25 Қазан 2018, 15:22 1493 0 Денсаулық Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Жанна Болатқызы: цифрландыру – уақыт талабы

Соңғы кезде елімізде қан тамырлары ауруы белең алуда. Бұл дерт әсіресе, жастарға да ауыз сала бастапты. Алайда қазір оны медицинадағы заманауи құралдардың көмегімен ерте анықтауға болады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында медицина саласы да сандық форматқа көшіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізуде. Біз бұл тұрғыда №7 қалалық клиникалық ауруханасының №1 нейроинсульт бөлімінің меңгерушісі Жанна Болатқызы Дюсембаеваны аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Инсульт – ми қан айналымының бұзылуымен байланысты ауру, нәтижесінде мидың белгілі бір бөлігіндегі қан айналымы төмендейді немесе толығымен тоқтайды. Бүгінгі күні инсульт халықтың өлім-жітім себептерінің арасында екінші орында тұр. Сондай-ақ, инсульт мүгедектікке әкеп соғатын аурулардың ішінде бірінші орынға ие. Инсульт алған адамдардың 80 пайызға жуығы мүгедектікке ұшыраса, соның ішінде 25 пайызы қалған өмірінің барлығында тұрақты түрде күтімді қажет етеді. Яғни, ми ұлпасының зақымдалып, қан айналымының кенеттен бұзылуына әкеп соғады. Осының салдарынан миға қан құйылады немесе ми тамырлары бітеліп қалады. Инсульттың басты себебі – гипертония ауруы және ми тамырларының атеросклерозы. Оның пайда болуы қан айналымының тасуына байланысты. Көп жағдайда ауру адам кенеттен құлап қалады, есінен танады. Оларда аяқ пен қолдың парезы (сал болуы) әдетте дененің бір жағынан басталады, тілі күрмеледі, алғашқы сағаттарда тыныс алуы бұзылып, денесі тырысады, құсады. Алайда инсульт кенеттен пайда болғанымен, оның алғашқы нышандары білінеді. Кейде науқас соны білмей қалып, уақытын өткізіп алады.

– Ал инсульттің қандай түрі бар? Және оның қайсысы өмірге қауіпті?

– Инсульттің негізгі үш түрі бар – ишемиялық инсульт және геморрагиялық инсульт (қан құйылу), оның екі типі бар – миішілік және субарахноидалды. Қан құйылу тамырлардың жарылуы салдарынан, негізінде қан қысымының жиі жоғарылауынан болады. Тамырдан шыққан қан қуыс тәрізді қан гематомасын немесе ісік жасап, бас миы тінінің қабырғасын жылжытады. Ишемиялық инсульт ми инфаркты деп те аталады. Бұл ауру көбіне 50-60 жастан жоғары адамдарда пайда болады. Ишемиялық инсульт аурудың басқа түрлеріне қарағанда жиі кездеседі. Ишемиялық инсульттің себептері ми жасушаларына оттегін жеткізуге жауап беретін артериялар бойынша қан жүруінің бұзылуымен байланысты ми қабырғалары тарылады немесе бітеліп қалады. Миішілік қан құйылу кейіндеу пайда болған, шамамен орташа жас мөлшері 45-55 жас және мидағы қан ағысы бұзылуының барлық түрлерінің 10 пайызға жуығын құрайды. Қан құйылудың пайда болуының негізгі себебі гипертониялық ауру болып табылады. Осы патологияға әкеп соғатын басқа аурулар – атеросклероз, жүрек-қан тамыры жүйесіне әсер ететін қабыну процестері болып табылады.

Субарахноидалды қан құйылу – ми қабығы тамырларының жарылуы нәтижесінде пайда болатын бас миы мен оның қабығы арасында пайда болған гематомалар. Бұл 30-60 жастағы адамдарда пайда болатын инсульттардың ішіндегі ең жасы боп саналады. Ауру себептері негізінен зиянды әдеттер: темекі тарту, ішімдікті ұзақ пайдалану немесе ішімдікті үлкен мөлшерде бір-ақ рет қолданудан туындайды. Инсультке себепкер артық салмақ, артериялық гипертензия болуы мүмкін. Ол аяқ астынан немесе бас сүйек-ми жарақаты нәтижесінде пайда болады. Сондай-ақ, инсульттің осы түрінің себепшісі шамадан тыс физикалық жүктеме болуы мүмкін, мысалы, ауыр затты көтеру, қан қысымының көтерілуімен байланысты жүйкеге күш түсу. Люмбальді функция немесе компьютерлік томография көмегімен диагноз қойылады. Осы шара аневризманың орналасқан жерін уақытында анықтауға және оны жоюға мүмкіндік береді. Диагностика жасау үшін кейде магнитті-резонансты томографияға және компьютерлік томографияға жүгінеді, сол арқылы гематоманың орналасқан жерін анықтауға болады. Қазір дертті тексеру, анықтау дұрыс жолға қойылған. Бұрын-соңды өмірден жас өтсе де, кәрі өтсе де, себебі анықталмай қалатын. Оның үстіне жаңа технологиялық құралдар ауруды дер кезінде анықтауға көмектеседі.

– Сіздерге Алматы қаласынан ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, ем алатындар баршылық. Жалпы, бұл дерт бойынша қай өңір көш бастап тұр?

– Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының ресми мәліметіне жүгінсек, елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульттен зардап шегеді. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы ми қан айналымының бұзылуы сырқатымен 41 293 қазақстандық емделген. Олардың 53 пайызы ерлер болса, 47 пайызы әйелдер қауымы. Қазақстандағы өлім-жітімнің инфаркт пен онкологиядан кейінгі үшінші себебіне жататын инсульттің әр өңірдегі көрсеткіші әртүрлі. Бұл сырқатқа шалдыққандардың ең көбі Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облысында. Аталған аймақтарда әр мың адамның 350-ге жуығы, ал Ақмола мен Қызылорда облыстарында 300-дейі дүние жүзін дендеген дертке кіріптар болған. Ал инсульт алғандардың 40 пайызы өмірімен қош айтысып, 50 пайызы мүгедек болып қалады. Мамандар науқастың 10 пайызы ғана дертінен толықтай айығатынын айтады. Міне, осылайша қазіргі таңда біздің мемлекет инсульттен ТМД елдері бойынша 3-орынға жайғасқан. Тосыннан тап келетін ауруға жастар да жиі ұшырай бастады. Бұрындары 70-80 жастағы қарттар ғана инсульт алып жататын. 1990-шы жылдары инсультке шалдыққан ең жас адам 60 жаста болған екен. Қазір 15-20 жастағылар ауырса таңғалмайтын болдық. Ресми статистика бойынша елімізде инсульт алғандардың 37 пайызы – 41 мен 60 жас арасындағы ересектер, 31 пайызы – 61-70 жас шамасындағылар, 28 пайызы 71 жастан асқандар болса, 4 пайызы 16-40 жастағыларды қамтыған. Инсультті емдеуде уақыт өте маңызды. Көбіне ауылды жерлерде үлкен кісілер ұшықтатып қойып, жылжымай жата береді. Мұндай науқастардың тосылған тамырының жанындағы ми солып қалады да, ем қолданғанмен нәтиже бермейді.

– «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді ғой. Бұл дертке шалдықпас үшін қандай амал-әрекет жасау керек?

– Қазір бізде 70 орындыққа арналған инсультті емдейтін екі бөлім бар. Сол орындар бос болмай жатады. Неге? Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек. Көбі спортпен айналысуға уақытымыз жоқ дейді. Бізде қазір қимыл-қозғалыс азайып кетті. Меніңше, оған арнайы уақыттың да, спорттың да керегі жоқ. Ертелі-кеш 10 минутын үйде немесе кеңседе отырып жаттығуға арнаса болғаны, ол әлеуметтік желілерді ақтаруға да кететін уақыт қой. Күніне кемінде 40 минут жаяу жүру, жұмысқа велосипедпен бару өте пайдалы. Қуырылған, майлы тағамдардың мәзірін буда, суда піскен тамаққа ауыстырған абзал. Көкөністер мен жеміс-жидектерді күнделікті тұтынып, таза суды көп ішу керек. Бұдан бөлек жыл сайын скринингтен өтіп, қан қысымын, қандағы қант, холестерин, майдың құрамын тексертіп тұрған жөн. Науқас кардиолог тағайындаған дәрі-дәрмекті қан қысымының қалыпқа түскеніне қарамастан өмір бойы ішуі керек. Сондай-ақ, инсульт орталығының барлығында инсульттен кейінгі оңалту орындары бар. Оңалту кезінде әркімге әрқалай ем жүргізіледі. Яғни, инсульт алған науқас емделгеннен кейін артық қимылдаудан қорқып, тек күтушінің көмегімен ғана отырып, тұратыны құптарлық жағдай емес. Олар кішкене бала сияқты. Жүру, тұру, сөйлеуді қайта үйренеді. Сондықтан кір жуу, сурет салу, тамақ дайындау сияқты жеңіл-желпі жұмыстарды сау адамдардан екі есе артық істеуі керек. Бұлай болмағанда науқас оңалғанның орнына, екінші рет инсульт алуы әбден мүмкін.

– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының нәтижесінде медицина саласы да сандық форматқа көшіп жатқаны белгілі. Осы тұрғыда қандай жетістіктеріңіз бар?

– Медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізу жобасынан Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасы да тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері ауруханаға қосымша 184 дербес компьютер орнатылып, оның жалпы саны 400-ден асты. Енді жаңа сандық форматтағы мәліметтер базасы бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктірілмек. Осындай үлкен жоба «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асқаны белгілі. Денсаулық сақтау саласын сандық жүйеге көшіру жөнінде Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында кеңінен тоқталып өткен болатын. Осы тапсырманы іске асыру бойынша республика көлемінде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. 2010 жылдан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі қалыптасқалы бері электрондық порталдар мен тіркелімдер дайындалды. «Ауруханаға жатқызу бюросы» парақшасы ашылды. Бұл арқылы елдің түкпір-түкпіріндегі науқастар өзі қалаған медициналық мекемені таңдап, ауруханаға жату үшін кезекке тұра алады. Осы уақытқа дейін 22 ақпараттық портал жұмыс істей бастады. Енді осы жүйелерді біріктіріп, науқас пен дәрігер арасындағы байланысты жеңілдету – басты мақсат. Жалпы, «қағазсыз қағидат» бізге не береді? Науқас уақытын үнемдейді, ғаламтор арқылы өз денсаулығы жайлы ақпарат алуға мүмкіндік туады. Дәрігер қағаз жұмыстарынан арылып, медициналық көмек сапасын жақсартуға жол ашады. Сонымен қатар, рентген, компьютерлік томография сияқты диагностикалық аппараттан бұрынғыдай пленка шығарып отырмайды, оның бәрі пациенттің электронды денсаулық паспортына тіркеледі. Әрі бұл аурухана қаржысын үнемдейтінін ескеру керек. Дәрігер үшін ем көрсетуде әр минуттың маңызды екенін ескерсек, осы сандық жүйенің маңызы зор. Алдына келген пациенттің жеке идентификациялық нөмірі арқылы оның денсаулығын біліп отырады. Бұл уақытты және қағазды үнемдейді. Біз де шілде айынан бастап науқастарды қағазсыз қабылдауға көштік. Яғни, амбулаториялық карталар және тағы басқа дәрігерлік жазбалардың бәрі электронды нұсқамен толтырылады. Бүгінде аурухана компьютерлік техника, кеңсе техникасы, қажетті жылдамдықтағы ғаламтор желісімен жабдықталды. Қазір бөлімшеде 2 компьютерлік томография бар.

Сонымен қатар, денсаулық саласында медициналық ақпараттарды автоматтандыру және статистикалық мәліметтерді жылдам алу мақсатында медициналық ақпараттық жүйе енгізілуде. Іске қосылған жүйе халық денсаулығының жақсаруына өз үлесін қосады. Медициналық ақпараттық жүйе дәрігерлердің науқасты емдеп, нақты диагноз қоюына және квота мәселесін аз уақыт аралығында рәсімдеуге ықпал етуде. Медицинаны цифрландыру Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында нақты көрсетілген. Мәселен, аталған бағдарламада «Медициналық көмектің интеграцияланған үлгісін іске асыру шеңберінде науқастардың медициналық қызметкерлердің қабылдауына өз бетінше онлайн арқылы жазылуы, шынайы уақыт режимінде кеңес беру және емделушілерді жеке стационарлық компьютер мен смартфонды пайдалана отырып бақылау кезең-кезеңімен енгізіледі. Кластерлік жүйенің жұмысын басқару және үйлестіру үшін ұлттық телемедицина желісі кеңейтіліп, қолданыстағы жүйе шеңберінде ақпараттық технологиялар жетілдіріледі. Көзделген жоспарды іске асыру және ақпараттық жүйелерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін сала мамандарын ақпараттандыру мәселелері жөнінде оқыту бойынша кең ауқымды іс-шара жүзеге асырылады» деп көрсетілген.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен  Динара Мыңжасарқызы

Соңғы жаңалықтар