Объективте – мың бояулы қала

Объективте – мың бояулы қала

Объективте – мың бояулы қала
ашық дереккөзі
Өткен аптада Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында «Вечерний Алматы» газетінің 50 жылдығына және «Алматы ақшамы» газетінің 30 жылдығына арналған «30 жылдың 30 сәті» атты фотокөрме ашылды. Көрмеде редакцияның қызметкерлерімен қатар, штаттан тыс фототілшілердің де сексеннен астам жұмысы қойылды. Олардың қатарында – Вячеслав Коморский, газеттің фототілшісі Қайрат Қонысбаев, «Медеу» фотоклубының басшысы Валерий Коренчук және клубтың фотосуретшілері Ғаяз Мұхамеджанов, Владислав Елагин, Максим Золотухин, Ольга Коренчук және жарты ғасырдан астам өмірін суретке арнаған Владимир Шургаев бар. Қаланың мәдени жаңалықтары фототілшілердің назарынан тыс қалмаған. Экспозицияда Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі де алып шаһардың шығармашылық іс-шараларына арналған репортаждық фотожұмыстарын ұсынды. «Алматы ақшамы» газеті алғаш шыға бастағаннан бері қала тіршілігі мен қала тарихынан сыр шертіп, алып мегаполистің болашағы туралы да жұртшылықты жан-жақты хабардар етіп келеді. Басылым беттерінде жарияланған фотомұралар мен қала өмірін, тұрғындар тіршілігін бейнелейтін фотоматериалдар легі өз алдына бір әлем. Олардың әрбірі туралы жеке тоқталып, кеңінен әңгіме қозғауға болады», – деді қала тұрғындарының сүйікті газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай. Көрмеге газеттің редакциясында қызмет еткен, сондай-ақ, осы басылымдардың дамуына үлес қосқан белгілі фототілшілер – Самат Құсайынов, Шүкір Шахай, Нұрғиса Елеубеков, Жеңіс Ысқабай, Сәрсенбек Қызайбекұлы түсірген таңдаулы фотосуреттер мен газеттердің тарихынан сыр шертетін материалдар, газет қызметкерлерінің кітаптары қойылған. Фотосуретшілер объективінде – көшелер мен саябақтардың реконструкциясы, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған метрополитенді жетілдіру, БРТ желісін ашу, қазіргі Алматы пейзаждары, қалалықтардың портреттері, қала пейзаждары қойылған. Экспозицияны ұйымдастырушылар «Вечерний Алматы», «Алматы ақшамы» газеттері, Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі және «Медеу» фотоклубы. Кешке КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен қалалық мәслихат депутаттары және газеттің алғашқы оқырмандары қатысып, ару қала Алматының тарихынан сыр шертті. «Қымбатты достар, мерейтойларыңыз құтты болсын! «Алматы ақшамы» сүйікті газеттеріміздің бірі. Ең бастысы, күнделікті оқылатын газет. Әр санын қалт жібермей оқимын. Қаламыз құлпыра берсін, ал қала туралы жазатын «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы» сынды газеттерімізге тек толағай табыстар тілеймін», – деді Асанәлі Әшімов құттықтау сөзінде. Сондай-ақ, келген қонақтар қала өмірінің айнасына айналған екі газет ұжымын мерейтойларымен құттықтап, ыстық лебіздерін жеткізді. Газет шыға бастаған жылдардан бері жарияланған суреттер Алматының өткені мен бүгінін жалғап, болашақты да суреттеп тұр. Қаланың тарихымен танысам дейтін барша тұрғындар үшін аталған көрменің есігі 11 қарашаға дейін ашық болмақ.