Орбұлақ шайқасы – ата тарихымыз тұлпар тұяғымен жазылғанына нақты дәлел

Орбұлақ шайқасы – ата тарихымыз тұлпар тұяғымен жазылғанына нақты дәлел

Орбұлақ шайқасы – ата тарихымыз тұлпар тұяғымен жазылғанына нақты дәлел
ашық дереккөзі

Қалың қолдан ықпай, дұшпанға қарсы атойлай шапқан батыр бабалардың рухы риза шығар. Талдықорғандағы «Орбұлақ шайқасы» аталатын қойылым талай қазақтың бойындағы ұлттық намысты жанып, ұлттық рухты күшейтті. Патриоттық сезімді нығайтуға сеп болатын бұл шарада қазақы құндылықтар айрықша ұлықталды. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы шеңберіндегі салтанатты шарадан жиылған жұрт ерекше әсермен қайтты.

Ата жауға қарағанда, анағұрлым аз әскермен шайқасқа қойып кеткен Жәңгір ханның Орбұлақтағы ерлігі ұлы жеңістердің біріне айналды. Өткен аптада Талдықорған қаласында Алматы облысы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Орбұлақ шайқасының» тарихи қойылымы – бабалар ерлігінің бүгінгі ұрпақ санасында қайта жаңғыруы. Салтанатты шараның ашылуында Алматы облысының әкімі А.Батталов биыл Қазақстанда саяси маңызды мерекелер мен мерейтойларға толы болғанын және Қазақ хандығының 550 жылдығы ең айтулы оқиғалардың бірі болғанына тоқталды: «Ғасырлар қойнауынан ата тарихымыз үн қатып, ұлттық, елдік, азаматтық санамызды, рухымызды көтеруде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астана төрінде өткен тарихи шарада: «Бүгінгі той – ең алдымен, Қазақ хандығының 550 жылдық тойы. Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек. Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен Алаш жұртының қаһармандық дәуірі. Бізге бабалар тұлпарының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы – ерекше қымбат. Қазақтың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады».

Таудың етегінде, табиғи декорациямен қойылған қойылымның әсері мықты. Әсіресе, жастар мен өскелең ұрпақ бойындағы патриоттық сезімді шыңдауда теңдессіз. Жау әскерінің өртке орануы, ұрыс алаңында шұрқырасқан аттардың омақаса құлауы, бейғам жатқан қазақ ауылына басқыншылардың шабуылы, құндақтағы сәбиді найзаның ұшына іліп, ес біліп қалған бала мен әйелді тұтқынға алуы, ойрандалып, шаңырағы ортасына түскен ауыл, өртенген киіз үйлер... Ал көк байрақты желбіретіп, жауға қарсы шапқан қалың қолды көргенде көрерменде рух пайда болды. Түтін салу, атыс-шабыста көркем фильмнің элементтері де өте әсерлі шыққан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта Орбұлақ шайқасы туралы көркем дүние жарыққа шығады. «Бетегелі белімізге, жусанды дархан даламызға көршілеріміз қашанда көз тіккен. Оның басты себебі жазы – жайлау, ойы – қыстау, құтты қонысымыз  арқылы стратегиялық маңызы бар – Ұлы Жібек жолының өтуі. Елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Жетісу жерінде де сан шайқастар өтті. Елім, жерім, халқым деп жаны күйзеліп, елінің ертеңіне алаңдап, бабаларымыз бірлікке ұмтылды, намысқа шапты. Ұлтының ұйытқысы болған хандар, қол бастаған батырлар, дуалы ауыз шешендер, билер тарих сахнасына шықты. Бұланты, Білеуті, Шұбартеңіз, Аягөз, Түркістан, Аңырақайда өткен шайқастарда қазақ халқы шынығып, шыңдалды, бірлігі нығайды. Сондай ерекше оқиғаның бірі, елдік пен ерлік сынға түскен – Орбұлақ шайқасы», – деп мәлімдеген Амандық Батталов жиылған қауым мен қойылымды ұйымдастырушыларға, қиян-кескі ұрыста жоңғарлар мен қазақтардың рөлін сомдаған актерлерге, әсіресе, каскадерлерге алғысын білдірді: «Әлемдік соғыс өнерінің жылнамасына енуге лайық «Орбұлақ шайқасында» 600 қазақ сарбазы 50 мың жоңғар әскеріне лайықты тойтарыс берді. Аз ғана қолдың 50 мың адамды жеңуі бізге аңыз секілді көрінгенімен, шындық солай. Жеңіске жету үшін Жәңгір хан қолданған тактиканың бірі – соғыс жағдайында, түтінмен  улау, улы жебемен ату амалдары да қолданылған. Шайқаста Самарқаннан Жалаңтөс батырдың  20 мың сарбазы көмекке келген соң, 10 мың басқыншының көзін жойды. Жәңгір ханның қасында Жалаңтөс батырмен бірге  қазақтың ержүрек, дарабоз батырлары болды. Атап айтар болсақ, Қарасай, Ағынтай, Қомпай, Көксерек, Бөдес, Жиембет, Сарбұқа, Елтінді, Жақсығұл т.б.  Батырлар есімі – болашақ ұрпаққа үлгі. Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – Қазақ хандығының құрылу тарихын жас ұрпаққа жеткізу, олардың патриоттық сезімін қалыптастыру. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген дана халқымыздың дәстүріне адал болсақ, сонда ғана халқымыз өркениет көшінен қалмай, әлемдік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын алары хақ».

Талдықорғандағы қалалық ипподромда «Орбұлақ шайқасының» тарихи қойылымынан бұрын жиылған қауым садақ ату мен жамбы атудан «Алтын жебе» турнирі; ұлттық спорттық ойындардың турнирі (қазақша күрес, бұқа тартыс, асық ату, қол күрес); кәуап және күріш, бауырсақпати және қымызбар фестивалі; қазақтың ұлттық әшекей бұйымдары мен қол өнер шеберлерінің көрмесі және жәрмеңкесі (киіз, тері, жүн және т.б); қазақ мұрасы аң аулау өнерінің көрмесін, атап айтқанда, аңшылық құстар мен иттер, бал-бал тастар, алтыбақан, батырлар қақпасы, этникалық стильдегі сән шеруі, қазіргі заманғы әскер жауынгерлерінің көрсетілімін тамашалады. Ал қойылымнан кейін этникалық ән концерті ұйымдастырылды.

Алматы облысы Жастар саясаты басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев өз сөзінде: «Қазақ хандығының  550 жылдығы туралы Елбасының жарғысынан кейін-ақ, «Орбұлақ»  шайқасына қатысты қойылымның бағдарламасын облыстық әкімдікке ұсынған болатынбыз. Бағдарлама мақұлданып, өздеріңіз тамашалған аспан астындағы қойылым жүзеге асты. Бұл жобаның бюджеті 50 млн. теңге көлемінде. Қаражаттың негізгі бөлігі декорация мен актерлердің ақысына жұмсалды. Осы орайда, біз Талдықорғандағы әскерилерге және қарапайым ауыл тұрғындарына қойылымға көмектескені үшін алғыс айтамыз. Жобаға дайындалу барысында тарихшылармен, қаламгерлермен кеңестік. Тек қана адам емес, мұнда аттар да қатысатын болғандықтан дайындық өте қызу жүрді.  Бұл тәжірибеден кейін, жастарымыздың рухани тұрғыда бай, жігерлі, өз Отанын сүйетін азамат болып қалыптасуына арналған осындай ұлттық идеологиялық жобаларды  ұйымдастыруға толық мүмкіндігіміз жететінін байқадық. Әрі көрермен ретінде мектеп қабырғасындағы балаларды да шақырғымыз келген. Алайда, қойылым барысында аттарды көп пайдаланатындықтан, балалардың жеке бас қауіпсіздігіне қатер төнуі, яғни, жарақат алып қалуы мүмкін болғандықтан, ойымыздан айнып қалдық. Әйтпесе, бүгінгі Орбұлақ шайқасы туралы қойылым – патриоттық тәрбиенің таптырмас құралы», – деді.