Терең білім алуға арналған жоба

Терең білім алуға арналған жоба

Терең білім алуға арналған жоба
ашық дереккөзі
Шетелде білім алуды жөн көретін жастардың саны күннен күнге артып келеді. Сәйкесінше сондай мүмкіндік беретін бағдарламалар да сан алуан. Тіл білетін, өзі таңдаған саласынан хабары бар кез келген адам өзге елдегі үздік университеттерге түсу үшін бағын сынап көру мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, шекара асып кете алмайтын болашақ мамандар да құр алақан емес. «MDP GLOBAL CLASSROOM» – әлемдік алдыңғы қатарлы университеттердің білім беру жүйесіне негізделген магистрлік жоба. Аталмыш жоба көмегімен магистранттар өз елімізде отырып, онлайн түрде Колумбия университетінің үздік профессорларының лекцияларын тыңдай алады. Осы арқылы студенттің көшбасшылық қабілетін арттыруға, аналитикалық ойлау қабілетін жоғарылатуға септігін тигізеді. Сонымен қоса, АҚШ және Еуропа елдерінің алдыңғы қатарлы университеттерінен тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болады. Осылайша бағдарлама әлемнің 50-ге жуық елінде білім алатын студенттердің тәжірибе, білім айырбасына көмектеседі. Рафис Абазов Колумбия университетінің профессоры, «MDP GLOBAL CLASSROOM» бағдарламасының директоры: «Бағдарлама іске қосылғалы біраз өзгерістерден өтті. Ол білім жүйесіндегі жаңашылдықтарға байланысты. Мен үнемі жаңа тенденцияларды бақылап отыруға тырысамын. Бүгінде түрлі халықаралық бағдарламалар жобасы қазақстандық студенттер білім алу үшін енгізілген. Олар үшін ең оңтайлы жағдай жасалған. Қазақстандық және шетелдік мамандар жасап шығарған бағдарлама арқылы елдегі барлық студенттердің білім алу мүмкіндігіне ие болуы қажет. Мұндай тенденция бүгінде кездеседі және жалғасын табады деген үміттемін. Себебі аталмыш тәжірибе студенттер белсенділігінің артуына, креативті болуына, жаңаша ынталануына көп септігін тигізеді». Аталмыш жобаның оқу жоспары жаһандық MDP жүйесіне кіретін әлемдегі барлық серіктес университеттердің халықаралық Кеңесшілер алқаларының бірігуі арқылы жасалған. Бағдарламаның негізгі мақсаты – тұрақты дамудағы әлемдік мәселелер жөнінде студенттерге түсінік қалыптастыратын білім беру, сондай-ақ, қоршаған орта мәселелері, климаттың өзгеруі, балама қуат көзі туралы БҰҰ-ның жұмысымен танысу. «Бүгінде біздің бағдарлама «Samsung» сияқты ірі компаниялармен бірлесіп жұмыс жасайды. Сонымен қоса біздің студенттер Халықаралық банк, БҰҰ және т.с.с. ұйымдастыратын халықаралық жарыстарға арнап түрлі бағдарламалар жасаған. Гонконгтағы Политехникалық университетпен байланыс орнаттық. Менің барлық дерлік магистранттарым сол жерде бір семестр бойы зерттеу жүргізу мүмкіндігіне ие болды», – дейді бағдарлама директоры Рафис Абазов. Бағдарламаға талапкерлерді қабылдау оның оқу үлгеріміне және ағылшын тілінің деңгейіне (IELTS, TOEFL және т.б. қажетті деңгейдегі сертификаты болу қажет ) байланысты. Сонымен қатар, бәсекеге қабілеттілігі, кәсіби қызығушылығы мен тәжірибесіне мән беріледі. Міндетті түрде аккредиттелген университеттің бакалавр дәрежесіне ие болу керек. Аталмыш жоба қазақстандық студенттер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Жаңа технологиялардың арқасында мұның барлығы онлайн түрде іске асады. Сондықтан шетелге шыға алмайтын, бірақ сонда білім алғысы келетін студенттер үшін таптырмас жоба.

Әйгерім Болатханқызы