Денсаулық елшісі деген кім?
Денсаулық елшісі деген кім?
Жуырда ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізге белгілі спортшылар, әншілер және актерлермен кездесті. «Жақында Елбасы өз Жолдауында бүгінде халықты мазалап отырған ең басты мәселе денсаулық сақтау саласы мен медициналық қызметтің сапасы екендігін атап өткен болатын. Әрине, отандық медицина саласында мәселе көп. Бірақ, әр адам денсаулығының 50 пайызы оның салауатты өмір сүруіне тікелей байланысты екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденген. Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Сондықтан біздің министрліктің стратегиясында аурулардың алдын алу айрықша басымдыққа ие бағыт», ‒ деді министр Елжан Біртанов кездесу барысында. Соңғы кезде Қазақстанда спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанатындар қатары көбейгені рас. Дегенмен олардың қатарын арттыру үшін есімі елге танымал азаматтарды аталған жұмыстарға тарту көзделген. Кездесуде: «Денсаулық елшілері ‒ өнер, спорт, эстрада әлемінің белгілі тұлғалары өз қызметтері аясында салауатты өмір салтын қалыптастыруға елеулі үлес қоса алады», ‒ деді министр. Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Денсаулық елшісі» атты төсбелгі дайындаған. Еліміздің ең алғашқы «Денсаулық елшісі» атағы әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдинаға, актер Нұрлан Әлімжанға, әнші Қайрат Нұртасқа, әнші, кәсіпқой боксшы Ибрагим Ескендірге берілді. Ресми марапаттау рәсімінен кейін: «Әрбір пенде дені сау ұрпақ тілейді. Өкінішке қарай, қарагөз балаларымыздың арасында ауыр науқасқа, жазылмас дертке шалдыққандары да бар. Бұл дегеніңіз жүктілік кезде орын алған қателіктердің салдары деген сөз. Жалпы, болашақ ананың алдын ала дайындық жүргізбеуі, денсаулығына енжар қарауының нәтижесінде кінәраты бар балалар дүниеге келіп жатыр. Бұл – дабыл қағатын мәселе. Сондықтан дүниеге сәби әкелуді армандап жүрген аналар ең алдымен өздерінің денсаулығын күткені дұрыс. Сонда бізде мұндай мәселе болмас еді», ‒ деді Қарақат Әбілдина