Жаңалықтар

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

ашық дереккөзі

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында нақты жоспарлар түзіліп, жұмыстар атқарыла бас­тады. Мәселен, келер жылы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталатын қаржы көлемі ұлғаймақ. Мұны Қаржы министрі Әлихан Смайылов Жамбыл облысына жасаған сапары барысында мәлімдеген болатын. Келесі жылы Жолдаудағы басымдықтарды орындау мақсатында ел қазынасынан 1 трлн 288 млрд теңге қарастырылып отыр. 1 қаңтардан бастап жалақы 9 пайызға өседі. Осыған орай, жалақыны көбейтуге 288 млрд теңге бөлінбек. Өңдеуші өнеркәсіпті және экспортты дамытуға 3 жылдың ішінде 500 млрд-тан астам қаражат бағытталады. Нәтижесінде 405 млрд теңге көлемінде экспорттық түсім өсіп, салық түсімдері 25 млрд теңгеге ұлғаяды. Шағын және орта бизнесті дамытуға жыл сайын қосымша 30 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл – 4000-ға жуық жаңа жобаны қаржыландыру деген сөз, нәтижесінде 13 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 2,5 трлн теңгеге өнім шығаруға мүмкіндік береді. «Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 3 жылға 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл ретте етті мал шаруашылығы, сүт саласы мен өсімдік шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаларды қаржыландыруға әр жыл сайын 30 млрд теңге қарастырылады», – деді министр. Халықты баспанамен қамту мәселесіне де ерекше мән берілуде. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешуге, білім мекемелері тапшы өңірлерге мектептер салу үшін бюджеттен 50 млрд теңге бөлінеді. Қаржы министрлігі 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистия жүргізеді. Мәліметтерге сүйенсек, елімізде 90 мың шағын және орта бизнес субъектілерінің 294 млрд теңге сомасында мемлекет алдында өтелмеген берешегі бар. Министр 2019 жылдың соңына дейін 178 млрд теңге негізгі борышты өтеген жағдайда ғана 117 млрд теңгені құрайтын өсімпұл мен айыппұлдың кешірілетіндігін жеткізді. Жамбыл облысында да көп жылдан бері шешімін күткен мәселелер баршылық. Қазір атқарушы билік жоғарыға алақан жаймай, жергілікті жерде шешуге болатын түйткілдерімен айналысып жатыр. «Су құбырлары бар ауылдардағы, сағатпен су ішіп отырған елді мекендердегі жағдайды жақсарту үшін бірыңғай оператор құрып отырмыз. Бұл жұмыс Қызылордада жолға қойылды. Оң нәтиже бар. Бұл тәжірибені Жамбыл облысына да енгізе отырып, түйткілді шешкелі отырмыз. Бірыңғай оператордың есебінен ақшаны реттеуге, оңтайландыруға болады. Сөйтіп, 65 елді мекеннің түйткілін оператордың есебінен шешкелі отырмыз. Бір оператор болған соң тек қана бюджеттен ақша сұрау емес, халық­аралық қаржы институттарынан қаржы тарта отырып, мәселені шешуді қарастырып жатырмыз», – дейді Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов. Актив жиынында өңірдің әл-ауқатын көтеруді көздейтін бірқатар ұсыныстар да айтылды. Қазіргі уақытта жамбылдықтар Елбасы Жолдауындағы міндеттерді жұмыла жүзеге асыруда. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы әдеттегідей елдің еңсесін көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталды. Онда ең төменгі жалақы мөлшері көбейтіліп, ел экономикасының одан ары дамуына жағдай жасау қарастырылып отыр. Жастарға серпін беріп, кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге қолдау да мейлінше арттырылмақ. Сондай-ақ, Жолдауда білім саласына басымдық беріліп, педагогтар мәртебесін арттыруға ерекше назар аударылғаны белгілі. Ол үшін саладағы барлық мәселелер егжей-тегжейлі қамтылған заңнама жасалмақ. Өзге өңірлермен салыстырғанда Жамбыл облысының білім көрсеткіші көпке үлгі боларлықтай. Мәселен, еліміз бойынша балабақшамен қамту 95 пайызды құраса, Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 91 пайызға жеткен. Балалардың қауіпсіздігі басты орынға қойылып, мектептер 90 пайыз, ал мектепке дейінгі мекемелер 78 пайыз бейнебақылаумен жабдықталған.