Пара беріп, пара алған...
Пара беріп, пара алған...
Жемқорлыққа жол жоқ. Дәл осылай ұрандатып келе жатқанымызға талай жылдың жүзі болды. Тәуелсіздік жылдарында жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың алдын алуға, онымен күресуге бағытталған талай жоба қолға алынды. Бірақ мұның бірі де жемқорлықты түбірімен жоюға мүмкіндік бере алған жоқ. Өкінішке қарай, елімізде пара алуға да, пара беруге де құмарлар саны азаймай отыр. Бұл сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларының әлсіз жүргізілуінен бе? Әлде адалдықтан аттаудан қаймықпайтын кейбір лауазымды азаматтардың мемлекеттік мүддеге қарсы жұмыс істеуінен бе?
Елші қалай қаржы жымқырды?
Өткен аптада Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ерік Өтембаев «ірі көлемде қаржы жымқырды» деген күдікке ілінді. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұсынған дерекке сүйенсек, Ерік Өтембаев Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің құрылысын салу кезінде заң бұзған. Заңсыз әрекет салдарынан ел бюджеті 140 млн теңге шығынға ұшырады. Және бұл жемқорлық әрекетке барғаны үшін айыпталған шенділердің алғашқысы емес. Бүгінге дейін елімізде сыбайлас жемқорлықпен қолға түскен мемлекеттік қызметтегілердің саны аз болған жоқ. Мәселен, 2018 жылдың басынан бері Қызылорда облысында 6 әкім сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған. «Жыл басынан бері облыста 6 кент және ауылдық округ әкімдері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған. Оның ішінде, 3 ауыл әкімі пара алғаны үшін, қалған 3-еуі қызметтік жалғандық үшін жауапкершілікке тартылды. Нақты айтқанда, Қазалы ауданының Басығара ауылдық округі, Шиелі ауданының Гигант ауылдық округі және Қызылорда қаласының Белкөл кенті әкімдері жер телімдерін беру үшін пара алған болса, Арал ауданының Жақсықылыш кенті және Жаңақорған ауданының Шалқия мен Төменарық елді мекендерінің әкімдері қызметтік жалғандық жасаған», –деген мәлімдеме жасаған еді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Б.Ниязов. Ал Маңғыстау облысында соңғы 2 жыл ішінде 211 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркеліп, қазынаға 960 млн теңге залал келген. Биылғы жылдың алғашқы 9 айының өзінде аймақта әртүрлі саладағы 92 қызметкердің қылмысы әшкереленген. Оның 10-ы облыстық деңгейдегі басшылар болса, 24-і әртүрлі деңгейдегі қызметтегі мамандар. Сотқа 183 қылмыстық іс жолданып, 48-і сотталды. Анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстары ішінде 91-і пара алу бойынша, алаяқтық – 54, бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша – 40, өкілеттілігін асыра пайдалану бойынша – 23 іс тіркелді. Мемлекет ұсынған лауазымдық дәрежесін қара басының мүддесіне пайдаланып, осындай қылмысқа баратындарға қайтсек тосқауыл бола аламыз? Жыл сайын осы тектес мыңдаған адам жемқорлық қылмыстары үшін жауапқа тартылуда. Алайда жемқорларды жауапқа тарту өзгелерге сабақ болатын түрі байқалмайды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми дерегі бойынша, өткен жылы жемқорлық қылмысының басым бөлігін әкімдік, ішкі істер органдары мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасапты. «Өткен жылы жемқорлық сипаттағы 1835 заң бұзушылық тіркелді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 18 пайызға аз. Бұған, ең алдымен, ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері мен жүйелі жемқорлыққа баса назар аудару септігін тигізді. Бұл жұмыста агенттік пен азаматтық қоғамның атқарған рөлі өте зор. Үйлесімді жұмыстың нәтижесінде 108 жүйелі жемқорлық фактісінің жолы кесілді, ол бойынша 320 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Өңірлер арасында мұндай фактілер Алматы, Қызылорда, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында көп тіркелді», – деген болатын жыл басында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев. Әрине, агенттік төрағасы айтқандай жемқорлық фактілерінің азайғаны көңіл қуантады. Бірақ бұл сандық деректерге қаншалықты сенім артуға болады? Қазақ халқы әу бастан ұрпағын «біреудің ала жібін аттама» деп тәрбиелейтін емес пе еді? Ал өздері әділдіктің ақ жолынан аттап, мемлекет қазынасына айтарлықтай шығын келтіріп жатқан жемқорлар ұл-қызына нені өсиет етпек? Заңсыз жолмен жинаған байлығын ба? Әлде жасаған қылмысы мен «жемқор» деген атағын ба?жемқорлық жиі тіркелетін сала
Жемқорлық қылмысының ең көп таралған түрі – парақорлық, ақша жымқыру және қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану. Республикалық деңгейдегі – 19, облыстық деңгейдегі – 98, қалалық және аудандық деңгейдегі 152 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қылмыстың денін әкімдіктер, ішкі істер органдары мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған. Жемқорлықтың жоғары деңгейі білім, ауыл шаруашылығы, құрылыс және денсаулық сақтау саласында сақталып тұр. Мұның бәрі мемлекеттік органдар мен мекеме басшыларының көп жағдайда жемқорлық тәуекелдерін жоюға немқұрайлылық танытуынан немесе жағдайды өзгертуге қауқарсыздығынан болады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы жер қатынастары саласында 150 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталған. Бұл сала әлі де еліміздегі жемқорлық фактілері жиі тіркелетін салалардың бірі. 2018 жылдың мамыр айындағы деректерге иек артсақ, аталмыш саладағы заң бұзушылықтар бойынша Маңғыстау (50 қылмыс), Жамбыл (42 қылмыс) және Павлодар (22 қылмыс) облыстары көш бастап тұр. Көбінесе пара алу, алаяқтық жасау, жер телімдерін беруде қызметтік лауазымды асыра пайдалану фактілері жиі тіркеледі. Қазақстандық кәсіпкерлер тиісті орындарға жер қатынастарына қатысты мәселелер бойынша жиі шағымданады. Сол себепті аталған саладағы жағдайды зерттеу мақсатында арнайы сараптамалық топ құрылған. Ал «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген. 2017 жылы жүргізілген зерттеу қорытындысына сәйкес, жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық үлесі салық салу, кедендік әкімшілендіру, мемлекеттік сатып алу салаларынан да асып түскен екен. Ал «Нұр Отан» партиясы жыл сайын жүргізетін «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау ұлттық индексі» қорытындысы бойынша жер қатынастары елімізде сыбайлас жемқорлық белгілері ең көп тіркелетін бес саланың бірі деп танылған. Әлеуметтік зерттеуге сүйенсек, жер телімдерін бөлуде негізінен үш жағдайда сыбайлас жемқорлыққа жол беріледі екен. Атап айтқанда, рұқсат қағаздарын беруден бас тартқанда (29,7 пайыз) көмекке сыбайлас жемқорлық келеді. Сондай-ақ, бизнес жүргізу үшін жер телімін бөлгенде (29,7 пайыз) лауазымды тұлғалар кәсіпкерлерден әлденені дәметеді екен. Бұдан бөлек, жер комиссиясы оң шешім шығаруы үшін де (28,1 пайыз) тамыр-танысты араға салып, пара беруге тура келеді. Маңғыстау облысында да жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметшілер пара алу бойынша алда. Мәселен, сыбайлас жемқорлық бойынша 58 факт осы секторда тіркелген. Екінші орында мемлекеттік сатып алу бойынша 29 іс есепке алынған. Сондай-ақ, әлеуметтік қорғау және қамту саласында – 22, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында 13 іс тіркелді. Мысалы, білім саласында жұмысқа орналасу үшін заңсыз қаржылай сыйлық алғаны үшін басшыға соттың шешімімен 1 млн 50 мың теңге айыппұл салынған. Бұрынғы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы мен орталық су құбыры жүйесінің директорына қарсы пара алу фактісі бойынша іс қозғалған. Олар қазынадан «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында субсидия ретінде бөлінген қаражаттан 50 млн теңге жымқырды деген айыппен, 5 және 6 жылға бостандығына шектеу қойылған. Соңғы уақытта дәл осы ауыл шаруашылығы саласында да парақорлық деректері артуда. Сөйтіп, бұл саланы да соңғы жылдары жемқорлық жайлап, тынысын тарылта бастады. Шенеуніктер, әсіресе, тендерлерді ұйымдастыру мен субсидияларды бөлу кезінде түрлі қаржылық қитұрқы әрекеттерге барады. Мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаржы осылайша шаруаларға жетпей, орта жолда-ақ талан-таражға түседі. Мәселен, Павлодар облысындағы Фитосанитария мекемесінің директоры мемлекеттік сатып алулар кезінде жалған құжаттар жасап, қаржы жымқырғаны үшін ұсталды. Ал Баянауыл ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары 100 қарағай ағашын ұрлап, мемлекетке 2,5 млн теңге зиян келтірген.текетірес және өнімсіз күрес
Жемқорлықтың жегі құрт екенін айта-айта, қазақтың жағы талды. Қазір сол жегі құртты жеңіп, Дания, Жаңа Зеландия, Финляндия, Швеция елдері дамыған мемлекетке айналды. Олармен экономика жағынан теңесуге бізге әлі ерте болғанымен, пара алып, пара беру жағынан олардан «озып» тұрмыз. Сондықтан экономиканың әлеуетін арттыру үшін ең алдымен қазақ қоғамы дендеген осы бір дерттен айығуы керек. Онсыз дамудың даңғыл жолына түсеміз деу – бос әурешілік. Өйткені жемқорлық жойылмай, азаматтық қоғам алға баспайды. Ел билігі парақорлықпен бар пәрменімен күресіп-ақ келеді. Бірақ нәтиже шамалы. Біздің елдегі жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары әлі де жалғаса берері даусыз. Ал әлем елдері бұл дертке қалай тосқауыл қойды? Мысалы, Сингапурде парақорлық дерегі үшін айыпталған қызметшінің кінәсі дәлелденсе, оған 100 мың сингапур доллары көлемінде айыппұл салынып, дүние-мүлкін тәркілеп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Сингапурде құрылған Сыбайлас жемқорлықты тергеу бюросы дербес мемлекеттік орган ретінде тек премьер-министрге ғана бағынады. Соңғы бес жылдың ішінде алдыңғы қатардан көрінген Дания өз елінде сыбайлас жемқорлықпен күресетін бір емес, бірнеше ұйымдар құрған. Данияның халықаралық даму агенттігі, Экспорттық операцияларды несиелеу агенттігі, Дания өнеркәсібінің конфедерациясы, Сауда кеңесі секілді ұйымдар осы елдегі «Халықаралық даму агенттігі» қауымдастығының құрамына енеді. Қауымдастық мүшелері өз келісімшарттарына сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік туралы ережелерді енгізу арқылы халықаралық деңгейдегі сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шауып қана қоймай, өз еліндегі парақорлыққа төзбеушілік саясатын жүргізеді. Ал Финляндияда сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізудің арнайы моделі жоқ. Ең бастысы, бұл елде биліктің ашықтығы мен жариялылығы, мемлекеттік әкімшілікте заңдылықты қамтамасыз ету, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі мен парасаттылығы заң жүзінде бекітілген. «Мемлекеттік қызмет туралы» заң нормалары бойынша фин шенеуніктеріне түрлі сыйлықтар алуға, өзге адамдардың есебінен көңіл көтеруге тыйым салынады. АҚШ-та парамен ұсталған кез келген тұлғаны атақ-даңқына, лауазымына, әлеуметтік жағдайына қарамастан ауыр жаза күтеді. Мысалы, АҚШ тарихындағы ең үлкен қаржылық пирамида – Nasdaq фонд биржасын құрған Бернард Мейдофф инвесторлардың 50 миллиард долларын қымқырғаны үшін екі бірдей өмір бойғы абақты мерзіміне бас бостандығынан айырылды. Ол темір тордың ар жағында 150 жыл өткізуі тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуде Қазақстан да жемқорлық әрекетке барғандарды қатаң жазаға тартуды қолға алса, іс алға басар еді. P.S. Қазақтың мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың есімі көзіқарақты оқырманға жақсы таныс. Нұртас Дәндібайұлының: «Біріншіден, қанша жыл қолымда билік болса да, біреуден бір тиын да пара алмадым – Қолым таза! Екіншіден, үштіктің бірі болып, біреудің сыртынан қол қойған емеспін, яғни ешкімнің қаны мойнымда жоқ – Арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген де, тіптен ешкімнің ешқашан жүзін сұраған да емеспін – Жүзім таза!», – деген даналығы ел есінде. Саналы ғұмырында ешкімнің ала жібін аттамаған азаматтың үш тазалық туралы айтқан даналық ойы бүгінгілерге сабақ болса, игі.