Диқан төккен тер ақталуда
Диқан төккен тер ақталуда
Апта басындағы көрсеткіш бойынша, Қазақстанда 22 миллион 110,4 мың тонна астық бастырылды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, ел диқандары 14 миллион 949,3 мың гектар алқаптың егінін жинап, 99,2 пайыз көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Ал орташа өнімділік гектарына 14,8 центнерді құрады.
2017 жылдың осы кезеңінде Қазақстанда 15 миллион 325,6 мың гектар, яғни 99,7 пайыз алқаптың егіні орылып, 22 миллион 93,9 мың тонна астық бастырылған болатын. Ал орташа өнімділік гектарына 14,4 центнерді құраған.
Еліміздегі астық өнімі жағынан көш бастайтын ‒ Қостанай өлкесі. Аталған өңір өткен аптаның ортасында егіс даласындағы өнімді түгел жинап бітті. Мамандар биылғы жиын-терімнің көлемі айтарлықтай көп болғанын айтуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сембай Сағандықов егістік алқаптарынан 5 миллион 214 мың тонна астық жиналғанын айтты. Ол дегеніміз гектарына 12,8 центнер, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 12,5 центнерді құраған еді. Сембай Сағандықов: «Нарықтағы баға да жақсы. 28-ден аса дән уызы бар бидайдың бағасы ‒ 55 мың теңгеден асады. 4 класы 47-50 мың аралығында. Астықты мемлекеттік сатып алуға шығармауы да мүмкін. Себебі өткен жылмен салыстырғанда бағалар қолжетімді. Бірақ, көптеген шаруалар бағаның өсетініне үміттеніп, астықты сатпай отыр», ‒ деген болатын.
Ал облыс әкімі Архимед Мұхамбетов болса, тиісті мамандарға «бидайды тиімді сатудың жолдарын қарастырыңыздар», ‒ деді. Биыл егіс алқабының 89 пайызына жоғары сұрыпты тұқымдар себілген. Егіс науқанына байланысты өңірге 71 мың тонна дизельдік отын жеткізілді. Дала жұмыстарына барлығы 23 мыңға тарта трактор, 9 мың 6 жүз комбайн, 840 егін себетін кешенді техника, 1 мың бүріккіш, 22 мың тұқым сепкіш техникалар жұмылдырылды.
Еліміздегі осы жылғы егіс алқаптарының жалпы аумағы 15 миллион 63,1 мың гектарға жетті. Диқандар жақын күндері бар өнімді жинап бітеміз деп отыр.