Жаңа заң көші-қонға қарқын бере ме?
Жаңа заң көші-қонға қарқын бере ме?
Сонымен, Мәжіліс 1,5 жыл бойына жыр болған көші-қонға қатысты заңнаманың алғашқы жобасын 1-оқылымда мақұлдап, бұған дейін көңілі күпті болған қандастарымыздың бір жеңіл тыныстауына мүмкіндік берді.
Қыркүйек айының соңғы күндері Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын 1-оқылымда мақұлданды.
Бұл Заң жобасы бойынша Қазақстаннан тыс елдерде өмір сүретін этникалық қазақтар Атажұртына оралғаннан кейін, «оралман мәртебесіне» еш кедергісіз қол жеткізе алады. Сондай-ақ, Қазақстанның барлық өңірлерінде қоныстануға ниет білдірген қандастарымыздан төлем қабілеті туралы анықтама талап етілмейді. Сол секілді соңғы үш жылда қандастарымызды сергелдеңге түсірген «тұрақты тіркеуден шығып келу» туралы талап та алынып тасталған. Оралмандардың көңілін күпті қылып отырған бір бап «Сотталмағаны туралы анықтаманы талап ету». Өйткені Қытайдан оралған қандастарымызға сотталғандығы жайлы ақпараты расталса, шетелге шығу құжатын бермейді екен. Бұл өз кезегінде қандастарымызды біраз әуреге салуы мүмкін. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға арнайы сауал жолдаған депутат Меруерт Қазбековаға министр ханым мұндай тәжірибенің әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдерінің біразында бар екендігімен түсіндірді.
Егер бұл Заң жобасы осы мақұлданған бойынша қабылданатын болса, оралмандар азаматтық алуын бұрынғыдай 4 жыл бойы күтпейді, сол секілді Үкімет белгілеген 7 өңірге (Атырау, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстары) ат басын бұрған этникалық қазақтарға арналған арнайы жеңілдік пакеті қарастырылған. Оралман аталған өңірлерде 5 жыл бойына тұрақтап қалатын болса, олардың шетелден Қазақстан аумағына көшіп келу шығыны, бір жолғы жәрдемақы төлеу қарастырылып, қызметтік пәтер немесе жатақханадан орын беру мәселелері, жұмыс тауып беру сияқты толғақты түйткілдерін шешу де ұсынылып отыр. Егер осы өңірлерге қоныстанған соң, аталған жеңілдіктерге қол жеткізіп алғаннан кейін 5 жылдың ішінде оралман өзге өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірсе немесе азаматтықтан бас тартса, онда көрсетілген жеңілдіктер қайтарылады.
Естеріңізде болса, 2013 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, шетелден келетін қазақтарға арналған көші-қон квотасы алынып тасталған болатын. 2010 жылдан олардың Қазақстан аумағында тіркелуі қиындап, азаматтықты алу былай тұрсын, ықтияр хатқа қол жеткізудің өзі қиямет қайымға айналып еді. Сондай-ақ, оралмандарға азаматтық беру мәселесі де 4 жылға дейін созылған болатын. Содан бері Қазақстанға оралған ондаған мың қазақтың тұрақты тіркеуге тұру, азаматтық алу мәселесі күн тәртібіне шығып еді. Қазір аталған заңның тезірек қабылдануын күткен қазақтар енді оны Мәжілістің 2-оқылымынан өтіп, Сенатқа баруын, сосын Елбасының қол қоюын күтеді. Заң мәтіні баспасөзде жарияланғаннан кейін 10 күнде күшіне енетін болады. Тек осы күнге Алла тезірек жеткізсе деп тілейміз.