Еңбек ерлері ұлықталды
Еңбек ерлері ұлықталды
Сыр диқандары егін жинау науқанын аяқтауға жақын. Қазақ даласын әнге бөлеп, қырманды дәнге толтырған облыс алдыңғы толқын ағаларды ұлықтауда да көпке үлгі. Жуырда Қармақшы ауданында толарсақтан саз кешіп, тұтас елді асыраған еңбек ерлері айрықша ұлықталды. Биыл облыс бойынша 80 мың гектардан астам алқапқа дән себілген. Оның басым бөлігі дәл осы Қармақшы ауданына тиесілі. Жүйелі ұйымдастыру мен тынымсыз еңбектің арқасында Ақжар ауылының шаруалары аймақта алғаш болып қамбаны толтырды. Бір айта кетерлігі 2 мың гектар жерге күріш егіп, әр гектардан 60 центнер өнім жинаған өңір шаруалары келесі жылғы дала жұмыстарына кірісіп кетті. Бұл туралы агросеріктестік директоры Жомарт Жалғасбаев: «Механизаторлар көктемгі егістен кейін күзгі егін жинау науқанына дейін бос болатын болса, биыл бұрыннан егілмей жатқан егіс алқаптарын қайта қалпына келтіру, ондағы арық-жаптарды қазу, коллектор тазалау, атыз тегістеу жұмысымен айналыстық. Соның арқасында келесі жылға 350 гектар жер тегістеліп дайын тұр», ‒ деп сүйінші хабармен бөлісті.