Түркістандықтар қала күнін атап өтті 

Түркістандықтар қала күнін атап өтті 

Түркістандықтар қала күнін атап өтті 
ашық дереккөзі
Түркістанда «Қала күні» мерекесі аталып өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады. Аймақ басшысы қаланың облыс орталығы мәртебесін алып, тарихи шаһар жаңа сипатта дами түскенін айрықша атап өтті. – Елбасымыздың Түркістанды облыс орталығы деп әйгілеуі бекер емес. Бұл қаланы түркі әлемінің рухани, мәдени орталығы ету – алға қойған басты мақсатымыздың бірі. Өйткені мұнда өткеннен сыр шертетін түркітілдес халықтарға ортақ мәдени мұралар мен тарихи ескерткіштер орын тепкен. Сондай-ақ, біздің рухымыз бен беделімізді асқақтатып тұрған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің орны бір төбе. Себебі қазақ тарихында өшпес із қалдырған 21 хан, 19 би, 52 батыр, 8 сұлтан мәңгілік мекенін осы киелі топырақтан тапты. Барлығы біздің осылай бақытты өмір сүруімізге өлшеусіз үлес қосқан асыл тұлғалар. Ендеше, біз бейбіт заманда ата-баба аманатына адалдық танытып, туған өлкемізді түлетуге барлығымыз атсалысуымыз қажет, – деді Жансейіт Қансейітұлы. – Мерекелік жиында қаланың экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан 11 адамға Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілді. 12 адам Түркістан қаласының дамуына сіңірген еңбегі үшін төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ, өңіріміздің танымал өнерпаздары жиналған көпшілікке ән мен жырдан шашу шашты. – Халықаралық түркі әлемінің форумына Түркия, Үндістан, Өзбекстан, Болгария, Иран, Ресей, Дағыстаннан келген әдебиетшілер мен ақын-жазушылар «Қала күніне» арналған мерекелік шараға арнайы қатысты. Айтулы шарадан соң, өңір басшысы мәртебелі меймандарды жеке қабылдап, түбі бір тарихы ортақ бауырлас елдер арасындағы ғылым мен мәдениет саласындағы өзара байланыстарды нығайту жайында пікір алмасты.

Сейітхан Зеберханұлы