Жаңалықтар

Қазақ бидайына сұраныс көп

ашық дереккөзі

Қазақ бидайына сұраныс көп

Қостанайда 2,1 млн тонна астық экспортқа шығарылды. Жыл басынан бері Зааятск, Қостанай, Есіл бекеттері арқылы 7 мың тоннадан астам астық жөнелтілген. «ҚТЖ»-Жүк тасымалы»  АҚ  Қостанай бөлімшесінің директоры Берік Қайдаровтың айтуынша, контейнермен өнім тасымалдау ‒ діттеген жерге шұғыл түрде жеткізудің ең тиімді тәсілі. «Тоғыз айдың ішінде 980 мың тонна қайта өңделген ұн тасымалданды. Оның 812 мың тоннасы ‒ экспорт. Бүгінде 2,8 млн тонна астық вагондарға тиелді. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 51 пайызға артық. Мұның 2,1 миллион тоннасы экспорттың еншісінде. Есіл және Тобыл тәрізді ірі теміржол бекеттері арқылы күніне жүздеген вагон жан-жаққа аттанып жатыр. Тоғыз айдың ішінде 200 вагоннан астам астық сыртқа шығарылды. Оның 119-ы өз еліміздің ішінде, 48-і Өзбекстанға, 21-і Орталық Азия елдеріне, 6-ауы Ресей мен Әзірбайжанға, екеуі Грузияға жеткізілді», ‒ дейді Берік Қайдаров. Қазір Ауғанстан, Иран және Ирак мемлекеттеріне астық өнімдерін баламалы әдіспен тасымалдау жолдары қарастырылып жатыр. Өнім алдымен Қазақстандағы «Болашақ» өткізу бекетінен Түркіменстан арқылы, одан Имамназар, Акина, Серхетабад және Сарахс бекеттеріне тасымалданады. Жыл соңына дейін тағы 400 мың тонна жүк тасымалдау жоспарланған.