Әскери мамандар – қорғанымыз

Әскери мамандар – қорғанымыз

Әскери мамандар – қорғанымыз
ашық дереккөзі
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты 17 жылдығын атап өтті. Салтанатты кешке генерал-майор Мүбарак Орынбеков, авиация генерал-майоры Анатолий Старыш сыйлы қонақ ретінде шақырылды. Еліміздің қорғаныс күшін нығайту мақсатында мамандарды дайындайтын әскери оқу орындары бұрын жеткіліксіз еді. Осыған байланысты зениттік-зымыранды, радиотехникалық әскерлер, радиотехникалық қамтамасыз ету бөлімдері, байланыс әскерлері мен автоматты басқару жүйесінің мамандарын дайындайтын төл әскери оқу орны керек болғаны белгілі. Осылайша, 2001 жылдың 15 қазанында Үкімет Қаулысымен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты құрылды. Қорғаныс министрінің директивасына сәйкес, әскери институттың дислокациялық орны, штаттық құрылымы мен негізгі жеке құрамның оқу-орны бекітілді. Міне, содан бері еліміздің қорғаныс саласына офицерлерді дайындау ісі жолға қойылды. Бүгінде институт қабырғасында жоғарғы кәсіби деңгейдегі профессорлық-оқытушылар құрамы қызмет атқарады. Атап айтсақ, 4 ғылым докторы, 10-нан аса ғылым кандидаты және 84 ғылым магистрлері курсанттарға сапалы білім беруде. Институттың офицерлері, сержанттары және курсанттары Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі тарапынан ұйымдастырған барлық іс-шараларға атсалысып келеді. С-125 оқу дивизионының есептік тобымен қатар, институт курсанттары «Сарышаған» мемлекеттік сынақ алаңында жауынгерлік атудан «Жауынгерлік достастық» оқу жаттығуында шеберліктерін шыңдайды. Институт бастығы, полковник Асқар Мұстабековтің айтуынша, биылдан бастап әскери институт киберқауіпсіздік бойынша мамандар дайындауды қолға алды. «Ұжымдық қауіпсіздік келісімінің ұйымы аясындағы әскери шарттарға сәйкес, Қырғызстан Республикасына әскери мамандар дайындаумен қатар келесі жылдан бастап Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларына әскери мамандарды дайындау жоспарланған», – деді ол. Мерекелік шара барысында институт бастығы, полковник Асқар Мұстабеков үздік көрсеткіштерге қол жеткізген әскери қызметшілерге кезекті әскери шендер табыс етіп, алғыс хатпен марапаттады.