Ерлік ешқашан ұмытылмауы тиіс
Ерлік ешқашан ұмытылмауы тиіс
Жазылған жайттың жаңғырығы
Үнемі ел мен жер тарихын назардан тыс қалдырмайтын «Túrkistan» газетінде осы жылдың 23 тамызында белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназдың «Арықбалық ахиреті» атты көлемді мақаласы жарияланған еді. Мақалада осыдан 161 жыл бұрын, патшалық Ресейге қарсы Сыр бойында, Қазалы маңындағы Арықбалық деген жерде халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған шаруалар көтерілісінің қалай қан-жоса болып талқандалғаны және соның ауыр салдары жайында айтылған-ды. Тарихи деректер негізінде жазылған материалда «Арықбалық» соғысында ел мен жер азаттығы үшін құрбан болған бабалар ерлігін бүгінгі ұрпақтың санасын жеткізіп, оларды отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында қыршын кеткен боздақтарға арнап, соғыс болған мекенде монументалдық ескерткіш кешенін салудың маңыздылығы туралы автордың пікірі келтірілген еді.
Газетте жарияланған мақала жер-жерде қолдау тауып, редакциямызға хабарласқандар болды. Ал белгілі эколог-жазушы, Сыр бойы перзенті Сайлаубай Жұбатырұлы жарияланған материалға өз пікірін білдіріп, газетімізге хат жолдады. С.Жұбатырұлының хаты «Шаһидтар рухы риза болсын» деген тақырыппен жарияланды (13 қыркүйек, 2018 жыл).
Осыдан кейін «Túrkistan» газеті басшылығы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев мырзаға хат жолдап, газет бетінде жарияланған жазушы Молдахмет Қаназдың мақаласында айтылған жайларға назар аударуын сұраған болатын. Қызылорда облысы әкімі аппаратының редакцияның ұсыныс-хатына берген жауабында (№ЗТ-ІІІ-280. 18.09.2018) былай делінген:
«Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 6-тармағына сәйкес Сіздің Қызылорда облысы әкімінің аппаратына жолдаған өтінішіңіз 2018 жылы 17 қыркүйекте №ЗТ-ІІІ-280 тіркеліп, негізінен қаралу үшін Қазалы ауданының әкімі М.Н.Ергешбаевқа (т.21-7-78) жолданғанын хабарлаймыз.
Қызылорда облысының әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімі.
Иә, «халықтың көзі мен құлағы»(Ахмет Байтұрсынұлы) болған газет бетінде көтерілген мәселелер билік өкілдерінің назарына түсіп, оң шешімін тауып жатқаны бір ғанибет. Сондықтан Қызылорда облысы басшылығының газетіміз көтерген мәселеге оң көзбен қарауы мемлекетіміз тарихына құрмет деп түсінеміз. Алайда Қазалы ауданы әкімі орынбасарынан келген хат біз көтерген мәселенің толық шешімін табуына біраз уақыт керектігін көрсеткендей. Хатта былай делінген:
Сіздің Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевқа жазған 2018 жылғы 13 қыркүйектегі №296 санды қатынасыңызбен, «Арықбалық» шайқасында шейіт кеткен бабаларға арнап ескерткіш орнату, оған тағзым ету және басқа да мәселеңізге байланысты төмендегіні білдіремін.
«Арықбалық» шайқасында шейіт кеткен бабаларға ескерткіш орнату үшін алдымен оның жер телімі, содан кейін қаржы мәселесі, нобайлық сызбасы дайындалуы қажет. Ескерткіштің жоба – сметалық құжатын дайындау үшін жергілікті бюджеттен немесе демеушілік есебінен қаржы мәселесі шешілген жағдайда «Облыста жаңа ескерткіштерді орнатуды реттеу және тарихи-мәдени мұра объектілерін тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану, сондай-ақ оларды мәртебесінен айыру туралы қорытынды әзірлейтін облыстық комиссия» отырысына ұсынылады.
Берілген жауапқа қанағаттанбаған жағдайда, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес қабылданған шешімге келіспесеңіз, үш айдан кешіктірмей жоғары тұрған лауазымды тұлғаға немесе тікелей сотқа шағым жасауға құқығыңыздың бар екенін назарыңызға саламын.
Аудан әкімінің орынбасары Ә.Жарылқағанов.
Әрине, барлық мәселе бір күнде шешіле салмайды. Оның жоғарыдағы хатта көрсетілгендей, «қаржы мәселесі шешілген жағдайда» ғана іске асатынын білеміз. Десек те, еліміздің өзге өңірлері сияқты барлық саладан дамып келе жатқан Қазалы ауданын сәулеттендіру мен абаттандыру ісінде біз тарапымыздан болған ұсыныстың елеусіз қалмауын, мемлекет тарихын ардақтап, оны жас ұрпақтың мақтанышы ету жолындағы жоспарлы істердің қатарында іске асуын қалар едік.
«Túrkistan» газетінің редакциясы