Алматы стансасын айналып өтетін теміржол салынады

Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісінің құрылыс жобасына конкурс жарияланады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ұзындығы 73,7 шақырымды құрайтын Алматы стансасын айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы басталады.

«Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісінің құрылыс жобасы бойынша осы айдың соңында ең жақсы техникалық ұсыныстарды анықтауға конкурс жарияланады. Жалпы жоба Алматы стансасын 40 пайызға жеңілдетуге және сол арқылы транзитпен жүретін жүктерді тасымалдау мерзімін 2 тәулікке қысқартуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік іс-әрекетінің мерзімі – 30 жыл», – деді Жеңіс Қасымбек.

Министр «Алматы-Қорғас» автомобиль жолы учаскесіндегі «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінің инфрақұрылымын салу жұмысы да мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында жүргізілгендігін айтты.

«27-ші қыркүйекте «Нұр жолы» өткізу пункті ресми іске қосылды. Ескі «Қорғас» өткізу пунктімен салыстырғанда  Қазақстан мен Қытай арасындағы «Нұр жолының» өткізу мүмкіндігі 10 есеге ұлғайды. Яғни, тәулігіне 2500 автокөлік құралдарына дейін жетеді. Қазіргі уақытта жеке серіктес 2026 жылға дейін пайдалануға жұмысына кірісті», – деді ол.

Back to top button