Талғат Ермегияевке қамқорлық жасаған Астанадағы колония басшысы 3 жылға сотталды

Сот Талғат Ермегияевтің ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соттың шешімімен Астанадағы колонияның бұрынғы басшысы Нұрлан Әбен үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

«Сот  Әбен Нұрлан Сапарұлын Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағында (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылыққа жол бергені үшін кінәлі деп танып, мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органында, ҚР Ұлттық банкінде және оған қарасты ведомстволарда, мемлекеттің жарғылық капиталы 5 пайызды құрайтын мемлекеттік ұйымдарда, сонымен бірге ұлттық басқару холдингтерінде, ұлттық компаниялар мен ұлттық даму институттарында, оған қарасты ұйымдарда еңбек ету құқығынан айыра отырып, оны 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды», – деді Астана қаласының Байқоңыр аудандық №2 сотының судьясы Айжан Күлбаева.

Бұрынғы колония басшысы жазасын қауіпсіздігі минималды жазасын өтеу мекемесінде өтейтін болады. Сонымен бірге, Әбен полковник шенінен айырылды. Оның жазасы 2017 жылдың 20 желтоқсанынан басталып есептеледі.

Колония бастығының бұрынғы орынбасары Талғат Мұсаев та жазадан құтылған жоқ. Ол екі жылға түрмеге қамалды.

Сондай-ақ, сот Н.Әбен мен Т.Мұсаевты сараптама өндірісіне жұмсалған 650 143 теңгелік (екеуі де осы сомадан) процессуалдық шығынды өтеуге міндеттеді.

Еске сала кетсек, өткен жылы Ұлттық бюро сотталушы Т.Ермегияевтің жазасын жайлы жағдайда өткізуіне мүмкіндік жасаған ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінің бастығы, әділет полковнигі Н.Әбен мен оның орынбасары, әділет майоры Т.Мұсаев сот санциясымен ұсталып, тұтқынға алынғанын жария еткен болатын.

Back to top button