Жаңалықтар

Заманауи мектептер салынатын болады

ашық дереккөзі

Заманауи мектептер салынатын болады

Жаңадан сайланған сенаторлар Дархан Сатыбалды мен Нұрлан Бекназаров Шымкентте халықпен алғашқы кездесулерін өткізді. Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесу өткізген сенаторлар Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын жан-жақты талқылады. Д.Сатыбалды Елбасының Жолдауда білім саласына баса назар аударғанын атап өтті. Алдағы уақытта Шымкентте заманауи үлгідегі мектептер салынатын болады. «Бізде мектеп жетіспейді, балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Елбасы осыны қадап айтты. Ендігі жерде мектеп құрылыстарына қаражат бөлінетін болады», – деді сенатор. Депутат «Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының тиімді болғанын айта келіп, «дегенмен кәсіпкерлер әлі де қолдауды қажет етеді. Осы мәселені Үкімет қарауына енгізуді жөн санаймыз», – деді. Кездесуге қатысушылар Елбасының әлеуметтік бастамаларын бірауыздан қолдайтындарын білдірді. Сапар барысында депутаттар Елбасының Жолдауы талқыланған аудан басшыларының жиналысына да қатысты. Мұнда өңірдің көкейкесті мәселелері көтеріліп, оны дамыту туралы айтылды. Сенаторлар, сондай-ақ, Шымкент қаласының жоғары оқу орындарының студенттерімен де кездесті. «Президент алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялауды тапсырды. Демек, жастарға үлкен қолдау жасалатын болады», – деді Д.Сатыбалды. Кездесуде қатысушылар тарапынан қойылған сауалдар қатарында жастар арасындағы кәсіпкерлік, студенттерге арналған жатақхана салу және талантты жастарды қолдау мәселелері болды.