Жаңалықтар

Қорғалжын сәні – қоқиқаз

ашық дереккөзі

Қорғалжын сәні – қоқиқаз

Ақмола облысының Қорғалжын ауданында 19-21 қазан аралығында «Қоқиқаз-2018» фестивалі өтеді. Фестивальдің қоқиқаз атын иеленуі тектен-тек емес. Қорғалжын – ЮНЕСКО-ның халықаралық мұра тізіміне кіретін екі қорықтың бірі. Астана қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 130 шақырым жерде, Қорғалжын шұңқырында орналасқан. Ауданы 259,9 мың гектарды құрайды, оның 198 мыңы – су айдыны. Жалпы айтқанда, қорық аумағы екі үлкен Теңіз және Қорғалжын көлінен тұрады. 1976 жылы Теңіз-Қорғалжын көлдері халықаралық маңызы бар су-томар жерлерінің Рамсар тізіміне қосылған болатын. Қорықтың биоалуандығы бірегей. Ол 374 өсімдіктен, Қазақ ұсақтөбе флорасының ширегі – 60 тұқымдастықтан және су мен жер беті жануарларының 1400-ден астам түрінен тұрады. Қорықта құстардың 346 түрі бар, олардан 126-сы – ұя салатындар. Теңіз-Қорғалжын көлдерінде құстардың су-томар кешені 112 түрден тұрады. Қорықта сүтқоректілердің 43, ихтиофаунаның 14 түрі бар. Жәндіктер толық зерттелген жоқ, тек 700 түрден астамы анықталды, бірақ олардың алуантүрлілігі 5 мыңға жетеді. Қорықтың аумағында Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктердің 60-тан астам сирек түрі белгіленді. Құстардың ішінде Қызыл кітапқа енгізілгендердің ең әдемісі – қызғылт қоқиқаз (фламинго) болып отыр. Мұнда кәдімгі қоқиқаздың ұя салу популяциясы орналасқан, оның саны кей жылдары 50-60 мың басқа жетеді. Алғаш рет 2005 жылы бастау алған байқау осымен  14-рет ұйымдастырылып отыр. Оның бесеуі республикалық деңгейде. Фестиваль аясында қолданбалы өнер шеберлері туындыларының, көркемсурет, фотосуреттер, бейне роликтер, әдеби туындылар байқауының қорытындысы  шығарылады.