Етті мал саны көбейді
Жыл басындағы есеп бойынша, Қазақстандағы мүйізді ірі қараның жалпы саны 6 миллион 745 мыңнан асады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда сиыр малының қарасы 5,2 пайызға көбейгенін көрсетеді. Қой-ешкінің саны 19 миллионға жуықтайды. 2016 жылмен салыстырғанда жылқының саны 6 пайызға көбейіп, 2 миллион 395 мыңнан асып түсіпті. Бүгінгі таңда отандық нарықты етпен қамту және ет экспортының әлеуетін көтеру бағытында бірталай жұмыс атқарылуда. Мәселен, мүйізді ірі қара етін экспорттау көлемін ұлғайту жобасына 16 500 фермерлік шаруашылық қамтылды. 160 мың басқа арналған бордақылау алаңдары салынды, 55 мың бас асыл тұқымды мал бағатын репродуктор шаруашылықтар пайда болды. Жыл басындағы деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстандағы асыл тұқымды ірі қараның жалпы саны 511 мыңнан асады. Шет мемлекеттерден алдырылған мал басы 55 мың шамасында. Ет экспортындағы әлеует те айтарлықтай көтеріліп, 8 еседен артық өсім байқалды. Бүгінгі таңда елімізде ангус сиырын өсіретін 214 шаруашылықта барлығы 59 733 бас асыл тұқымды сиыр бар екен. Фермерлердің айтуынша, аталған асыл тұқымды сиырлар ерекше күтімді қажет етпейді. Бұқалары табиғаты салқын өңірлерде де, ыстық жақтарда да күйін жоғалта қоймайтын төзімділігімен ерекшеленеді. Қысқасы, жайылымдық жер кең болса ангус сиырларын қосымша бағып-қағып азапқа түсудің де қажеті жоқ көрінеді. Елімізде биылғы жылы етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы іске қосылды. Мақсаты – мемлекет және қаржы институттары тарапынан шаруаларға кешенді түрде қолдау шаралары арқылы саланың экспорттық әлеуетін арттыру, еңбек өнімділігін көтеру. Бұл – Мемлекет басшысының тұрақты басымдық беріп келе жатқан өзекті мәселелерінің бірі. Елімізде мал шаруашылығын, оның ішінде етті мал шаруашылығы саласын дамытуға қажетті барлық қолайлы жағдайлар бар. Еліміз жайылымдық жердің көлемі бойынша әлемде бесінші орынды иеленеді. Мал шаруашылығы үшін 180 миллион гектардан астам жайылымдық жер бар. Фермерлердің қатты жем-шөп базасын құру үшін 2 миллион гектардан астам жерді суармалы шабындыққа айналдыруға мүмкіндіктері молынан жетеді. Сонымен бірге халқымыздың жартысынан астамы ауылдық жерлерде тұрады және атакәсіппен айналысу дағдысы дәстүрге айналған. Қазақстандық фермерлерді етті мал шаруашылығын дамыту мақсатындағы іске жұмылдыруда соңғы жылдары жемісті жұмыс істеп келе жатқан республикалық «Сыбаға» бағдарламасының берері мол. Жақында Ақтөбе облысында аталған бағдарлама бойынша Ресей Федерациясынан асыл тұқымды ірі қараның бірінші партиясы әкелінді. «Сыбаға» бағдарламасының негізгі мақсаты – фермерлік шаруашылықтарды қолдау және ірі қара мал басы санын көбейтуді қамтамасыз ету. Ақтөбе облысында аталмыш бағдарламаның аясында фермерлер шетелден асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуда. Бүгінгі күнге дейін облысымыз бойынша 43 фермерлік шаруашылық осы мақсатта жеңілдетілген несие алды. Оларға қор тарапынан қаржыландыру нәтижесінде 2 мыңнан астам етті асыл тұқымды ірі қараны сатып алуға қаражат берілді, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина. Оның пікірінше, асыл тұқымды етті мал шаруашылығы саласында еңбек ететін фермерлерге барынша қаржылық мүмкіндіктер жасалған. Мәселен, бір фермердің 70 миллион теңгеге дейін несие алатын мүмкіндігі бар. Несие 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Оның үстіне алғашқы екі жылда фермерлер несие төлеуден босатылады. Мемлекет субсидиялау арқылы несиенің 14 пайыздық үстеме ақысын 4 пайызға дейін төмендетуге және шетелдерден етті асыл тұқымды малдың құнын азайтуға субсидия төлейді. Сонымен, тиімді сыйақы үстемесі жылына 4,4 пайыздан аспайды. Осылайша, шағын шаруашылықтар 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін көтеру жұмыстарына қатысуда. Бұл бағыт бойынша шаруашылықтар шетелден асыл тұқымды мал сатып алып, одан төл алады. Етті жас малды бордақылау алаңдарына тапсырады. Олар тиісінше еттің тауарлы көлемін жинақтап, оны ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізумен айналысады. Бұл жұмыстың нәтижесінде шаруашылықтардың бәсекеге қабілеттілігі көтеріліп, жергілікті малдың саны мен сапасы артады. Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың жолдары осындай. Ең маңыздысы – ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып, отандық азық-түлік нарығының тұрақтылығы нығайып, саланың экспорттық бағыттылығы күшейеді.«АӨК – инновация» жобасы әзірленеді
Жобаны дайындаушылардың пікірінше, бұл қазіргі экстенсивтік дамудың мемлекеттік тетігі. Дүниежүзілік озық тəжірибе көрсетіп отырғандай, оның тиімділігі орта жəне ірі ауыл шаруашылығы өндірісінен 3-5 еседей төмен. Ұсақ тауарлы өндіріс басым болғандықтан АӨК-ке салынған қаржы қайтарылмай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 80 пайызы төлемге қабілетсіз болмақ. Елбасы: «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-та салынған қаражат құмға сіңген су сияқты, ал басшы кадрлар берекетсіздікке салынуда» деп орынды атап көрсетті. Яғни, «ҚазАгро» АҚ-та ұсақ тауарлы жеке қосалқы шаруашылықтар мен шағын фермерлік қожалықтар қызметін қалдыра отырып, оны қайта ұйымдастыру, ірі жəне орта тауар өндірушілерге қатысты жұмыстарды «АӨК – инновация» жобасын əзірлеушілердің басқаруына беру орынды болар еді. Қазақстан үшін отандық жəне əлемдік мамандардың қатысуымен əзірленген АӨК-ті жедел дамытудың нарықтық моделін негізге алып, орта жəне ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге басымдық беру, көп салалы ауыл шаруашылығын дамыту өзекті. Демек, əлем экономикасының құбылмалы жағдайында жаңа сапалық даму деңгейіне көшуі үшін мемлекет-жекеменшік əріптестігі негізінде АӨК-ті жедел дамытудың матрицалық интеграциялық нарықтық экономикалық үлгісін іске асыру кезек күттірмейтін мəселе. Əлемдік қоғамдастық елдерінде азық-түлік қауіпсіздігі мəселесі өзекті. Қазіргі таңда импорттың 40-90 пайызын құрап отырған қант, сары май жəне өсімдік майы, жеміс-көкөніс консервілері, шұжық өнімдері, ет, құс етін Қазақстан нарығымен қатар, экспортқа да шығаруға болады. Оны кооперативтік, өндірістік, инфрақұрылымдық ірі тауарлы облыстық агрокластерлер, орта тауарлы аудандық агрокешендер жəне агроқалашықтар негізінде инновациялық көп салалы АӨК құра отырып, «АӨК – инновация» жобасын кешенді, жүйелі іске асыру арқылы жүзеге асыруға болады. Атап айтар болсақ, бұл қысқа уақытта жоғары тиімді индустриялық инновациялық агроөндірістер негізінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жəне елімізде АӨК-тің жоғары экспорттық əлеуетін қамтамасыз етуге жол ашады. Сонымен қатар ірі жəне орта тауарлы агроөндірістер негізінде АӨК-ті жедел дамытудың нарықтық үлгісіне көшіруге мүмкіндік береді. Облыстық агрокластерлер жəне аудандық агрокешендер ең алдымен ислам елдерінен тартылатын капиталдың жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді. Екіншіден, ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына жəне еңбек өнімділігін арттыруға қол жетеді. Тағы бір айта кетерлігі, заманауи агротехнологияларды жəне инновациялық техникалық құралдарды пайдалану негізінде жоғары еңбек тиімділігі ұлғаяды. Төртіншіден, халықтың 40 пайыздан астамын құрайтын ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейі мен сапасын арттырудың негізі – жоғары еңбекақыны қамтамасыз етеді.