Киік көбейіп келеді

Киік көбейіп келеді

Киік көбейіп келеді
ашық дереккөзі
Павлодар облысы аумағында мекендейтін киіктер мен арқарлар санының артуы байқалуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қазбек Әметов мәлім етті. «2016 жылы ақбөкендер 10-15 бас қана кездескен болса, қазіргі таңда олардың саны 2000 басқа дейін жеткен. Сонымен қатар арқарлардың саны 2,1 пайызға өсіп, 700 басты құрап отыр», ‒ деді Қазбек Әметов. Мамандар бұл жануарлардың көбеюіне табиғатты қорғау ұйымдарының бірлескен жұмысы оң әсерін тигізген болуы керек дейді. Өңірде арнайы топтар құрылып, тың жобаларды жүзеге асыруда. Бірақ қанша маман атсалысқанымен, тыйым салынса да мылтығын асынған браконьерлер тыныш таппай жүр. Тамыз айының орта тұсында 4 азамат құрықталды. Олардың үшеуі жергілікті Ақсу қаласының тұрғындары және Германия елінің азаматы. Тексеріс кезінде бір киік пен полиэтилен пакетке оралған екі тегіс оқпанды қару, 13 дана гильза анықталды. Мұндай оқиға өткен жылы да тіркелген еді. Ақсу қаласының екі азаматы табиғатқа 6,8 миллион теңге шығын келтірген. Май аудандық сотының шешімімен 2018 жылы 4 қаңтарда екі азамат кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылған еді.