлемінде Австрия жазушысы Харлидің «Төрт аяқты ұтысын», Петр Ширяевтың «Талеонының немересін» сүйсіне оқимын. Куприннің «Ақ-көк» аты да, Лев Толстойдың «Холстомері» де маған ыстық. Біздің дәуірге шейінгі IV ғасырда шығысқа шеру тартқан Александр Македонскийдің (Ескендр Зұлқарнайынның) жаяу әскері отыз мыңнан асса, атты сарбазы төрт-ақ мың еді. Бертіндегі Шыңғысханның жойқын жорығында жылқының қызметі ересен-ді. Христиандардың жылқыны союға тыйым салуында әскерді көліксіз қалдырмаудың шарасыз шарасы бар-ды. Күні кешегі азамат соғысында атты әскердің дауылдай қапталдап, құйындай ұйтқығанында қаншама мағына жатыр. Ертеде Алтайдан Оралға шейін, Оралдан Қара теңізге шейін ауытқыған қалың халықтың жүрдек көліксіз күн көре алмағаны мәлім. Қиырсыз сапарда шалымды да төзімді түлік сауса сауыны, сойса соғымы еді. Көшпенді елде ұсақ малдың бертінде өріс алуында, сиырдың тіптен бертінде, XVII ғасырда бой көрсетуінде тарихи себептер бар-ды. Жылқы жүйріктігімен ғана бағалы емес, толып жатқан қасиетімен қастерлі. Бұл қасиеттерді ежелгі заманда Аристотель пайымдаса, бүгінгі көзқарақты ғалам одан да анық танып отыр. Жылқы өніміне шет елдерден заказдың көп түсетіні де сондықтан. Хайуанат атаулыда құрттамайтын жылқы болса, кекірік аздырмайтын етінің, сіңімді қымызының шипалығы түсінікті. Біліктілер «сәбиінде жылқының етін жеп, сүтін ішкен адам көкірек ауруға шалдықпайды» деседі. Жылқышының қақаған қыстан қыңбауында, сауыншының саршатамыз шілдеде шымырлануында табиғи сыр бар. Түздіктер үсіген баланың аяғын жылқының тезегіне орап жазады. Осы тезекке қонған қаздың тырнағы үскірікке үсімейді. Шыныдағы арақ мұзға айналғанда, жылқының майы шылқылдаған шыны қалпын сақтайды. Жылқы өнімінің осындайлық қасиетін ертеде-ақ көп-көп ғалымдар білген. Скифтерді аралаған Марко Полоны еске алыңыз. Өзіміздің заманның ең білімді жазушысы Лев Толстойдың Башқұртстанға барып қымыз ішкенін еске алыңыз. Татардың білімді ақын, жазушылары Ғабдолла Тоқай мен Ғалымжан Ибрагимовтың қазақ сахарасына қымызбен емделуге барғанын еске алыңыз. Боз биенің сүтінің өзге сүттерден асыл екенін ажыратқан түздіктер, бордақыны да таңдай білген. Енесінен ажыраған құлынның еті сағыныш сәтінен қаны дәмсізденетінін білушілер де сол түздіктер еді. Шындық осылай болса, жылқы шаруашылығын мықтап қолға алатын мезгіл жетті. Бұл шаруашылық көпшілік болып ақылдасуды тілейді. Қайсы жерде қандай жылқы, қаншама жылқы өсіруге болады, бұл арнаулы тақырыптың әңгімесі. Біздіңше, ең әуелі мәселені түбегейлі шешу керек. Белгілі кезеңдерде белгілі түлікті өсіру үшін шұғыл шаралардың қолданылғанын тарих біледі. Түліктің күтімін күшейту мемлекеттік қамқорлыққа алу, сатып, союға шек қою сияқты шаралар осыған жатады. Пешенеде бар жылқының өзін көздің қарашығындай сақтай білсе, екі-үш жылдың ішінде мыңғырып шыға келетіні шүбәсіз. Шілдеде ыңыршағы айналған жылқы болмауы керек. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» дәурені өткенін қатаң ұғындыру керек. Колхоздағы, совхоздағы қыршаңқы, жауыр жылқыға жауаптылар табылуы шарт. Гәп, сайып келгенде, құлықтылық пен құнттылықта. Көк егіннің уатына байлап жылқы ұстаған дихандарды білеміз. Жоңышқаны үш орып алған ұқыптыларды және білеміз. Біздіңше, ұлан-байтақ Қазақстанда бір миллион емес, әлденеше миллион жылқы өсіруге әбден болады. Арқаның адырларында басы бос өріс жеткілікті. Сол сияқты, Шудың бойы, Сырдың бойы, қоқты тоғайлар жылқыны жұтатпайтыны күмәнсіз. Тек, төзімді нәсілдің орнын таба білу қажет. Осыдан барып жылқының сүтін пайдалана білу мәселесі туады. Орал облысының Қаратөбе ауданындағы «Егінді көл» совхозының екінші фермасында жүзге тарта бие болса, соның біреуі де сауылмауы таң қалдырады. Ал, осы ауданның «Қос көл» совхозындағы екі жүз он төрт биенің көпшілігінің құлындамауы кешірілмес күнәдай әсер етеді. Сол сияқты Шымкент облысының Созақ ауданындағы «Құмкент» совхозы жылқысының шалқыған сары жазда көтеремдікке ұрынуы жануарға деген аяныш сезімін тудырады. Жарау атқа жабдық кәт. Ері мойнына кеткен жылқы сүріншек. Жауырдың тұғыры – жаман ер. Қырым етке тимейтін құранды ер керек. Ерді лықсытпайтын қайыс тартпа, шап айыл керек. Брезент пен клиенкадан терлік салатын ноқайлар – жылқының жауы. Мынадай суретті көз алдыңызға елестетіңізші! Сахарада салт атты келе жатыр. Көлігі жарау-ақ. Бірақ ері нашар. Ағаштан шапқан нұқыс ер арқасына батқан ат қайқаңдайды. Ер мойнына лықсып шоқтығын қажайды. Жылқы жиі сүрініп, жиі ыңқылдайды. Саналы адам шыдамас шағым айтып жылайды. Төңкеріліп тұратын назды көзде сора кілегейленеді. Жолаушы белгілі жерге жеткенде атын суытпай ер-тоқымын алып тастайды. Ертеңіне арқасының қап боп ісініп кеткенін байқайды. Бұған кім жазықты? Жайсыз ер, ноқай жолаушы жазықты. Осындай жәйттер кей-кей жерлерде жылқыға деген қамқорлықтың жоғалғанын, үйір-үйірімен шұрқырасатын жануардың берекесіз бытырап, көрінгенге көлік болып кеткенін танытса керек. Бұл орайда айта кетерлік бір нәрсе, республикамыздың кейбір аудандарында арнаулы жылқы совхоздарын, мемлекеттік ірі шаруашылықтар құруға болатын тәрізді. Осындай тұрғыдан келсек, шабындық та, жайылымдық та табылмақ. Су қоры белгілі мөлшерде мал өсірудің игілігіне жұмсалмақ. Ұсақ шаруашылықтың тайыз келетінін әмсе есте тұтқан жөн. Бытыраңқы жылқы баянды береке бермек емес. Жер көлемі Индияға жуық Қазақстан жағдайында өкініштен қуаныштың келешегі зор. Қостанай жылқы заводының шығысқан маманы – сексен жастағы Левонтий қарт мынадай дерек келтіреді. «Қазақстан даласы өкімет назарын баяғыда-ақ аударған-ды. Бірақ қатігез түзге үйреншікті де шыдамды жалдас жылқысыз тың өлкені игеру мүмкін емес еді. Бидай егісі, қой мен сиыр Дондағы жылқыны шетке қақты. Бұл түлік келешегі уәделі, ұлан-байтақ өлкеге қарай шығысқа ысырылды». Қарапайым тәжірибешінің және бір дерегін келтіре кету, жөн. Бір кезде Қостанай жылқы заводына әкелінген ағылшындық жүйріктер теріскей табиғатына шыдамай шепіктеніп, ілмиіп, кәдеге аспай қалады. Сол сияқты, атақты қалмақ атпазы Дундуковтан сатып алған айғырлар да бөгде табиғатпен шығыса алмайды. Ақырында завод тебін тебетін «тебеней» нәсілінен береке табады. Сөз орайында айта кету ләзім, бұл күнде бүкіл дүниежүзінде тоқсан миллиондай ғана жылқы бар. Техниканың жылқының бодауына жүре алмайтынын пайымдаған кейбір ipi мемлекеттер ойсыраған олқылықты өтеуге қам жей бастады. Төрт түліктің тағдыры тың толғаныс тудырды. Қазақ ақыны Жұбан Молдағалиевтың Москвада «Көркем әдебиет» баспасынан шыққан кітабы «Бәйге» аталынады. Осы eciмді қоюға кеңес берген москвалықтардың өзі. Кітапқа алғы сөз жазарда осы есім маған үлкен ой салды. Бәйге деген не? Жарыс! Өнер жарысы! Әр нәрсе салыстыру арқылы байқалса, нағыз саңлақ жарыста байқалмақ. Бәйге де, көкпар да, сайыс та ұлттық ойынның санатына қосылады. Осы жерде қыз қуу, жерден теңге алу, аударысу, шаба сайысу, айқасып тартысу тәрізді ойындарға да тән. Бұның әрқайсысын жетілдіру жергілікті ұйымдарға қатысты болса, еңбек адамдарының ішкі әлемін, жан сұлулығын суреттеу – жазушының парызы. «Осынша көпшіліктен маған не тиеді?!» деп тойдан қайтып кеткен ынжыққа ұқсамасақ, көкейкесті жәйттар жеткілікті. Үмітті үлес те, сыйлы сыбаға да осыдан тарайды.  

Телқоңыр

(үзінді)

***

...Сары жаздың ләззаты қоңыр құлынға дарымай қойды. Басқа құлындарға жоламай, ылғи қызыл құлынды жоқтайды. Кісінемес сәтте кісінеп, шырыл қағады. Құдды бөбектің даусына салып, балды зар төгеді. Елегізгенде, іші пысқанда құйрығын шанши жалғыз ойнақшып, артынша серігін қайта жоқтайды. Бұл құлын екі енеге – өз енесі қара бие мен қызыл құлынның енесі көк биеге – телінген еді. Алғашқыда өгей ене жатырқады. Төл құлынын аңсап, ақ-көк басын кегжитіп, ұзақ-ұзақ кісінеумен болды. Бұған дәті шыдамаған Сүгір іштей таусылды. Жүрегі елжіреп, ақаулы аянышқа бой алдырды. Көп дағдарыстан кейін, жылқы баласына жүрмейтін сұмдыққа барды. Ол қызыл құлынның терісін тұлыпқа айналдырды. Көк бие жиі-жиі иіскеп, өзінен өзі июді шығарды. Қоңыр құлын қосарлана иіскеді. Содан көк бие оған да иіп, бірте-бірте бауырына басты. Емшектің көптігі телінген құлынға сор болды. Құлын туған енесіне барса, өгей ене жоқтайды, өгей енесіне барса, өз енесі кісінейді. Екеуі де сағынады. Сезімтал құлын ененің екеуін де аяп, шырылдауды шығарды. Шөре-шөрелік сары дертке ұрындырды. Жұбын жазбай шұрқырасып, тату тебіскен қызыл құлын тірі болса, сыбаға сіңер еді-ау! Текті төл серіксіз қалай шыр байласын?! Ол дүниедегі ең тәтті, ең қымбатты құрдасын сағынады. Қызыл құлынсыз кешкен тіршілікті тұл тіршілікке балайды. Оңашада шырылдап: «Құрбым-ау, қайда жүрсің, адасып?!» дейді. Көзіне жасы іркіледі... Шерлі құлын қоңданбай, күн санап жүнжи бастады. Ине жұтқан күшіктей іштен іріп, жұтқаны бойына жұқпай, сүмие берді. Бұған не шара?! Біліктілер әртүрлі ем айтты. Көгерген тамырын тіліп, қан алу керек десті. Сүтке илеген қамырға қосып құмырсқа жегізу керек десті. Бұған Сүгір иланса да, әкесі иланбады. Ол: «Тұлып тұрғанда бұл құлын оңалмайды. Қызыл құлынның көзі ғой ол! Содан құтыл!» – деп кеңес берді. Тұлыпты шөлге апарып тастады. Енді көк бие түзге қашқақтауды шығарды. Оңаша кісінеп, тұлыпты жоқтады. Июден тыйылып, емшегі беріштене бастады. Қалың Қоңыраттан жарып шыққан сұмдық сыншы бар еді. Айтушылар алты қырқаның астындағы текті жылқыны даусынан таниды деуші еді. Шалшықта ойнаған құлынның башайын бажайлайды, аттың тісіне қарап жасын айнытпай ажыратады деуші еді. Сүгір бір күні сол адамды қолқалап шақырды. Болған оқиғадан сыншы хабардар екен. Көк бие мен қоңыр құлынды көп айналдырмады. «Бұлардікі ішкі дерт қой!», – деп күрсінді. Ұзақ ойланыстан кейін: – Көк биенің көзін таңып таста. Басы айналып есінен танғанда, қоңыр құлынды қайта телі. Телір алдында домбыра тарт. Денеңді шымырлататын сазды да мұңды күй төгілсін, – деп мәслихат берді. Сүгірдің әкесі: – Япырай, бұл неғып менің ойыма келмеді?! – деп таңданды. Бірнеше тәулік бойына көзі таңылған бие жат кісіністен жаңылып, есеңгіреп қалғанда қоңыр құлын қайта телінді. Телірден шай қайнатым уақыт бұрын Сүгір домбыра тартты. Серігін көптен бері қолға алмай сағынып қалған екен. Құлшына кірісті. Әуелі бөгде «Бес төрені» тартып шықты. Жартастың жаңғырығындай ащы дауыстар биені селк еткізді. Сүгір бірте-бірте Дайрабайдың «Ыңғай төкпесіне» ауысты. Жылдам қайырылатын буын, бунақтарын шамадан тыс ұзартып, тебіреніп отырып алды. Екі иығы бүлкілдеп кетті. «Аһа-а-аһа-ай; аһа-а-аһа-айлаған» өкінішті әуендер дөңгелене ұйтқып тұрып алды. Белгісіз біреу: «Дайрекеңнің қайырулары тым қысқа еді. Толғағасын осылай толғау керек!» деп сүйсінгендей болды. Ұзақтан оралған күй толастағанда, Сүгір: «Ұзынырғасы оқыстан туды-ау!» деп қуанды. Ол төл «Кертолғауға» басты. «Кертолғаудың» аяғы баяғы есімсіз күйге ұласты. Шешектен шетінеген тұңғыш перзентіне бағышталған мұңлы лебіз еді. Сол күйдің басын тартқанда Сүгірдің кеудесі күмбірлеп кетті. Бастапқы бунақ толық айналғанда домбыраның шанағынан: «Дөри-дөри-дай; дөри-дөри-дайдаған» өкінішті уһіл шықты. Баяғы уһілдер бұның ширегіне келмейтіндей. Сүгір шектен тыс қайталап, шерлі жүректі әлдилеп, сазарып отырып алды. Сұр тастың астында қара қазан қайнап жатты. Сазарған бет бірте-бірте терши бастады. Күйшінің дидары шымырлап, иығы қайта бүлкілдеді. Оның миы: «Сорлы-ау, ұзын сапардың қажеті жоқ, осы уһілден танба!» деп жыбырлады. Сүгір уһілеген үйірімді тағы да қайталады. Тұңғыш перзенттің өлімі ойда жоқ. Көкейде – көк бие мен қоңыр құлынның қасіреті. Асықпайтын, аяусыз қасірет! Сүгір: «Бір бунақтан да күй жасауға болады екен ғой» деп ойлады. Осы мезетте құлын өгей енеге телінді. Бие бауыр баса қоймады. Бірақ көрнеу жатырқамады да. Манакөнек қалыпта маңқиып тұра берді. Күйші атаулыда басыр түйсік болмақ. Сол түйсік Сүгірдің кеудесінде оқыс оянды. Оның сезімтал саусақтары домбыраның сағасына шоршып түсті де, тың дыбыстар шығара бастады. Енді шертіс де, шымшыс та өзгерді. Өкініштің орнын уаныш басты. Домбыра аңырамай, еркелеп шыға келді. Бейне қу шанақтан қызыл құлын кісінегендей болды. Жіңішке, әсем әуен төгілді. «Тәйри-тәйри тәйри-тай» деген нәзік те ерке дыбыстар сағалықтан бұғалыққа қарай өрлеп, бара-бара құлшына кісінеп кетті. Жансыз ағашқа жан бітіп, ыңқылдады. Пернелер иіп, екі ішек еңірегенде, көк бие қоса еңіреді. Артынша, оқыранып, еміренді. Қоңыр құлынды иіскегенде жаудыр жасқа толып кетті. Бие иіді... Күйші бусана балқыды...

 ***

 Шалқыған сары жаз қарайып, қоңыр күзге айналды. Жетіқоңыр жеті жерде бүрісе бастады. Денесі кішірейген кекседей, кербез көркінен бірте-бірте айырылып бара жатты. Тамалар қысқы қонысқа қарай жылыстағалы да бірнеше күн болған еді. Шудың қарасы көрінгенде, Сүгірдің ауылы терең сайға кеп қонды. Осы арада қарашаны өткізбек. Жайлаудың жайдары мәурітін білетін халық: «Табаны тарлан боздың ескен желдей, Қоңырдан қой қоздатып көшкен елдей...» деп әндетуші еді. Оны сорлы бие мен мұңлық құлын қайдан білсін. Шалғында, ажырығы аралас өзектерде қалың жылқы ызғындай жайылып жатқанда, ол екеуі Қоңыр жаққа қарай қашқақтай берді. Жазғы жайлаудың құты қашқанын сезбеген өгей ене мен тел құлын Сүгірдің көңілін қамықтырды.